Мемлекет басшысының елдегі қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатындағы тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру жоспарланып, тұрғын үй жалдау ақысының бір бөлігін төлеу бойынша қаржы операторы «Отбасы банк» АҚ тағайындалған. Төлемдер мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен 50% және алушылардың есебінен 50 % тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады. Көп балалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады.




«Жамбыл облысы бойынша бір шаршы метр үшін жалға алу құны 1370 теңге болып отыр. Биылға республикалық бюджеттен 2 880,7 млн теңге қаралған, ал қалған 20% жергілікті бюджеттен қарастырылады, яғни 576,1 млн. теңге. Қаржы операторы «Отбасы банк» АҚ-ның облыстық филиалында жоғарыдағы санаттарға жататын 5 800 адамның тізімі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Басқарма тарапынан қаржы қарастыруға экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолданды», — деді спикер.