Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен мұнай өнімдерінің заңсыз экспортына жол бермеу және ішкі нарықты жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жиында жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз шығарудың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқарма басшысының міндетін атқарушы Артур Хайрутдинов баяндады. Оның айтуынша, заң бұзушылар мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жаңа айла-тәсілдерін қолдануға әрекеттенуде.
– Олардың қатарында жанар-жағармайды басқа жүк түрі ретінде көрсету, автокөліктің жанармай багын қолдан жасау немесе көлемін үлкейту фактілері бар. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында жанар-жағармайды канистрлерде, бөшкелерде және зауытта жасалмаған басқа да ыдыстарда тасымалдауға қатаң тыйым салынған. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеуге байланысты өндіріс көлемі уақытша азайды. Бұл өз кезегінде жауапты органдардың профилактиканы күшейтуін талап етті, – деді А.Хайрутдинов.
Жиын барысында тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу, жауапты органдардың жұмысын үйлестіру және өңірдегі жанар-жағармай қорының күнделікті есебін жүргізетін ведомствоаралық жұмыс тобын құру ұсынылды.
Қайрат Нұртаев кенес соңында өңірді жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және оның заңсыз шекара асырылуына жол бермеу мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
– Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуден соң қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жанар-жағармай тұрақты жеткізілуде. Өңірдің ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығын болдырмау және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу мақсатында жанар-жағармай жеткізуші ұйымдарға, мұнай базаларының басшыларына және уәкілетті мемлекеттік органдарға бақылауды күшейтіп, анықталған ықтимал жағдайлар бойынша жедел әрекет етуді тапсырамын, – деді Қайрат Нұртаев.














