Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектептің 60 жылдық мерейтойының салтанатты кешіне, концертіне қатыстым. Маған бірден ұнағаны мұндағы жоспарланған шуақты әрбір сәттердің ешқандай кемшіліксіз, жоғары дәрежеде әсем де мәдениетті өтуі. Әлбетте, салтанатты кештің алғашқы шымылдық ашуы құттықтаулармен, марапаттаулармен басталды. Бұл атаулы дата бүкіл елімізге аты мәшһүр мектептің алтын әріптермен жазылған тарихының, дәстүрлерінің, өнер-білімнің кеші болғаны еді.
60 жыл! Бұл алтын уақыттың еншісінде сазгерлер, өнерсүйер тұлғалар осы мектептің табалдырығын аттап, кейін қазақтың өнерін бүкіл төрткүл әлемге жайды.
Бүгінгі мерейтойлық гала концертте осы мектепте оқып, тәрбиеленіп жатқан музыканттар, ұстаздар, шәкірттер тамаша өнер көрсетті. Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жан жүрегімізді тебірентті. Алпыс екі тамырымызды иітті. Осы салтанатты кешке арнайы келген Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева ханым мектептің мерейтойымен құттықтап, марапаттар тапсырды. Бұл салтанатты кештің бәсін көтерді.
Иә, мұндағы орындалған әрбір күй, әрбір ән жүрекке үміт, рухқа шабыт сыйлады. Ең бастысы дәстүр жалғастығы. Өнеріміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғастығының нақты дәлелі болды десем, артық айтқандық емес. Мәселен бастауыш сыныптар мен жоғары сыныптарға дейін жалғасқан, орындалған өнер шығармалары үндесіп жатты. Кезінде қазақтың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың ашқан мектебінің өнер айдыны одан сайын кеңи түскенінің куәсі болдық. Жасай бер, өнерің, киелі шаңырағың биіктей берсін, дарынды балалар мектебі!