Облыс әкімінің аппараты және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп өткізілген Кадрлық комиссияның отырысында облыс әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы төрағалық етіп, комиссия мүшелері, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатыстырылды.
Өңірлік кадр резервін қалыптастырудың басты мақсаты болып талантты жастар арасынан мемлекеттік басқаруда жаңаша ойлайтын көшбасшылар мен жас басқарушылардың тобын қалыптастыру табылады.
Жамбыл облысының кадр резервіне іріктеуге жалпы 478 адам өтініш білдірген. Олардың ішінен 433 үміткер заңнаманы білуге арналған тестілеуден өтсе, жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден 224-і өткен. Кезең қорытындыларына сәйкес жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша 53 үміткер ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы Ассессмент — орталыққа құзыреттерді бағалауға жіберілді.
Бүгінгі күнге, аталып өткен іріктеу кезеңдерінің нәтижелері бойынша қорытынды кезең – «Өңірлік кадр комиссиясында құрылымдық сұхбатқа» 39 үміткер жіберілді.
Комиссия отырысында кандидаттар өңірімізді дамытуға бағытталған жобаларын ұсынып, өз идеяларының мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларын, күтілетін нәтижелерін таныстырды.
Құрылымдық сұхбаттың қорытындысы бойынша 25 үміткер өңірлік кадр резервіне іріктеліп алынатын болады.