Адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоршаған ортаға тигізер зиянды барынша азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған экономикалық даму моделін жасыл экономика деп атаймыз. Бұл термин өткен ғасырдың аяғында экономиканың бір саласы ретінде пайда болды. Жасыл экономика тұжырымдамасы нені көздейді? Ол табиғат пен қоғамға қатысты экологиялық экономика, жасыл саясатқа қатысты экономика, ресурсқа негізделген экономика, халықты дамыту сияқты экономикалық ғылымды қарастырады.
Жасыл экономиканың басты мақсаты
Табиғатты қорғау: Климаттың өзгеруін тежеу, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайту және экологиялық ахуалды жақсарту.
Ресурстарды үнемдеу: Сарқылмайтын энергия көздеріне (күн, жел, су) басымдық беріп, сарқылатын табиғи қорларды (мұнай, көмір) тиімді пайдалану.
Қалдықсыз өндіріс: Заттарды қайта өңдеуге (рециклинг) және табиғи капиталды қалпына келтіруге бағытталу.
Негізгі бағыттары
Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК): Су, күн, жел және биогаз электр стансаларын салу.
Экологиялық көліктер: Қоғамдық көлікті жаңартып, электромобильдерді көбейту.
Қалдықтарды басқару: Зиянсыз технологияларды қолданып, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу.
Органикалық ауылшаруашылығы: Химиялық тыңайтқыштарды пайдаланбай, табиғи таза өнім өндіру жұмыстарын қолға алу.
Қазақстан да осы тұжырымдамаға сәйкес дамып келе жатқан елдердің қатарында. «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында елімізде энергия тиімділігін арттыру және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бастауды қолға алып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғау экономиканың негізгі бағыттарының бірі деп атап өтті. Осыған орай еліміздің көп өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін азайтып, шөлейттенуді ауыздықтау мәселесі қолға алынуда. Мемлекет басшысының ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жайлы жоспарланған жобалары жұмыс істеуде.
«Біз жүргізіліп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық реформалармен қатар жүруі тиіс екеніне сенімдіміз. Дәл осы тәсіл бізге орташа табыс тұзағынан шығып, дамудың келесі деңгейіне өтуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз шын мәнінде нарықтық, еркін және бәсекеге қабілетті экономика құруға бағытталған ел үшін жаңа экономикалық бағытты жүзеге асырып жатырмыз. Жасыл экономиканы дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия секторын дамыту біздің төмен көміртекті даму стратегиямыздың басымдықтары болады, ол 2060 жылға қарай нөлдік шығарындыларға оңтайлы жол береді, – деп атап өтті Президент.
Иә, қазіргі күні өкінішке қарай, табиғатымыз ластанып, климаттың өзгеруі нашарлап бара жатыр. Оған біз немқұрайды қарамауымыз тиіс. Өзен бассейндерінің және биоәртүрліліктің азаюына экологтар дабыл қағуда. Газдар мен ауаның кең таралған ластануы булануды көбейтіп, мәселені одан әрі күрделендіруде. Ендеше жасыл экономиканың мәні мен мақсаты адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен экологияға қажетті ресурстарды сақтай отырып, экономиканың барлық салаларын дамыту екен.
















