Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев
Тәртіпке бағынған құл болмайды
«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясын Жамбыл облысына бастап келген Қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы облыс орталығында бірқатар кездесулер өткізгені туралы газетімізде жазған болатынбыз. Экспедицияның осы жолы өзі көтеріп жүрген жүгі нағыз «қамшыбасар» тұста болғанын айта кеткен жөн. Өйткені, Жамбыл облысы аумағында мықтап қолға алынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатындағы іс-шараларға куә болды. Аймақтың әр ауданында аталмыш тақырып аясында ұйымдастырылған форумдардың біріне қатысуға мол мүмкіндік берілді.
«Ұрпақ – ұлт болашағы» дейтін дана халқымыз ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті қашан да жоғары қояды. Соңғы кезде жасөспірімдер арасындағы қылмыс, қылмыс болғанда аса қатігездікпен жасалатын қылмыстардың саны арта түскені аға ұрпаққа үлкен ой салуда. Жастардың қаныпезерлігі туралы ақпарат күн сайны әлеуметтік жілелерде қылаң беріп, қалың қауымның жағасын ұстатуда. Ал, аталмыш көшпелі форум сол құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ол - полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, заңгерлер мен психологтардан құралған мобильдік алаң. Олар аудандарды аралап, тұрғындардың өтінішін тікелей тыңдауда. Яғни, қылмыстың салдарын емес себебін анықтау жолында орган қызметкерлері іске кірісті. Алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды. Ол туралы Қордай аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында айтылды.
Форумға Қордай аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, облыстық ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, психолог Айжан Түктібаева, ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов, ПД ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кенжеханова, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әйгерім Каукешова, Қордай ауданы прокуроры Қайыржан Қуатбеков, Қордай аудандық полиция бөлімі бастығы Бауыржан Үдергенов, мекеме басшылары мен жастар қатысты.
Жұмыс форматы халықпен тікелей байланыс орнатуды, қолданыстағы заңнаманы түсіндіруді және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруді көздеді. Яғни, тікелей сұрақ-жауап форматындағы кездесуде ортақ сұрақтарға жауап іздеді.
Заң және құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өскелең ұрпақтың заңға бағынушылық мінез-құлқын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, білім беру мекемелері мен қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылын нығайту мақсатында облыс аумағында «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені мобильдік тобы құрамына кірген жандар әсіресе жастардың жайына ерекше назар аударды.
Форумды қорытындылау үшін сөз «Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің директоры, «Еланасы Сәуле Мешітбайқызына берілуінің де ерекше себебі бар. Осыған дейін еліміздің барлық облысын аралап, «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясынның айтпағы да осы ұлт болашағы болып келеді.
Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның алмасуымен қатар, ақпарат ағынының тасқындаған ғасырында ұлтты және ұлттық құндылықтарды, ең бастысы, жас ұрпақты тәрбиелі де саналы азамат ретінде сақтап қалу өте күрделі мәселе болып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда шын мәнінде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға, орын алып жатқан орны толмас қайғы-қасіреттерге қарап еріксіз осылай демеске амалымыз жоқ.
Сәуле Мешітбайқызы аудан халқына, ауданда атқарылып жатқан игі істерге, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген басшыларға ризашылығын білдірді. Қоғамдағы орын алып жатқан жайттарға, бүгінгі адамдардың көзқарасына, ұлт, бала тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтап, емен-жарқын әңгімелесті.

Жамбыл облысында Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаевтың жетекшілігімен «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені басталып, Шу, Мерке, аудандарында болып, Қордай ауданында жалғасын табуда. Бұл керуенге менің қатысуым тегін емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге тереңірек үңілді. Сондықтан президент жолдауы басты назарда!


Сәуле Мешітбайқызы «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында жастармен кездесті
Экспедицияның ізгі мұратының бірі де осы! Заң мен тәртіпті сақтау елдің дамуына, халықтың әл-ауқатына және болашақ ұрпақтың жарқын өмір сүруіне кепіл болады. Облыс аумағында жұмыс атқарып жатқан «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені әсіресе ел болашағы жастардың мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Қордай аудандық полиция бөлімі бастығы Бауыржан Үдергенов мектептерде «Заң мен тәртіп» пәнін енгізу қажеттігін өз сөзінде айтып өтті.

Қордай аудандық полиция бөлімі бастығы Бауыржан Үдергенов
Мен бұл ұсынысты қолдаймын, құқықтық тәрбие беру маңызды міндеттердің бірі. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген. Тәртіп – тәрбие бастауы. «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені жалпы еліміз бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен. Құптайтын іс. «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені аясында 10 мыңға жуық тұрғын құқықтық кеңес алыпты. Бұл байқаған жанға орасан жұмыс, үлкен еңбек. Осы жұмыстарға ризашылығымды білдіремін. Құқық қорғау органдарының бұл бастамасын қолдауға шақырамын, – деді Сәуле Мешітбайқызы кездесуде.

Сөз барысында қоғам қайраткері «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясының «Заң мен тәртіп» керуенімен үндесіп тұрғанын айтты. Өйткені, екеуінің де меңзегені бір, мақсаты айқын. Ол – ең алдымен ел болашағына деген жауапкершілік, жанашырлық. Құқықтық мәдениет тек заңмен ғана емес, қоғамның оған деген көзқарасымен қалыптасатынын, «Күшті қоғам – заңға формалды емес, саналы түрде қарайтын қоғам. Құқықты құрметтеу – тұрақтылық пен дамудың негізі. Осы орайда жастардың тым ерсі қылықтарға құмартуы, құқық бұзушылаққа бүйрегі бұрып, болашағына қазірден балта шауып жатқаны жаныңды ауыртады. Жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыстық оқиғалар күнделікті теледидардан бастап әлеуметтік желілерде жарияланып жатады.
Бұған тоқтау бар ма? Бұл бассыздықтың бастауы қайда жатыр? Қашан ел боламыз? «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген, сөз бекер емес. Сол бесікті бүлдіріп алған біз бен сіз!
Ел боламын десек, әлеуметтік желіге «тәйт» дейтін уақыт жетті. Құндылық деген дүниені тас-талқан етіп бітті. Одан ажырап қалсақ ар жағы не болары белгісіз. Жақында Ақтөбеде болған оқиғаны барлығыңыз көрдіңіздер. Телефон үшін әжесін пышақтап тастады. Бұл енді шектен шыққандық, ұғынған адамға бұл тек бастамасы ғана. Ары қарай не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Енді, міне, бетімен кеткен жасөспірімді өсіріп отырған ата-ананың өзінің жауапкершілігін де қарайтын уақыт жетті.
Сәуле Мешітбайқызының ұрпақ тәрбиесі жөніндегі аналық ақылы, жүрекжарды сөздері жиынға қатысқан жандардың жүрегіне жеткенін айта кеткен жөн. Әсіресе жасөспірімдердің, оның ішінде қыз балалардың арасындағы қылмыстың өршуін қоғам қайраткері ата-аналардың тәрбесінде кеткен олқылықтармен байланыстырды.
«Тіл де, ұлттық құндылық та, тәрбие әр отбасында. Жауапкершілік әр ата-анада. Адам – ұрпағымен, ағаш – тамырымен мықты, адам ұрпағымен мың жасайды дейтін болсақ, ертең елдің тұтқасын ұстауға тиісті өз кіндігімізден тараған ұрпаққа дұрыс бағытта тәрбие беру ол ең алдымен өзімізге байланысты дүние. Сондықтан бұл мәселеде сол ұрпақты тәрбиелеуші ата-ананың ұстанымы мен жауапкершілігін бірінші орынға қою керек сияқты. Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз жайттарға ең біріншіден ата-аналар қауымы, содан кейін барып қоғам жауапты. Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды болып отыр. Тілді, ұлтты өздеріңіз сүйсеңіздер, бала сізден асып ешқайда кетпейді», – деді С.Мешітбайқызы.
Өз сөзінде Сәуле Мешітбайқызы еліміз үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін тағы басқа да ұлттық құндылықтар аясын кеңейту, қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып тұрған жас ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен айтты. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болып атсалысу керектігіне, отбасы құндылықтарын баланың бойына дарыту, дұрыс тәрбие беру, баланың өзінің өсуі, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс екендігіне, жат қылықтардан аулақ болу керектігіне, қазақ қыздарының тәрбиесіне, оның маңыздылығына тоқталды. Бұдан бөлек, әр бұрымды салт-дәстүрді сақтап, тәрбиені бойға сіңіруде үлкендердің айтқан уәждеріне құлақ түріп, санасына сіңіру керектігін айтты.
Форумнан кейін Сәуле Мешітбайқызы Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтаймен бірге Ноғайбай және Кенен ауылдарына барып, жоғары сынып оқушылары және колледж білімгерлерімен кездесулер өткізді. Ашық форматта өткен кездесулерде қоғам қайраткері жастар тәрбиесі, қыз баланың жауапкершілігі, рухани-адамгершілік құндылықтар, лудоманияның зияны, жыныстық қол сұғылмаушылықты сақтау, интернет пен телефонға тәуелділік мәселелері төңірегінде кеңінен әңгіме өрбітті.
«Жылт еткен телефондағы бейнелерге құмартқан жастарға жаным ашиды. Ол тәрбие немесе білім құралы емес екенін еститін құлақ болса ғой. Иә, қажетті зат, қажеттілікке пайдаланатын зат. Бірақ оны белгісіз жандар жас ұрпақ санасын улайтын мақсатта қолданады, бұл жаныңды ауртады. Телефонды қолданбай, газет оқыған жөн. Сол газетте рухани дүние бар, көзіңді ашатын, сауатыңның сауытын толықтыратын мәнді мәселелер бар. Соны оқы, тоқы, айналайын. Ал телефондағы жылт еткен бір бейне жақсылыққа апармайды. Онсыз да санасы уланып, қылмыстың қисық жолына түсіп жатқандар қаншама. Зорлық-зомбылық, күш көрсету, заңға бағынбау деген дүние осыдан шығып жатыр», – деді Сәуле Мешітбайқызы Ноғайбай ауылындағы кездесуінде.


Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен телеарналарда ерсі әрекеттерге тиым салу, қыз балалар тәрбиесінде ата-аналардың босаңсымауы туралы сөз етіп, жиынға қатысушылар пікірі мен ұсыныстарына құлақ салды. Жоғарыда көтерілген тақырыптар аясында ауылдық аналар кеңесі төрайымы Зина Акимбаева, білім ошақтарының директорлары өз ойларын ортаға салып, тәлім мен тәрбие жайына тоқталды.
Сәуле Мешітбайқызы жақында Ноғайбай биді Қазақстанның танымал тарихи тұлғалары қатарына енгізу бойынша мәселе көтеретінін және ауыл азаматтарының ізгі ниетті ұсыныстары болса оны газетте жариялауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Кездесуге қатысқан оқушылар мен білімгерлер қоғам қайраткерінің шынайы әңгімесінен ерекше әсер алғандарын жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. ал, сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы Ноғайбай би зиратына барып, тәу етіп шықты.
Осындай кездесу Кенен ауылында жалғасып, онда да көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер бойынша ойлар ортаға салынды.

Ақын ауылындағы №42 Екейбай Қашағанов атындағы орта мектепте ұстаздар қауымымен болған жиында көкейкесті мәселе – бала тәрбиесі негізгі бағыт болды. Аймаққа тән, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда бала саны азайғаны және оның себептері айтылды. Ұстаздар қауымы кездесуде осы және өзге мәселелерді көтеріп өтті. Балалардың телефонға тым құнығуы жақсы нышан емес. Кездесуде сөз алған Сәуле Мешітбайқызы осы және өзге тақырыптар аясында толғанды.
«Қазір қоғам үлкен өзгеріске ұшырады. Бұрын, әсіресе ауылды жерде, қаймағы бұзылмаған қазақи ортада үлкендерді тыңдайтынбыз. Сол бір тәрбие, сол тәлім өзгеріп, жас ұрпақ бойында жоғалып барады. Биік қоршауларда өзімізбен өзіміз бөліп өмір сүру салтына көштік. Ағайынмен араласу, көршілермен қоралас болу қазіргі қоғамға жат қылық. Өкініштісі осы. Тіпті бір үзім нанды көршілермен бөлісу дәстүрі жоғалып барады. Елдігімізді еселетеміз десек, бала тәрбиесіне аса мән бергеніміз абзал. Ала жіпті аттамау, біреуге күш қолданбау – салтымызда да, діліміз бен дінімізде де бар. Қырық үйден тиылған қыз баланың тәрбиесіне екі есе назар аудару қажет болып тұр», – деген Сәуле Мешітбайқызы, қазіргі таңда ата-ананың өзіне тәрбие қажет екенін айтып, жалпы қоғам болып заңды құрметтеп, тәртіпке бағыну қажеттігін айтты. Өйткені, «Тәртіпке бағынған құл болмайды».
Жалпы, Жамбыл өңіріне сапар барысында түйген ой, тәртіпті тәлімге айналдыру. Өйткені, сол тәлім ата-анадан бастау алуы тиіс. Өкініштісі сол, «қой дейтін қожаның» жоқтығы. Дәстүрлі құндылықтарға пысқырып қарамайтын, әлеужелідегі әпербақандардың жетегінде кетіп, тәрбие, ұят деп, ғасырлар бойы кестеленген орамалдың жібі сетінеп бара жатқандығы. Дер кезінде соның түйінін түйіп, сетінеген жердің жібін жинақтамасақ, ертең жамауға жарты кез таппай қалуымыз мүмкін.
Жандос Омаров















