18 мамыр күні Астанамыздағы бірегей өнер ордасы саналатын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияың камералық хор ұжымы дайындаған «Жанымды тербеткен әуен» атты керемет кеш болып өтті. «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында өткен концертті біз де барып тамашалап, құлақ құрышымызды қандырып қайттық.
Кәсіби деңгейі аса жоғары өнер ұжымының ерекше дайындықпен көрерменге арнаған бұл кешінде, халық әндері мен заманауи авторлық шығармалар орындалды. Әсет Бейсеуовтың «Армандастар» әнімен басталып, сол айтулы әнмен шымылдығын жапты. Әсет Бейсеуовтың «Ауылым», Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» секілді танымал туындыларымен бірге «Көзіңнің мөлдірін-ай!», «Ақтамақ», «16 қыз», «Бір бала» сияқты халық әндері хормен шырқалғанда, адамды ғажайып бір көркемдік әлеміне тартып әкетеді екен. Хор ұжымы бұл кеште алыста жүрген ағайындарымыздың жүрек үнін жеткізгендей болып «Бір шәугім шәй» атты әнді шырқады. Ал, әлемге аты мәшһүр Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің алтын саусақты музыканттары Ернар Мыңтаев пен Айдар Тоқталиевтардың сүйемелдеуімен Тұрдықылыш Ізтаевтың «Нурикамалы» орындалғанда, зал тік тұрып қол соқты.
Камералық хор ұжымының солистері Ерболат Абылай, Диана Ермағанбетова, Индира Айтбергенов, Жұбаныш Зетова, Еркебұлан Абдықалықов, Ғазиза Жүсіпбекова, Саят Раимбергенов сынды орындаушылар бағдарламаларының арасында, әдемі кештің өрнегін онан ары асыра түскендей етіп, Мұқағали Мақатаев, Ғабиден Қожахмет, Қайнар Алагөзов, Таңназ Жұмабек сынды ақындардың мөлдір шумақтарынан төгіп-төгіп тұрды.