ЖАСАНДЫ САНА ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ӨЗГЕРІС

ЖАСАНДЫ САНА ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ӨЗГЕРІС

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің назарына

 

(«Бейтарап жүйе» концепциясы: үміт пен күдік тезистері)

«Бейтарап жүйе» концепциясы – жасанды интеллект пен адамзаттың болашақ қарым-қатынасындағы үміт пен күдіктің түйісу нүктесі. Ол технологияның билігін емес, саналы тепе-теңдікті, ал прогрестің суық есебін емес, адамдық мейірім мен әділеттілікті қорғауды көздейді.

Шырайы салқын, үмітін үскірік аяз шалған адамзаттың болашағы кім-кімді де алаңдатады. Жүрегі май ішкендей кілкілдеген дәуірдің куәгеріміз. Жүрегімізге инедей қадалған сансыз сұрақтың қайсыбірін толғаймыз, толарсақтан саз кешіп келе жатырмыз.

XXI ғасыр – жасанды интеллект пен адамзат арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа дәуірі. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндік сыйлап қана қоймай, күреңіткен, мұнартқан күрделі қауіптерді де қатар әкеліп, көлденең көгендеп тұр. Беріге қиял жүгіртсең – береке бастан асқандай, әріге қиял жүгіртсең – әлемді зауал басқандай, екіұдай бір жұмбақтың үстінде отырмыз. Адамзат – жасампаздық ғаламаттарды жасаушы еді, енді сәлден соң жасанды сана «жарылқаушыға» айналатын түрі бар. Парыз бен қарыз, ар мен ұят, әдеп пен иман атаулының өзі екінші сатыға көшіп, жасанды санаға тән «цифрлық көсемдік» әлеуметтік әрекетіміздің негізгі тірегі мен жолбасшысы, әмеңгері болмақшы ма, қалай?..

Барлық ерік пен жігеріміз «цифрлық руханияттың» қалыбынан қайта туылып, мұз қабақ, салқын ниет, өмірдің жылусыз, жансыз «формуласына» тәуелді күйде қалып қоймақ па сонда?! «Айналайын» деген бір ауыз сөзді аңсап жүргенде, «адамгершілік» деген сөзді де тікесінен жерлеп, ғұмырдан баз кешуіміз мүмкін бе? Бұған не дейсіз, адамзат?! Қамсыз болсақ, ол дәуірдің де іргесі алыс емес секілді.

 

Тепе-теңдікті сақтайтын «Бейтарап жүйе»

 

Жасанды интеллект енді құрал ғана емес, өздігінен үйренетін, шешім қабылдай алатын құрылымға айналып келеді.  Ғылым мен технологияны үйлестіре отырып, жаңа бейтарап жүйені қалыптастыру қажеттігі сезіледі. Сол үшін «Бейтарап жүйе» концепциясын ұсынып, өз идеямды жарияладым. («Qazaqstan dauiri» газеті. (№16 (1541) 17 .04 .2025 ж.)

 Адам мен ЖИ арасындағы келешектегі тепе-теңдікті сақтау үшін бейтарап ғылыми-этикалық орталық қажет. Ол:

Ғылымның адамзат алдындағы жауапкершілігін бақылайды;

Жасанды интеллекттің даму этикасын айқындайды;

Жаһандық ғылыми ресурстардың әділ бөлінуін қадағалайды.

Бейтарап жүйе – адам мен ЖИ арасындағы көпір, даналық пен мейірімді үйлестіретін рухани-коммуникативті құрылым. Дүние есеппен нәтижеге көшкен кезде сезім өледі, беті аулақ, дегенмен «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген де сөз бар ғой халқымызда. 

ЖИ тек қызметтік құрал ретінде емес, үстемдік құралына айналса, адамзаттың моральдық, рухани негіздері қысқарады, ұлттық дәстүр, отбасы мен ұрпақ сабақтастығы әлсірейді. Мысалы, жасанды сананы серік еткен бала: ата-ананың әкелік қамқорлығын, аналық мейірімін «есептен тыс, нәтижеден мақұрым» алғау аңғалдық, өгей өктемдік деп қабылдауы мүмкін бе?.. Әрине, мүмкін! Ондай сәтте, ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық: әр күннің өзіндік пайдаға жүгінген реттік «ойындары», әлде, кезеңдік ритуалдардың кестесі секілді елестеуі мүмкін бе?.. Әрине, мүмкін! Солай болмасына кім кепіл?.. ЖИ дәуіріндегі сабақтастық мәселесі күрделі кезеңдерден тұратын болады. Баланың жүрегіндегі қос арна адам факторымен түйінделуі тиіс. Рухани арна мен ақпараттық арнаның айырмасын түсініп өсуі керек.

 Ата-ана мен ұстаздың ықпалы  рухани және өнегелік арна арқылы жүреді.

Жасанды интеллект болса, ақпараттық және логикалық арнаға негізделеді.

Рухани өнеге – жүректі оятады, екіншісі – ойды тездетеді. Егер адамзат осы екі арнаны үйлестірмесе, рухани тәлімнің орнына техникалық тәртіп орнайды. Онда шәкірттің жүрегін емес, тек жүйесін басқаратын қоғам қалыптасады. Иә, болашақ ұрпақ «ЖИ»-ды көсем, кеңесші, тіпті әділ төреші ретінде қабылдауы мүмкін. Себебі ол тез, нақты және қатесіз жауап береді. Бірақ оның ішінде мейірім жоқ. Ал ұстаздың мейірімі – тәрбиенің өзегі, ата-ананың ықыласы – өмірдің мәні. Мейірім мен сезім болмаса, білім суық алгоритмге, ал адам – бағдарламалық функцияға айналады. Дұрыс, ЖИ адамды ауыр еңбектен, қателіктен, баяулықтан босатады. Ақпарат пен ғылымға жол ашады. Сақтанбаса, егер рухани сабақтастық жойылса, адамзат сезімсіз интеллектке айналады. Онда ұлттың мінезі, дәстүрі, жан жылуы – барлығы алгоритмдік тәртіптің көлеңкесінде қалады. «Бейтарап жүйе» концепциясы дәл осы тұста көмекке келеді.

ЖИ адамдық факторды ескеріп, адам технологиялық шеберлікті пайдалана отырып, екеуі бір-бірін толықтыратын үйлесімге келеді. Сонда бала мен шәкірт ЖИ-ды көсем емес, кеңесші ретінде қабылдайды, ал ұстаз бен ата-ана адамдық бағдаршам болып қала береді.

Бұлттасып келе жатқан проблемаларды елемесек, ертеңгі күні бармағымызды шайнап, есеңгірейтін боламыз.

 Ескерусіз жүйесіздіктің төркіні  жаппай қоғамдық және ұлттық қасіретке, отбасылық бейәдеп, дүрдараздыққа әкеліп, «жаһандану жүйесі»  желкеңнен жеміріп тұрып көндірсе, адамзатқа ара түсетін қайсың бар?..

Сондықтан қазіргі жағдайда «Бейтарап жүйе» – тек теориялық тұжырым емес, адам мен ЖИ арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ететін стратегиялық көпір. Ол ЖИ дамуын адамзатқа қызмет ету бағытына бағыштап, билік пен технология арасындағы этикалық тепе-теңдікті сақтайды.

 

«Бейтарап жүйе» концепциясы дегеніміз не?

 

«Бейтарап жүйе» – бұл адамзат пен жасанды интеллект арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдікті сақтауға бағытталған ғылыми-философиялық жүйе. Оның негізгі қағидалары қарапайым, түсінікті.

Теңгерім: Жасанды сана адам шешімдеріне ықпал етеді, бірақ адамдық құндылықтарды бұзбайды.

Бейтараптық: Жүйе саяси, экономикалық немесе әлеуметтік мүдделерге тәуелді болмай, объективті шешімдер ұсынады.

Қауіпсіздік: ЖС дамуы адамзатқа зиян келтірмеу үшін этикалық және құқықтық шектеулер енгізіледі.

Ғылыми иммунитет: Жүйе ғылыми әдіс пен ақиқатқа сүйенеді, жалған ақпарат пен манипуляциядан қорғайды.

Қарапайым сөзбен айтсақ, «Бейтарап жүйе» – адам мен жасанды сананың бір-біріне тәуелділігін, бірақ ешқайсысының үстемдік етпеуін қамтамасыз ететін ақылды, әділ ортаның автоматтандырылған қосымша жүйесі.  «Бейтарап жүйе» – жасанды интеллекттің сұрақтар мен тапсырмаларды бейтарап сараптау, адам факторын ескеру және заңдық-этикалық стандарттар негізінде шешім қабалдау қабілетін жетілдіруге бағытталған жаңа ұйғарым мен үйлесімдіктің әліппесі, тұжырымдамасы.

Бұл жүйе арқылы ЖИ кез келген сұрақты қабылдағанда:

Бірінші кезеңде – бейтарап талдау (факт, дерек, контекс бойынша);

Екінші кезеңде – адамдық факторды (эмоция, мәдениет, құндылық) ескеру;

Үшінші кезеңде – стандартталған заңдық және моральдық нормалар шеңберінде жауап пен шешім ұсыну;

Төртінші кезеңде – шешімді нақты өмірлік жағдаймен салыстырып, бейтарап бақылау мен кері байланыс орнатуды көздейді. ЖИ тек ақпараттық құрал емес, адамзаттың бейтарап көмекшісі болуы тиіс. Ол «Бейтарап жүйе» арқылы адам мен заң, ақыл мен сезім, логика мен рух арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып әрекет етуге бұрылыс жасауы керек.

Адам – бағыттаушы, ЖС (ЖИ) – қызмет жасаушы қалыппен дамуы керек.

Әрине, әзірше жасанды сананың ғылым тұрғысынан жетістігі аса зор. Қолдаймыз, ғылым дамуы керек, табиғи заңдылық, одан бөлек өмір сүру мүмкін емес. ЖС – соның бір айғағы.  Елімізде: «Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» құрылды. Қазақстанда құрылған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі  – елдің цифрлық трансформациясын, жасанды интеллект технологияларын дамыту мен интеграциялауды үйлестіретін жаңа мемлекеттік орган. Оның басты мақсаты – ұлттық деректер саясатын жетілдіру, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізу арқылы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайту. Иә, осы бағытта ақпараттық кеңістікте мәліметтер тізбегі жарияланып жатты. Өте дұрыс, қуаныштымыз! (Зерттеу орталығы өз қолыңда болғанға не жетсін!) Ашылған жаңа министрліктің.., бұл органның өзіндік ұлттық кодын, дербес болмысын  намысымен қорғайтын, жүрегімен жолға салатын төл перзенттеріміз, азаматтар мен мамандарымыз болсын дей беріңіз.

Бұл құрылым ұлттық құндылықтарды, мүдде мен сананы және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғаудың нағыз заманауи үлгісін, жүйесін жасақтауы керек. 

 Жалпы жасанды интеллекттің пайдалы қызметін және мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды.

ЖС үлкен мәліметтерді жылдам өңдеп, жылдамдықпен шешім шығара алады. Адамдарда ондай шешім шығару мүмкіндігі жоқ.  

Диагностика, дәрі-дәрмекті таңдау, медициналық болжамдар жасауда үлкен жетістіктерге жеткен.

Жаңа материалдар, молекулалар, энергия көздерін іздеуде инновациялық шешімдер береді. Әр адамға жеке бейімделген оқыту, тіл үйрену, ақпаратты жылдам жеткізу мүмкіндігі мол.

Төтенше жағдайларды болжау, табиғат апаттарын басқару, энергетикалық тиімділікті арттыруға аса қажетті кеңестер мен мәліметтерді бере алады. 

 

ЖС-дан қандай қауіп бар?

 

Кез келген ғылыми жетістік адамзатқа біткен, Хақтың қалауымен болған жасампаздықтың көрінісі. Бірақ кез келген ғылыми жетістік, ізденіс, көптеген кемшіліктердің де бетін ашып, қосалқы ғылыми саланың дамуына еріксіз мәжбүрлейді. 

 Міне, енді, осы орайда, ЖС дұрыс бақыланбаса, қауіпті екендігін де бір сыдыру шолып өтейік:

Автоматтандыру кейбір мамандықтарды қажетсіз етеді.

(Онсызда қоғамда, жұмыр жердің бетінде  жұмыссыздық пен жемқорлық бәсекеге түсіп, қанағатсыз   қалтамандар «әділеттің» төрінен  үкім айтып отырғандығын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Қорғансыздың төбесін жарып, төс етін паршалап отырған «өзімшіл» әлем ғой бұл.) ЖИ дәуірінде адам факторы мен әлеуметтік әділеттілікті сақтаудың маңызы аса зор.

Жасанды интеллекттің (ЖИ) және автоматтандырудың жаппай енгізілуі өндіріс, білім, медицина, қызмет көрсету сияқты  салаларды түбегейлі өзертеді. Бұл үдеріс өнімділікті арттырғанымен, жұмыссыздықтың жаңа толқынын туғызу қаупін де бірге әкеледі.

- Адамның еңбектік және рухани орнын сақтап, қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. ЖИ – экономикалық тиімділіктің ғана емес, әлеуметтік тепе-теңдіктің де сақтаушысы болуы керек. Ол адамды өндірістен ығыстырмай, керісінше, оның шығармашылық және рухани әлеуетін іске қосуға алдын ала мүмкіндіктер мен нұсқаулар, жобалар хаттамасын дайындап, хабардар етіп, жол көрсетіп, орныққанша  заңмен қорғап, автоматты түрде назарда ұстап  отыруы тиіс.

Кейде жасанды сананы арандатып,  ақпаратты бұрмалап, қоғамдық пікірді басқару үшін, сан түрлі жымысқы амалдарды қолдануы мүмкін. (Оған көлденең «ойыншылардың» көп әсері болуы мүмкін.) 

Қазірдің өзінде адамдардың бейнесін сомдап, сөйлетіп жүрген жоқ па?! Қаптаған жарнама, жансыз уағыз, емізіктенген сауда, елірген желбуаз ақпарат – соның барлығы сөзіміздің дәлелі.

 ЖС арқылы ұлттық мүдделерді көмескілендірудің немесе моральдық қақтығыстар туғызудың схемаларын «өрнектеуі» мүмкін.  

 Жастар  жасанды санаға тым көп сеніп, өз бетінше ойлауды азайтуы ықтимал, солай болып та жүр.

Қабырғасы қайысқанша, омыртқасы омырылғанша қалта телефонға  қарайтын балаларымыздың бүгінгі жағдайы бізге таныс. 

ЖС кибершабуылдарға бейім, мұны енді алпауыт елдердің қалауы деп түсінелік. Адамзат мақтаныш қылып жүрген «ақылды бомбалар» секілді «жаңалықтарға» тоқпыз, жасанды сананың осылай басқыншылық бағытқа ойысуы.., тіптен, қазірдің өзінде жедел жолға қойылуы таңсық емес, «игілігін» күштілер көріп жатыр.

«Бейтарап жүйе» концепциясы – жасанды сананы адамзатқа, бейбітшілікке қызмет етуге бағыттайды.

 Өмір мен рухани құндылықтың этикасын сақтайды.

Ғылыми және әлеуметтік шешімдерде бейтараптықты қамтамасыз етеді.

«Бейтарап жүйе» арқылы ЖС адамға қызмет етеді, бірақ ешқашан үстемдік етпейді.

Қазіргі жасанды сананың дамуы:  бәсекелестіктің «жеңу» мен «үстем болу» бағытын ұстанып, дөңайбаттың даңғылына түсіп алғаны соншалық, көз ілеспес жылдамдыққа ұласты.

 

«Бейтарап жүйе» – әділетсіздіктің арашашысы

 

Әлемге «...шоқпар көрсету»  дамыған елдерге тән құбылыс болып тұр, ғылымның жетістігі соғыс майданындағы «мәдениеттің» мәртебелі мінбері десек те болады. Болашақта ғылымның дамуына мейірім мен ізгіліктің жүйесін енгізетін «Бейтарап жүйе» концепциясы – осы орайда  адам факторының сақшысы, «саналы ғылым» бағдарын ұстанатын рухани және ғаламдық тепе-теңдіктің қорғаны болмақ.

ЖИ ақпаратты бұрмалау немесе қоғамдық пікірді басқару құралына айналған жағдайда, «Бейтарап жүйе» концепциясы  деректердің тазалығын, пікірдің әділеттілігін және шешімнің адамгершілік негізін қорғаушы сүзгі ретінде қызмет етеді. Ол сыртқы ықпал мен манипуляциядан азат, ақиқат пен сенімнің теңгерімді ортасын қалыптастырады.

ЖС тек компьютерде емес, тұрмыстық техника, көліктер, өндіріс жүйелері мен медицинада  жиі, үлкен деңгейде қолданыла бастады. Ол енді тоқтамайды, заманның талабы солай. Жақсылықтың нышаны делік. Алайда ЖИ саласында белгілі бір дәрежеге қол жеткізген алпауыт елдердің (империялық)  құпия саяси жоспарлары мен тұтас құрлықтардың көздеген мақсаттары, пиғылдары мүлдем басқаша  секілді, жүрек жұбатарлықтай мәліметтер тым аз, әрекеттері әбестікке жақын. Ойланасың, ұрпақ не болмақ?.. Мысалы, өзеннің суы пайдалы, алайда оны белгілі бір жүйеге бағындырып, ағысын тоспалап, тоғандап, су аяғын  жылғалап егістікке, шаруашылыққа икемдейсің.  «Бейтарап жүйе» концепциясы да сол секілді,  жасанды сананың ағысын адамзаттың, ұрпақтың пайдасына қарай бұруды, үздіксіз қадағалауды  қолға алудың бастау көзі. Басқа қандай амал бар?!

Бүгінгі таңда жасанды сананың  даму қарқыны экспоненциалды сипатқа ие, яғни уақыт өте еселеп қарыштайды. Бұның өзі адамзатқа қамсыз болмауды, тез бейімделуді, игеру мен сақтану шараларын қатар, бірге дамытуды ескертетін жағдай деп білеміз.

Адамзат жаңа технологияға үйрену мен оны қауіпсіз қолдануды баяу меңгереді, мүмкіндігі аз. Сол салғырттықтың салдарынан, жасанды сана алға кетіп, күтпеген шешімдер шығара алатын автономдық еркіндіктің кілтін өз қолына алуы мүмкін.

 Адамдардың сана деңгейі, тәжірибе қоры, оны ұрпаққа табыстау динамикасы – қайталанып отыратын табиғаттағы ауысу мен жалғасу үрдісіне бағынышты. Жасанды сана үзіліссіз дамиды. Адамдардың жаңа технологияны қабылдау деңгейі де әртүрлі, сондықтан әлеуметтік шиеленіс пайда болуы ықтимал.

Жасанды сана адамның күнделікті тұрмысына ене бастаған сайын тәуекелдер де артады: Автоматтандырылған ақылды көмекшілер, адамдардың өзіндік, дербес шешіміне кеңістік қалдырмайды.

Қоғамнан, өркениеттік шеңберден шеттеген (жұмыссыздық салдарынан) адамның (адамзаттың) рухани болымсыздыққа берілуі өте тез, шапшаң және әлемдік қасіретке айналуы лезде асқынады.

Міне, осы жерде «Бейтарап жүйе» концепциясының рөлі өте маңызды:

Уақыт факторын ескере отырып, ЖС адамзатқа қызмет етуге бағытталады.

Тұрмыстық қолдануда бақылау мен этикалық шектеулер орнатылады.

Ғылыми, әлеуметтік және құқықтық құрылымдар арқылы қауіпті минимизациялайды. ЖС адамзатқа дем беруші, жеңілдіктер сыйлаушы, заманауи жетістіктің, тек технологиялық дамудың ғана  өзегі емес, психологиялық тұманның, әлеуметтік  әркелкі мұқтаждықтың және этикалық құлдырау тұрғысынан да әсер етуші қуат көзінің нақ өзі болмақ.   Бірақ оны немесе жасанды сана тетіктерін бейтарап, дұрыс басқару арқылы пайдалы құралға айналдыруға, сол бағытқа талпынуды ойластыруға болады және мүдделіміз, міндеттіміз.

 «Бейтарап жүйе» ЖС жүйесіне енгізілгенде:

ЖС шешімдері адам құндылықтарына қарсы шықпай, бейтарап шешімдер шығарады. Жүйе   қауіпті алгоритмдерден қорғайтын «иммунитет» қалыптастырады.

ЖС пен адам арасындағы ынтымақтастық жаңа, тиімді, шығармашылық шешімдерге әкеледі. Егер бейтарап жүйе қазірден бастап енгізілсе, жасанды сананың дамуы мен адамдардың бейімделуі үйлесімді түрде жүреді.

Кеш қалса, жасанды сананың тәуелсіз шешім қабылдау қабілеті адамдық бақылауды қиындатады. Сондықтан уақыт – басты ресурс: оны жоғалтпай, тез әрі жүйелі интеграцияға көшірудің уақыты келді. ЖС жүйелерінің әрекетін үздіксіз бақылау, әлемдік стандарттарға сәйкес ережелерді енгізуді тездетеді.

 Иә, адамзаттың қолында әзірше бұл шараларды орындауға толық мүмкіндік бар. Бірақ адамзатта уақыт тапшы, себебі өзінен басқа жауы жоқ, соғыстан басқа  талабы жоқ. Бәрі де адам үшін дейміз, бірақ шындықтың іргесі сөгіліп бара жатыр. Қараңыз!..

«Мен» мен «Мәннің» болашағы:

«Мен» (өздік сана) – адамның жеке тәжірибесі, ойы, шешім қабылдау қабілеті.

«Мән» (өмір мәні, құндылық, миссия) – адамзаттық, рухани және мәдени аспектідегі маңызды бағыт.

ЖС пен автоматтандыру дамыған сайын:

Күнделікті шешімдер мен өндірістік процестер ЖС арқылы жүзеге асырылады.

Адамның өздік шешім қабылдау мүмкіндігі азайып, «Мен» сезімі әлсірейді, торығады.

Өндірістік және гуманитарлық салаларда адамның рөлі азайған сайын, өмір мәнін іздеуде адаса бастайды, дағдарыс туындайды.

 Гуманитарлық салаларда да шығармашылық жұмысқа ЖС араласа бастады: музыка, жазу, дизайн, білім беру (т.с.с.) ақыл-ой, сезім өлшемдеріне назар салып көріңіз. Сезімсіз, жүректен шықпаған өнер туындысын, жүрекке қалай жеткіземіз?.. Жүрегі жабық сана ол туындыларды қаржылық теңгеріммен ғана қабылдайтын болады. Сұлулық – ақша мен құмарлықтың қолжаулығына, рухани дастарқанның майлығына айналады. Кірдің суындай төгіліп, шараптың «шаттығындай» есіріктенген тобырдың аяғына шұлғау болады. Таланттар туылмайды, себебі: «...ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты» олар шығатын биіктіктердің барлығын жасанды сана иелеп алады. ЖИ өнер мен мәдениетке араласқан тұста «Бейтарап жүйе» концепциясы шығармашылықтың рухани тепе-теңдігін сақтауға бағытталады. Ол технологияның емес, адамның жүрегінен туған шабыттың басымдығын қорғайды. Таланттың тұншықпауын, рухтың еркіндігін, адам факторын бірінші кезекте бағалайтын болады.   

Егер дер кезінде мән бермесе, шындығында да, шырғалаңға түсеріміз анық, нәтижесінде адамның нақты еңбек рөлі мен шығармашылық мәні бірдей қысқарады. Өндірістік және гуманитарлық сектордағы ЖС қолданысқа тереңдеп орныққан сайын, осылай шарасызданып, адамның өзіндік құндылығы жалпы қоғам деңгейінде төмендеуі мүмкін.

 

Шығармашылық пен адамгершілік қорғансыздың күнін кешпеуі тиіс!

 

Адамзат технологияға тәуелді болып, өз санасын толық пайдаланбай, рухани дамудан алыстайды. Өзіндік мән мен миссиядан айырылған адам тек тұтынушыға айналады, қоғамда шығармашылық пен адамгершілік құндылықтар қорғансыздың күнін кешеді. Жасанды сананың аламандарына «есеп пен нәтижеден» басқаның барлығы «арам шөп» сияқты көрінеді. 

Негізінде  ұлттық тарихты, мәдени мұраны сақтау мен жеткізу жеке адамдар арқылы жүзеге асады. Ол тек адамға тән ізденістің, таланттың, отаншылдықтың және сезім мен сананың, сүйіспеншіліктің жиынтығы екендігін білеміз. Бұл киелі еңбек пен ұғымды жасанды сана сезімсіз ақпараттық тасқынмен тұншықтырып тастайды. 

 Егер қоғамдағы адамдар тек технологияға тәуелді болып, салт-дәстүр мен тілге қатысы азайса, ұлттық мәдениет «музейлік» деңгейге түсіп, өміршеңдігін жоғалтады. Мәдениет, этика, рухани даму тек символдық деңгейде қалады. Дәстүрлі дін әлсіреп, өркениеттен, қоғамнан шеттеген адамдар діни сектанттардың көзсіз  ашуға булыққан армиясына айналуы бек мүмкін. Торыққан тобырдың санасын өзіне бұрып алғасын, «жарылқаушы» ұйымдар, ғылым мен білімге, адамзаттың жеткен жетістігінің барлығына өшпенділікпен қарап, жау бола бастайды, өркениеттің қирағанын сонда көресіздер. Құдай сақтасын, тфә-тфә, дегенмен сақтанған дұрыс.

Егер адамдар қоғамнан шетқақпай көрсе, мемлекеттің қызметі формалды сипатқа ие болады.

 Жұмыссыздық пен әлеуметтік шеттету ықпалы жасанды санаға тірелгенде, мемлекеттің бақылау мен қолдау функциялары сенімсіздіктің аралы сияқты елсіздене бастайды.

 Мемлекет пен ұлттық идеялар тек символикалық деңгейде қалады. Қоғамдағы нақты байланыс пен бірліктің тұзы кетіп, құн мен рухани құнары  сылдыр судай жел сөзге, бағытсыз ағымға ұласады. Жасанды санаға үңілген ұрпақтың махаббаты – «сан мен есеп, нәтижеге» деген «ғашықтықпен» өмір сүреді. 

Ұлттық тіл.., «Мен» мен «Мән»  және адамға тән сезім мен сенімге деген қажеттілік күйрегесін, рухтың  мүжәлсіз мүрдесі жүректен кебін іздей бастайды. Адамдар тірілей өз болмысының «табытына» айналады.

Қоғамда адам белсенділігі жоқ болса, мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік рөлдері тек қағаз жүзінде қалады. Адамдар мемлекеттің шешімдеріне қатыспайды. «Саяси белсенділік»  көрінген көлеңкеге қол жаятын дәрежеге жетеді. Адамдардың ұлттық мақтанышы мен бірлігі төмендеп, қоғам рухани  нигилизмнің «шыңынан» шыңырауына секіре бастайды.

Адам өзінің ішкі энергиясын, рухани күшін жоғалтып, тек сыртқы стимулдарға тәуелді болады.  

Бұл психологиялық деңгейде ішкі шиеленіс пен қалтарыстағы қанағаттанбаушылық дертін арттыруы мүмкін.  Адам «жабайылықтың кебін» киеді – сыртқы цивилизация белгілері сақталып, ішкі психологиялық, моральдық және рухани деңгейде деградация болады.

Алпауыт елдер мен корпорациялар жасанды сананы өз мүддесіне пайдаланады. Ұлттық мүдде мен рухани құндылықты аранға тоғытып болғасын, бос, моральдық тұрғыдан иесіз қалған кеңістікті, жер байлығын, ел байлығын, банк жүйелерін, кәсіпкерлік салалардың меншігін, сауда-саттық жүйелерін, идеяларын талапайға салуы мүмкін. Жасырын қаржы айналымының схемаларымен жарақтанған «цифрлық қарақшылар»  қазірде бар. ЖС автономдық дәрежеде дамыған сайын билік пен байлықтың айқасы күшейіп, бұқара халық дәрменсізденіп, демография құлдырап, адамзат қоғамындағы теңсіздік тереңдейді.

Ғалымдар ЖС дамуының бастапқы кезеңінде ғана маңызды болады. Ал автономды ЖС адам әрекетінсіз шешім қабылдай бастағаннан кейін,  ғылымдағы тұлғалардың да құны көк тиын болуы мүмкін.

Бұл ғылым мен білімнің адамзат үшін қолданыстағы құндылығын қысқартады. (Мұның барлығы болжам ғана және жеке пікір ретінде қабылдарсыздар. Мүмкін бұл мәселелердің өркениеттік шешімі дайын болар, әйтседе танымдық ізденістің артықшылығы болмас.)

Иә, «Бейтарап жүйе» концепциясы – бұл адамзат пен жасанды сана арасындағы тепе-теңдікті сақтау, адамзаттық және ұлттық рухани құндылықтарды қорғау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және ғылымды дұрыс бағыттау құралы.

 

Сабыр Адай Шеркешбайұлы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

 Авторлық құқық:

Бұл мақалада ұсынылған «Бейтарап жүйе» атты ғылыми-философиялық тұжырымдама Сабыр Адай Шеркешбайұлының зияткерлік меншігі болып табылады.

Идея Safe Creative және Copyright Depot ұйымдарында тіркеліп, куәлікпен расталған.

● Safe Creative сертификат нөмірі: SC-2504121441622

● Copyright Depot тіркеу нөмірі: CD-94487-1

● Бұл материалдың кез келген бөлігін рұқсатсыз көшіру, тарату немесе ғылыми айналымға енгізу авторлық құқықты бұзу болып есептеледі.

«Qazaqstan dauiri» газеті 

(№16 (1541) 17 .04 .2025 ж.) 

 

 

 

30.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19779
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34727
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33298
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37120