Жамбылдықтардың ұлы мерекеге тартулары

Жамбылдықтардың ұлы мерекеге тартулары

 

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚP Ауылшаруашылығы министрлігімен және «ЕлАна» қоғамдық сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

 

 

Меркі ауданында 

Ауылды ұмытсақ, асыраушы саланың жағдайы кері кетеді

 

Жамбыл облысындағы экспедициямыз бұл жолы Меркі ауданында жалғасты. Аттың басын алдымен аудандық әкімдікке бұрдық. Бізді күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев кіші мәжіліс залында шағын жиын өткізіп, әкімдіктің бірқатар бөлім басшыларына экспедициямыздың мақсаты мен бағыт-бағдарын таныстырып, сапарымызға сәттілік тіледі.

Осы басқосуда сөз алған Сәуле Мешітбайқызы келген мақсатын түсіндіріп, тек өз газетінің жащылым мәселесін ғана көзеп отырмағанын жеткізді. Қоғамдағы өзекті болып отырған ұрпақ тәрбиесі, оқушыларға сапалы білім беру, рухани азықпен сусындатуы үшін оқушылардың кітап, журналдарды мейлінше көбірек оқып, смартфондардан мүмкіндігінше аулақ болуға қатысты ұсыныстарымен, ойымен бөлісті. Ол үшін мектеп мұғалімдеріне, ата-анаға артылар жүктің де ауырлай түсетінін айта кетті.

– Меркі ауданына ризашылығымды білдіремін. Газетке жазылудан ешкімнен кем қалып жатқан жоқ. Мұнда да қалың оқырман қалыптасып қалды. Келер жылы амандық болса «Qazaqstan dauiri» газетіне 30 жыл, «Мөлдір бұлақ» журналына 20 жыл толмақ. Осы ретте ауданда болып жатқан жақсы жақсы жаңалықтарды бізге беріп тұруды да ұмытпаңыздар. Мен біздің газетке жазылыңыздар деп мәжбүрлемеймін. Тек бізбен байланысты үзбей, жылт еткен жаңалықтарыңызды беріп тұрыңыздар жеткілікті, – деді С.Мешітбайқызы.

Сондай-ақ өз сөзінде С.Мешітбайқызы «Баспасөзге жазылуға «мәжбүрлемеңіздер» деген осы жақында жарық көрген мақаласы жайлы да айтып өтті.

– Бұл мақала да менің ішімде жүрген зар, мұң. Көптен бері көкейде жүрген ой еді. Мұны Мемлекет басшысының, Үкімет басшысы мен білім және ғылым министрінің назарына бағыттап жазып отырмын. Кезінде осы газет-журналмен, кітаппен-ақ өстік қой бәріміз. Өздеріңізге белгілі бүгінгі мына смартфон, планшеттер балаларымыздың, тіпті ересек адамдардың да ұлттық құндылығын, қасиетін жойып барады. Бұл материалды әбден зерделеп, зерттеп жаздым. Себебі газет-журналсыз қандай мұғалім болады? Мұндағы ойым менің газетім мен журналыма жазылсын деген емес. Жалпы, басылымға жазылуды насихаттап отырмын. «Мәжбүрлемеңіздер» дегеннің артында «жазылмаңыздар» деген нәрсе тұр. Бұны ұрпақ тәрбиесі тұрғысынан алсақ, өте дұрыс емес қадам, – деген С.Мешітбайқызы мұғалім мәртебесі төңірегінде де ой өрбітті.

Кездесуіміздің негізгі мақсаты білім саласына бағытталғандықтан мұнда да оқу орнына кіріп-шықтық. Ғимараты сонау кеңестік дәуірде соғылған демесеңіз, біз барған №5 мектеп-гимназияның білім беруі заманауи екен. Мектеп-гимназия директоры Нұрила Қойшыманова кіреберістен қойылған көрнекілік құралдар мен айтулы даталарға орай ұйымдасырылған көрмемен таныстырып шықты. Бізге мектеп ішіндегі мұражайдың әр жәдігерімен таныстырған Азиза Асқар, Айдын Ахатұлы, Әмина Қылшабай, Ерасыл Шәріп сынды оқушылары да тақылдап тұр.

Жалпы, мұғалімдер мен оқушылар жиналған кездесуде әдемі әңгіме өрбіді. Сәуле Мешітбайқызы өзі туралы, оқушылардың сұрақтарына байланысты өзінің балалық шағы мен еңбек жолы жайлы, өзі басқаратын бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгіні жайлы айтып берді.

Мұнда да смартфондардың зияны, әлеуметтік желі мен интернет құралдарының жеке адам тұрмақ тұтас адамзатқа тигізіп жатқан кесірі, зардабы жайлы ой қозғалды. Оған мұғалімдер мен оқушылардың өздері де үн қатты.

Негізінде экспедиция мақсаты ауылдың қазіргі тыныс-тіршілігіне алыстан көз жүгірту емес, етене барып жақыннан танысу. Ауылдықтардың толғандырған, шешілмеген мәселесі болса оны сол аумақтың басшысына, керек болса Үкіметке жеткізу журналистік парызымыз.

Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша бүгінде Жамбылдың барлық ауданында оңды істер баршылық. Оның ішінде де Меркіде де іліп аларлық ілкімді істер жоқ емес екен. Бұл жөнінде осы жоба қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы басында аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың өз аузынан естідік. Айтпақшы, біз аудан басшысымен осы құрылыс басында жолығып қалдық

– Міне бұл менің тоғыз айда істеген жұмысымның көрінісі. Бұл жердің барлық инфрақұрылымы дайын тұр. Артық ақша шығындап жұмыс ауқымын да көбейткен жоқпыз. Көшенің бос жатқан жерін кәдеге жарату үшін осы жерді тегістеп «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша үй салып жатырмыз. Сырттай көрген адамға бос жатқан жер болып көрінеді әрине, бірақ мұның да иесі бар. Мердігерлер жерді қожайынынан сатып алды. Бұл учаскеге 25 үй соғу жоспарымызда бар. Үйлерді көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға бермекпіз. Шамамен 100 адамнан аса адамды баспанамен қамти аламыз. Тағы бес үйдің жобалық-сметалық құжататмасын дайындап жатырмыз, – деген аудан басшысы бізді жоба аясында жөнге келтірілген көшелерге бастап барды.

Жалпы, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен аудан орталығында 24 көше жөнделіпіті. Біраз көшеде бұрын асфальт болмаған екен, кейбірінің жол жабындысы мүлдем тозып кеткен.

– 24 көшенің төртеуі 2 шақырымнан айналды. Қалған көшелер 500, 800 және 1 000 метрлік. Сұрат ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, құрылысы аяқталуға таяу тұр. Одан бөлек, аудандық орталық кітапхананың қазандығын жаңартып бердік, – деді Руслан Маратұлы.

Келесі барған нысанымыз Сармолдаев көшесінің бойы болды. Онда өзен үстіне көпір салынып, жолы асфальтталыпты. Меркінің атын шығарған атақты шипажайға апаратын бұл көшемен адам қарасы көп жүреді. Сол себепті аудан басшылығының ендігі көздегендері – осы көшенің бойын абаттандырып, 2,5 метрлік тротуар салып, әр 800 метр сайын спорт алаңшасын салмақшы екен. Өйткені бұл жолдың бойымен тауға қарай жүгіріп, денсаулығын шынықтыратындар көп екен. Сонда ауылдан шипажайға дейін 7-8 жерге жүгірушілер тоқтап, тынығып, жаттығуын жасап, қайта жолға шығатын орын жасамақшы. Оның үстіне ол жерлерге үлкен кісілер мен қарт адамдардың да бір мезет тынығып, уақыт өткізуіне ыңғайлы.

Р.Нұрсипатовтың айтуынша, орталық аурухананың алды да жоба аясында толық асфальталыпты. Бұған дейін ол маңға су жиналып, тіпті кей жері батпаққа да айналып кеткен көрінеді.

Келесі жылы Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай осы айтулы тұлғаның, қоғам және мемлекет қайраткерінің атындағы аллея ашпақшы. Бірақ бұл жобалар ауданның өз бюджеті қаржысына қолға алынбақ.

– Жалпы айтқанда, бұл бағдарламаның халыққа, әсіресе, ауыл халқына көмегі, пайдасы, қамқорлығы өте көп. Халықтың ризашылығын көріп отырмыз. Халықтың да, біздің де көкейімізде жүрген көп жұмыстың ретін таптық. Бұдан да басқа бағдарламалар болды ғой, олардың да ауылдың көркеюіне өз септігі тиді. Бірақ «Ауыл – ел бесігінің» жөні бөлек. Елбасы Н.Назарбаевтың ауылды гүлдендірсек, еңсесін көтерсек екен деген бастамасымен қолға алынған істің бүгін халық игілігін көріп отыр. Ауылдың ажары кіріп қалды. Мұндай жағдай Кеңес өкіметі кезінде болмаған. Мәселен, менің ауылым сонау түпкірдегі, таудың етегіндегі елді мекен. Ондағы жолдар асфальт тұрмақ, таудың қиыршық тасымен тегіңстелген еді. Ал қазір әр көшесінде асфальт жатыр.

Сондықтан қаржыны ауылдан аямаған дұрыс деп, мен Үкіметтің бұл қадамына өте риза болдым. Себебі, егін де, мал шаруашылығы да ауылда ғой. Ауылды ұмытсақ, асыраушы саланың жағдайы да кері кетеді. Ауылда не жол, не газы мен ауызсуы болмаса ауыл шаруашылық тауарын өндіріп отырған ауыл халқының қай тірлігі алға бассын. Сол себепті, мемлекетіміздің ауылға көңіл бөліп, тірлігін тіктеп жатқаны үлкен алғыс арқалаған іс, – деп ойын қорытындылады аудан басшысы.

 

Т.Рысқұлов ауданында

Жобалар жүзеге асып, құрылысы қарқын алған

 

Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың атын иеленген ауданда да «Ауыл – Ел бесігі» бойынша үлкен жұмыс баршылық.

Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделген.

Осы орайда, аталған бағдарлама аясында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында бірқатар нысандардың құрылысы мен жөнделуі бүгінгі таңда өз деңгейінде атқарылып келеді. Ауданға қарасты 3 елді мекен Құлан, Қарақыстақ және Луговой ауылдарында жалпы сомасы 790 млн теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда. Луговой ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, аталған ауылдың көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Құлан және Қарақыстақ ауылдарында үш мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Түрлі сала бойынша жүріп жатқан мұндай жұмыстардың ішінде құландықтардың игілігі үшін қызмет ететін аудан орталығындағы Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуге 65,5 млн. теңге және Қарақыстақ ауылдық  мәдениет үйін жөндеуге 54,776 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде 240 және 250 орындық залға осы заманғы жұмсақ орындықтар қойылып, сахна жаңартылды.

Сонымен қатар Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатры мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті.

1968 жылы ірге көтерген «Сұлутөр» кинотеатрын ретке келтіруге 58 млн. астам теңге бөлінген. Кинотеатрдың бір бөлмесіне 2020 жылы жергілікті жерде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жұмыс жоспарына сәйкес «Караоке» клубын ашу бойынша «Сұлутөр» кинотеатрына караоке жабдықтары алынып, пайдалануға берілген. Алдағы уақытта ғимарат жөндеуден кейін 100 орындықты заманауи технологиямен аудан жұршылығының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кинофильмдер көрсетелітін болады.

Бұл мәдениет ошақтарында жас таланттардың өсіп-жетілуі мен шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев спорт саласын дамытуға басты назар аударғаны белгілі. Бүгінде осы мақсатта жаңа нысандар қатары да көбеюде. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылында жалпы сметалық құны  386 000 мың теңгені құрайтын әмбебап залы бар спорт-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Бүгінгі күнге аудан тұрғындардың, оның ішінде жастардың бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандарына қолжетімділігін арттыруда 169 спорт нысаны жұмыс жасауда. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ақысыз.

Және де ағымдағы жылы Луговой ауылындағы жалпы 46 көшенің 13 көшесіне ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 13,8 шақырымды құрайтын жөндеу жұмыстарына бағдарлама аясында 224 800 мың теңге бөлінген.

Нәтижесінде аталған ауылдың ішкі көшелерінің жағдайы жақсарып, көшелердің ені талапқа сай кеңейтіліп, электр бағаналары жол бойымен түзу орналастырылды. Осылайша, 12 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл жаңадан бой көтеретін ғимарат және жаңа көше жолдарымен қамтамасыз етілмек.

 Облыс орталығы Тараз қаласының солтүстік жағында жатқан Байзақ ауданы тіршілікке қолайлы, малға жайлы өңір. Облыстың бас қаласымен барыс-келісі орныққан аудан орталығы Сарыкемер ауылында да тіршілік қайнаған.

Экспедицияның сапарын Сарыкемерден бастадық. Аудан әкімдігінің ғимаратында аудан басшысының әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Дәуір Дәулетов өзіне қарасты бөлім басшыларымен бізді күтіп отыр екен. Онда негізінен ауданның әлеуметтік-экономикалық өмірінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме өрбіді. Сәуле Мешітбайқызы Байзақ ауданында да «Qazaqstan dauiri» газетінің қалың оқырманы бар екенін айта келе, осы жартыжылдықтағы жазылым мәселесінде де бірлесе, өзара түсіністік аясында жұмыс істеуге шақырды. Айтпақшы, экспедиция құрамында Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев та болды.

Байзақ ауданында:

Н.Киікбаевтың қыздары «Алтайда» ойнап жүр

Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия Сарыкемер ауылындағы ең бетке ұстар білім ошақтарының бірі де бірегейі. Бұл жердің дарынды да талапты оқушылары мен түлектерінің аты аудан асып, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқау, білім сайыстарында олжа салып жүр. Байзақ ауданындағы алғашқы кездесуімізді осы оқу орнынан бастадық

Алдымен мектеп директоры Гүлбахрам Ермекова есік алдынан күтіп алған бойда кабинетіне жеткенше мектеп жайлы біраз ақпараттарымен бөлісіп, ұстаздар мен оқушылардың қазіргі аяқ алысымен де таныстырып шықты.

Бізді қуантқаны, мектеп-гимназияның қауіпсіздігі күшейтілген екен. Яғни, кіреберістегі арнайы турникет пен бейнекамералар да өз мідеттерін атқарып тұр.

Одан бөлек, оқушылардың жетістіктері де қуантарлық. Бәрін тізбей-ақ, мектеп-гимназияның 2018-2019 оқу жылында Қазақстан интернет олимпиада рейтингісінде 3-орын, 2019-2020 оқу жылында 2-орын, ал биылғы оқу жылында 1-орын алғанын айтсақ та жеткілікті шығар.

Сондай-ақ спортшы оқушыларының да мықтылығын дәлелдейтін грамоталар мен кубоктарды көзіміз шалып қалды. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Кока-Кола былғары доп» республикалық турнирінің чемпионы атанған кубогы.

Волейболшы қыздарының да жетістіктері бір төбе. Директордың айтуынша, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы «Алтай» командасының бапкерлері волейболшы қыздарға бірнеше мәрте «құда түскен» екен. Алайда әлі жас болғандықтан қыздардың ата-аналары оларды сонау Өскеменге жіберуге жүрексініпті. Десе де қыздар оқу бітіріп, жоғары оқу орындарына түскеннен кейін «Алтай» құрамына алыныпты.

Әдеттегідей мұнда да жиналысқа кірдік. Бірақ біз күткеннен де қызығырақ кездесу болды. Бізді күтіп отырғандар сол кезде сабақтан босатылған оқушылар емес, сабақтан кейін өздері арнайы қалған, әдебиетке, журналистикаға талпыныстары бар оқушылар екен. Олар бізге түрлі сұрақтар қойып, әдемі бір диалог орнады. Тіпті шамамен 4-5-сынып оқитын домбыраға әуестігі бар оқушы бала өзінің болашақ мақсаттары жайлы жасқанбай-ақ жеткізіп, кездесу соңында күтпеген жерден жүгіріп келіп, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызынан бата сұрады. Қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой. Балақайдың ынта-жігеріне риза болған С.Мешітбайқызы аналық ақ батасын беріп, маңдайынан сүйді. Кездесу аяқталған соң осы залда біраз тосылып қалдық. Өйткені кеш қонағы өзімен фотоға түскісі келген оқушылар мен ұстаздардың ешқайсысының өтінішін жерге қалдырмады.

Түймекентте түйткілді мәселелер шешіліп келеді

Келесі кезекте біз бет алған Түймекент ауылы әйгілі полицей, сын сағатта лаңкеспен бетпе-бет айқасып, қоғам қауіпсіздігі жолында жанын саналы түрде құрбан еткен Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың кімдік қаны тамған жер. Ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов бізді «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен бой көтерген спорттық-сауықтыру кешеніне бастап барды. Осы кезде Қ.Смағұловты сөзге тарттық.

– Бұл ауылдықтар көптен күткен нысан еді. Бәрі қуанып жатыр. Жұртшылық «Ауыл – Ел бесігі» жобасына дән риза. Өйткені балалардың бос уақытын өткізетін мұндай орын бұрын жоқ еді. Тоғыз мыңнан аса тұрғыны бар Түймекент ауылдық округі үшін спорттық кешеннің орны тым бөлек, – дейді округ әкімі.

Оның айтуынша, жоба аясында біраз жол жөнделіп, мәдениет үйінің маңында да саябақ салынып, Ғазиз Байтасовтың ескерткіші тұрғызылыпты.

– Біздің ауылда 28 көше бар. Мұның бәрінде бұрын асфальт болмаған. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалардың арқасында, әсіресе «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында көшелерге асфальт төселіп, бүгінде асфальтсізі алтау-ақ қалды. Бұйыртса оларды да ретке келтіреміз. Былтыр Жол картасымен 4 көше жөндеп, ауыл орталығындағы субұрұқақты қалпына келтіріп, сәнін кіргіздік. Түймекент, Ажар ауылдарында футбол алаңшасы ашылды. Округ орталығындағы 1983 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген балабақшаның ғимаратын қанттай қылып жөндетіп алдық. Онда 140 балаға орын қарастырылған, – деген ауылдық округ әкімі Қанат Ерубайұлынан мұндағы проблемалық мәселелерді де сұрап білдік.

Бүгінде Түймекент ауылындағы орта мектепте 1500-дей оқушы білім алып жүр, ол негізі о баста 700 орынға шақталып салынған екен және банкомат мәселесі де күн өткен сайын өзекті болып келеді. Себебі аудандағы үлкендігі, халық саны жөнінен үшінші тұрған Түймекент елді мекені үшін банкомат ашу – уақыт талабы! Ал қалаға қатынау да соңғы кездері қиындап кеткен көрінеді. Бұрынғыдай қоғамдық көліктің қатынауы өткен шақпен еске алатын әңгімеге айналған екен. Себебі жеке көлік иелері такси қызметінің көркін қыздырып, әрі жол жүру бағасын да шарықтатып жіберген. Қысқасы, бағасы қолжетімді, жүру кестесі тұрақты қоғамдық автобус керек бұл ауылға. Округ әкімі осы мәселе бойынша аудандық әкімдікке ұсыныс берілгенін және 2022 жылдан бастап «Мерей» автопаркі арқылы автобус жүргізу мәселесі бүгінде шешіліп жатқанын жеткізді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жастардың ауылға тұрақтауына септігін тигізіп жатқан көрінеді.

Ал біз арнайы келген спорттық сауықтыру кешені биыл құрылысы басталып, жақында аяқталған екен. Биыл пайдалануға берілмек. Іші мұнтаздай кешеннің ішінде спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Негізгі ойын залынан бөлек, бокс, күрес, тренажер, үстел теннисі залдары, киім ауыстырып, жуынатын бөлмелері, медициналық кабинет, бәрі-бәрі бар. Әкімшілік кабинеттері де жетерлік. Облыстық денсаулық сақтау және спорт басқармасына қарайтын кешен 500 оқушыға арналған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бағынысына берілген екен

Кешеннен шығып ауылдық мәдениет үйіне бет алдық. Мұнда алыстан менмұндалап батыр Байтасовтың тас мүсіні көзге бірден көрінді. Батырлық пен ерліктің жарқын үлгісін айшықтап тұрған ескерткіш алдына естелік суретке түсіп, Түймекент ауылыдағы орта мектепке аяқ бастық. Кеш қарайып қалғандықтан онда көп кідірмедік. Оқушылар да тарап жатыр екен, ұстаздардың да жұмысы аяқталған. Мектеп директоры бізді Байзақтың ғана емес қазақтың батыр ұлы болып кеткен Ғ.Байтасов атындағы кабинетке бастап кірді. Кабинеттегі әрбір бұйым, фото суреттер мен құжаттар Халық Қаһарманының өмірінен сыр шертіп тұр.

Жалпы Байзақ ауданына жасаған сапарымыз көңілден шықты. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, айтуға тұрарлық, жариялауға жарарлық жаңалықтар, атқарылған жұмыстар баршылық екен. Әсіресе біз көрген мәдениет үйінің жылу жүйесі биыл жүргізіліпті. Жылусыз жұмыс жүрмейтіні белгілі ғой. Әкім енді мәдениет үйінің ішінен үйірмелер ашуға күш салып, ауылдың мәдени әлеуетін көтеруді көздеп отыр.

Үлгілі ауылы оқушыларының қуанышы

 Біз сапарлап кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ ауданда 100 орындық мектеп есігін ашты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Байзақ ауданында сонау 1966 жылы бой көтеріп, 260 оқушыға арналған Үлгілі ауылдық округіндегі білім беру мекемесінің жапсарлас құрылысы аяқталып, үлгілілік тұрғындарды қуанышқа бөледі.

Ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев, ауылдық округ әкімі Омарғали Ибрагимов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері ортақтасты.

– Бүгінгі мектеп жанынан бой көтерген жанама құрылыстың аяқталып, ел игілігіне ұсынылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы білім саласын қолдау мақсатында, үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде ұстаздар қауымының жалақылары артып, мәртебесі айқындалды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығы болатын. Осы олқылықты жою бағытында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Өздеріңіз куә болып отырғандай, бүгін міне Үлгілі орта мектебінде 100 орынға лайықталған жапсарлас ғимарат заманауи үлгіде асханасымен және оқу кабинеттерімен қамтылып отыр.

Сонымен қатар бұған дейін Ботамойнақ ауылдық округінде мектеп-лицей салынса, Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы оқу жылында Бурыл ауылында 600 орындық мектеп ел игілігіне ұсынылса, жыл соңына дейін Жібек жолы ауылында 150 орындық мектеп өз есігін айқара ашатын болады, – дей келе, Қайрат Әбілханұлы «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында Үлгілі ауылдық округінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.

Үлгілі ауылдық округіндегі білім беру мекемесінің құрылысы облысқа танымал «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен жүргізілді. Бұл жоба келер жылға өтпелі болғанымен мердігер серіктестік басшысы Асылбек Жантаев өз қаражаты есебінен мерзімінен бұрын пайдалануға ұсынған 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 108
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 104
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 98
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 87
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 984
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1023
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 998

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5429
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8613
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6420
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7628