Жаңа бағдарлама – жақсы мүмкіндік

Жаңа   бағдарлама – жақсы мүмкіндік

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Игілік» және «Береке» жаңа бағдарламалары 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында іске қосылған. Бұл жоба мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамытуға және отандық мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Осы жұмыстың негізгі құралдарына импорттық асылтұқымды мал басын сатып алуды жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыруды көздейтін «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жатады.

Ақмола облысы еліміздің өңірлері арасында қажетті ұйымдастырушылық рәсімдерді алғашқылардың бірі болып аяқтап, жобаларды нақты қаржыландыруға кірісті. Жұмыс облыс әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында. Өңірде бағдарламаларды іске асыруды «KOKSHE» ӘКК» АҚ қамтамасыз етеді. Корпорация ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын қарастырып, оларды Аграрлық несие корпорациясы арқылы тартылған қаражат есебінен қаржыландырады.

«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы қарыз алушы – Ерейментау ауданының Төменгі Тоғай ауылында жұмыс істейтін «Ерейментау Астық 2014» ЖШС. Бірнеше жыл бұрын инвесторлар қараусыз қалған өндірістік базаны өз қаражаты есебінен сатып алып, қайта қалпына келтірген. Кәсіпорын ұсақ мал өсірумен айналысады және бордақылау алаңын кеңейтіп, бір мезгілде 10 мың басқа дейін мал ұстауды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта шаруашылықта шамамен 1 мың бас мал бар. «Береке» бағдарламасы бойынша алынған 2 млрд теңге кәсіпорынға дамудың келесі кезеңіне өтуге – өз аналық мал басын қалыптастырып, төл өндіру жұмыстарын жолға қоюға мүмкіндік береді екен.

Мүмкіндік жайында «Ерейментау Астық 2014» ЖШС атқарушы директоры М. Ермаханов:

– «Береке» бағдарламасының арқасында етті бағыттағы дорпер тұқымынан 150 асылтұқымды қошқар сатып алынады. Мал басын Австралиядан әуе көлігімен жеткізу жоспарлануда. Жас малды қажетті тауарлық кондицияға дейін өсіріп, кейін экспорттық келісімшарттар бойынша өткіземіз», – деп, жақсы лебіз білдірді.

Несие жайында «KOKSHE» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы С. Құсайынов:

– Кеше кредиттік комитет отырысында осы жобаны қарастырып, мақұлдадық. Ал бүгін «Береке» бағдарламасы аясында алғашқы несие беру туралы шартқа қол қойып отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге жедел жетіп, нақты нәтижеге бағытталуы біз үшін маңызды. Бұл жоба көптеген бастаманың алғашқысы болып, өңірдегі мал шаруашылығын одан әрі дамытуға негіз болатынына сенеміз, – деп, әріптестеріне көңілі толатынын жеткізді.

«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несиенің Ерейментау ауданында берілуінің өзіндік мәні бар. Бұл – Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамытудың негізгі аумақтарының бірі. Мұнда ет кластері қалыптасып, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мал өсіруден бастап дайын өнімді қайта өңдеу мен өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл біртіндеп қалыптасып жатқаны айқындалып келеді.

Осы орайда «Береке» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған алғашқы жоба – өңірдегі мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Мұндай жеңілдетілген қаржыландыру шаруалардың өндірісін кеңейтіп қана қоймай, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, ет өндірісін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ерейментау ауданында қолға алынған бұл жоба – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижеге бағытталғанының айқын көрінісі. Алдағы уақытта осындай жобалар саны артып, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін қолдау күшейе түссе, Ақмола облысының етті мал шаруашылығындағы әлеуеті одан әрі арта түсері сөзсіз.

Ең бастысы, бұл – бір кәсіпорынның ғана емес, тұтас өңірдің ауылшаруашылығы саласын дамытуға серпін беретін бастама. Бүгінгі қолға алынған іс ертеңгі тұрақты өндіріс пен мол өнімнің негізіне айналмақ.

Дахан ШӨКШИР,

Ақмола облысы

 

27.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27275
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26783
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44110
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39864
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44438