Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосу барысында көктемгі дала жұмыстары мен әскерге шақыру науқанының қорытындысы қаралып, өзекті мәселелер талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірдегі көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Дегенмен, Т.Рысқұлов, Шу, Меркі, Сарысу аудандарында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспары белгіленген межеде аяқталмаған.
Аудан әкімдіктерінің соңғы ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы 611,1 мың га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 188,9 мың га жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың га көкөніс, 29,3 мың га көпжылдық шөп, 35,2 мың га майлы дақылдар, 10,8 мың га алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың га бақша дақылдары, 3,2 мың га картоп және 11,7 мың га алқапқа дәндік жүгері егілді.
Биыл 44 мың тонна тұқым дайындалып, толық себілді.
Көктемгі дала жұмыстарына 7 506 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. 9,2 мың тонна дизель отыны шаруаларға таратылды.
Бүгінгі күні 169,1 мың гектар алқапқа 42,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар (жоспар 53,3 мың тонна) енгізілді.
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы аясында 95 шаруаға несие қаражаты берілді.
Ағымдағы жылы өздігінен жүретін 491 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады. Бүгінгі таңда оның 254-і алынып, жаңару көрсеткіші 2,8 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,5 пайызға жеткізу жоспарланған.
Өткен жылы су үнемдеу технологияларының алаңы 40 мың гектарды құраған. Биыл 7 мың га су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы бұл көрсеткішті 47 мың га жеткізу жоспарлануда. Бүгінге дейін 6,3 мың га алқапқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі енгізілді.
Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және дизель отынымен қамту, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша төмен көрсеткіштер қалыптасқан аудан әкімдерінің есебін тыңдады.
- Статистикалық мәліметтер нақты әрі тұрақты бақылауда болуы керек. Болмағанды болды деуге жол берілмейді. Біз тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу қажетпіз.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласына жіті көңіл бөлгеніміз жөн. Жеміс-жидек пен көкеністен мол өнім аламыз. Бірақ, оны өңдейтін өндіріс жоқтың қасы. Бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында инвестициялық жобалар қолға алынады.
Шаруаларды тиімді қаржыландыру, ескірген техниканы жаңарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Өңірде техника тапшылығы болмау керек, – деген Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының алдына нақты міндеттер қойды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы қарастырылды. Облыс әкімі әскери борышын өтеуден жалтарғандардың заң алдындағы жауапкершілігін атап өтіп, әр аудандағы шақыру комиссиялары құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жұмысты жандандыруы қажеттігін баса айтты.
Жиын қорытындысы бойынша жауаптыларға ауыл шаруашылығы саласында жоспарланған барлық міндеттерді мерзінде іске асыру тапсырылды. Сонымен бірге қаржы институттары мен шаруа қожалықтарын өзара байланыстыру, күзгі дала жұмыстарына алдын ала дайындықты жүргізу жүктелді.