Атырау облысы Жылыой ауданында минералдық активтелген ұнтақ өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Өндіріс орны сағатына 20 тонна, ал тәулігіне 200 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов жаңа кәсіпорынның өңір экономикасы мен өндірістік әлеуетін дамытудағы маңызын атап өтті.
Шара барысында қонақтарға өндіріс аумағы таныстырылып, минералдық ұнтақ дайындау процесі көрсетілді.
Кәсіпорында негізгі шикізат ретінде жергілікті инерттік материалдар мен әктас пайдаланылады. Өнім сапасы арнайы зертхана арқылы тексеріледі. Алдағы уақытта зауыт жанынан жеке зертхана ашу жоспарланып отыр.
Өндірілген минералдық ұнтақ жол құрылысы саласында қолданылмақ. Сонымен қатар өнімді өзге өңірлерге жеткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Жоба аясында 10-15 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық береді.
Жаңа өндіріс орны өңірдегі отандық өнім көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға және өндіріс саласының дамуына серпін береді.














