«Жасыл ел»: еңбек пен тәрбие ұштасқан орта

«Жасыл ел»: еңбек пен тәрбие ұштасқан орта

Оралдық жастар «Жасыл ел» еңбек жасағының аясында шаһарды гүлдендіріп, көркейту жұмыстарына атсалысуда. Олар осылайша жасыл қаламыздың келбетін сақтауға өз қолтаңбаларын қалдыруда. 

Жастарды еңбекке баулып, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды және экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, сондай-ақ бос уақытын тиімді ұйымдастыруды көздейтін «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында 300-ге жуық жас еңбек етуде. Жазғы еңбек маусымына 16 мен 35 жас аралығындағы жастар, соның ішінде мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ уақытша жұмыс іздеп жүрген жас буын қатысуда. 

– «Жасыл ел» жобасы жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, адал еңбегімен табыс табуына мүмкіндік береді. Еңбек жасағының мүшелері қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысып, саябақтар мен гүлзарларды күтіп-баптайды, ағаштарды суарады, арамшөптерді отап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және көше бойларын ретке келтіруге үлес қосады. Сонымен қатар экологиялық сенбіліктерге қатысып, қаланың ажарын айшықтайтын өзге де жұмыстарды атқарады, – дейді Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының консультациялық қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Алма Төлепқалиева.

Орталық өкілінің айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері тек еңбекпен ғана шектелмейді. Жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында олар үшін тәрбиелік, мәдени, спорттық және зияткерлік бағыттағы түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Атап айтқанда, білімін толықтырып, логикалық ойлау қабілетін шыңдауға арналған қазақша Quiz зияткерлік ойындары, бос уақытты мазмұнды өткізуге бағытталған акустикалық музыкалық және кино кештері, салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық жарыстар мен командалық тимбилдинг ойындары өткізіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік жастар саясаты, құқықтық және қаржылық сауаттылық тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалуда.

– Орал қаласындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алғашқы маусымына қатысқан жастар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, облыс орталығын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына елеулі үлес қосты. Ал шілде айында басталған екінші маусымның жасақ мүшелері бүгінде еңбек эстафетасын жалғастырып, қоғамдық орындардың тазалығы мен қала келбетін көркейтуге бағытталған жұмыстарға белсене атсалысуда, – деді Орал қалалық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының консультациялық қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Алма Шапбазкерейқызы.

Орталық мамандарының айтуынша, «Жасыл ел» – жай ғана маусымдық жұмыс емес. Бұл – жастардың еңбекке деген құрметін арттырып, жауапкершілікке баулитын, туған өлкеге деген жанашырлық сезімін қалыптастыратын маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарлама жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне, бос уақытын тиімді өткізуіне және қоғамдық өмірге белсене араласуына кең мүмкіндік береді.

Осылайша, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы – жаз мезгіліндегі уақытша жұмыспен қамту бағдарламасы ғана емес, еңбекқор, жауапты әрі елжанды ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды жоба. Туған қаланың көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жастардың еңбегі қоғамның дамуына серпін беріп, өскелең буынның азаматтық ұстанымы мен еңбекке деген құрметін нығайта түсуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

БҚО, Орал қаласы

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25927
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43323
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43729