Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, ел-жұртты алаңдатып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың аса ауыр түрлерін жасауға бейім келетінін ескерсек, бұл мәселе аса өткір екенін амалсыз мойындауға мәжбүрміз. Мамандардың айтуынша, полиция бөлімдерінде есепте тұратын балалардың басым бөлігі жайсыз жанұялардан шығады екен. Ал енді олардың бір тобы ата-анасының бала тағдырына келгенде салғырттық танытуы салдарынан теріс жолды таңдауда.
– Қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым көпшілігінің отбасылық жағдайы нашар. Олар дұрыс тәрбие көрмей, жүгенсіз кетеді. Нәтижесінде, нақты мақсат-мүддесі жоқ жеткіншектер қылмыс жасайды. Шамамен он шақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты еді. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, жиі кездеспейтін. Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауысты. Шын мәнінде, әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Себебі отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды, – дейді психолог Дана Сәдуақасқызы.
Жалпы, тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қанша жерден жұмыс жасап жатыр десек те, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінен түспей тұр. Құзырлы органдар тарапынан қолға алынған «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» сондай-ақ «Мен және менің полицейім» жедел- профилактикалық іс-шараларының маңызы зор екені түсінікті. Қазіргі таңда бұл бағдарламалар өз нәтижесін беріп те үлгерді. Айталық, өткен жылы өңірлік полиция департаментінің бөліністеріне кәмелет жасына толмаған 6724 жасөспірім жеткізіліпті. Ал ұл-қызының түнгі мезгілде тыйым салынған қоғамдық ортада жүргені үшін 5465 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, 535 жеткіншек арнайы бейімдеу орталықтарына орналастырылған.
– Құқық қорғау қызметкерлері жедел профилактикалық іс-шаралар барысында 3821 бірлескен рейдтік жұмыстарды ұйымдастырды. Бұл күндері 10 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 252 жайсыз отбасы анықталып, есепке алынды. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 247 жасөспірім мен 292 жайсыз отбасы есепте тұр. Ал 62 ата- ана құқығынан айырылса, 18 жеткіншек арнайы мектептерге оқшауланды, – дейді облыстық полиция департаментінің өкілі Әлішер Калышев.
Былтыр облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық сотында кәмелетке толмағандарға қатысты 50 қылмыстық іс қаралған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда арта түсіпті. Яғни, есепті кезеңде қылмыс саны 43-тен 50-ге көбейіп, 77 пайызды құрап отыр. Биыл сот үкімімен 5 жеткіншек бас бостандығынан айырылған. Аталған соттың бас маманы Жасұлан Шыршықбаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасында қалта ұрлығы белең алып тұр.
– Мәселен, Ж. есімді сотталушы жеткіншек бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқырғаны үшін сот үкімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қылмыстық- атқару жүйесіне бағынысты қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Алғашында құны 5 мың теңге тұратын әмиянды қолды қылған ол уақыт өте оңай ақша табуды кәсіпке айналдырып үлгерген. Сот процесі барысында жасөспірімнің бір жылдың ішінде бірнеше рет қалта ұрлығын жасағаны дәлелденді. Осылайша ол шаһардың бейбіт тұрғындарына 100 мың теңгеден астам шығын келтіріп отыр. Өкініштісі, ұрлық жасаған жасөспірімдер өз қылмысын мойындаудың орнына бой тасалауға әрі өзгелерді кінәлауға бейім келеді, – дейді Жасұлан Оразбекұлы.
Ел Үкіметі балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау әрі оларды тәрбиелеу мақсатында арнайы мектептерді де ашты. Дәл сондай оқу ошағының бірі Тараз қаласында орналасқан. Мұнда 11 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге орналастырылады. Оспан Күнтубаев басшылық ететін мекемеде бұл күнде 23 бала тәрбиеленуде. Ал олардың тәртібіне 15 мұғалім мен 19 тәрбиеші жауап береді. Оспан Оразбекұлы да мұндағы балалардың басым бөлігі жайсыз отбасынан шыққанын, тіпті кейбірі ата- анасынан қорлық көріп өскенін алға тартады. Тәжірибелі басшы балалардың мектептен кейінгі өміріне алаңдайтынын да жасырмады.
Тілші түйіні:
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселеде оңтайлы шешім табу, шалыс басқан жеткіншекті түзу жолға салу – ең бірінші ата-ананың міндеті. Әйтпесе бүгінгі біздің қоғамның мүшелері қит етсе, ұстаздар мен құқық қорғау қызметкерлерін кінәлауға құмар. Әр ата-ана ұл-қызын қате қадам жасаудан сақтандырмайынша, олардың адасуы жалғаса берері сөзсіз.