Зейнетақы жүйесін реформалау қарызға батқан халықты тығырықтан шығара ала ма?

Зейнетақы жүйесін реформалау  қарызға батқан халықты тығырықтан шығара ала ма?

Қазақ атамыз «Бейнетіңнің зейнетін көр» дейді. Алайда бүгінгі заманда бейнетіңнің зейнетін көру мүмкін бе? Бұған нақты жауап беру өте қиын. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықта ерлер жер шұқылап, әйелдер сөмке арқалап кеткені шындық. Мемлекет еңсесін тіктегенше халық айлық ақшасынан зейнетіме деп  жинамақ түгілі, күнкөрісіне әрең жеткізді емес пе! 

Бүгінгі күні де алқымнан алған қымбатшылық кесірінен  айлығы шайлығына әрең жететін адамдар қарасы көп. Олардың да өз айтар уәждері жетерлік. 

Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – қарттық шақта табыс көзімен қамтамасыз ету. Алайда сол зейнетақы жинақтары «жыртықты жамауға», қарттық шақта демеу болуға қауқарлы ма? Әлеуметтік желіде сенат депутатының 2 сәуір күнгі депутаттық сауалы үлкен дүмпу туғызуда. Оған депутаттың «қазақстандықтарды жасына емес, еңбек өтіліне байланысты зейнетке шығаруды ұсынуы» себеп болуда. Осылайша Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов азаматтарды зейнетке шығару тәртібін қайта қарауды ұсынып, еңбек өтіліне негізделген жаңа үлгіге кезең-кезеңімен көшуді көтерді.

Сенатордың айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйе толықтай заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Әсіресе, жаңа конституциялық өзгерістер аясында зейнетақы саласын қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.

Ол зейнетақы тағайындауда тек жас мөлшерін емес, азаматтардың еңбек өтілі, еңбекке қабілеттілігі және еңбек нарығындағы жағдайлар ескерілуі тиіс екенін атап өтті. «Зейнетақыға шығу тәртібі тек жасқа байланысты болмауы керек. Азаматтың қанша жыл еңбек еткені, оның жұмысқа қабілеті мен нарықтағы рөлі негізгі факторлардың бірі болуы тиіс. Сондықтан бұл бағытта кезең-кезеңімен еңбек өтіліне негізделген модельге көшу орынды», – деді сенатор.

Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және бейінді ұйымдардың өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобын құрды. Зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін жалғастыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен сарапшылар қауымдастығы және үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Кездесу барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты ұсынылған тұжырымдамалық тәсілдерді жан-жақты талқылады. Кеңеске қатысушылар әлеуметтік кепілдіктер, азаматтардың әртүрлі санаттары үшін төлемдердің жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мәселелерін және ұзақ мерзімді демографиялық үрдістерді ескеру қажеттілігін алға тартты. Жұмыс тобының қызметі шеңберінде сарапшылар мен бейінді институттар жүйені жаңғыртуға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық тәсілдерді ұсынды. Олардың әрқайсысы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры медианалық жалақыға қатысты орташа айлық табыс пен жүйеге қатысу еңбек өтіліне негізделген әлеуметтік зейнетақы төлемі жүйесін енгізу тәсілін ұсынды. Бұл модель тек жинақтаушы жүйеге тән тәуекелдерді азайтып, төлемдердің ынтымақтастық және болжамдылық қағидаттарын енгізуге бағытталған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші жарналарының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдас бөлікке аударуды көздейтін модельді таныстырды. Бұл шешім азаматтарға өмір сүру ұзақтығына қарамастан өмір бойы қаржылық қолдау көрсетіп, ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғмановтың ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азаматтарды қолдауға бағытталған ұсынысы да талқылануда. Атап айтқанда, 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтар үшін, әсіресе бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты, зейнетке шығу уақытын икемді реттеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.

Аталған тәсілдерді талқылауға беделді сарапшылар, оның ішінде БҰҰ жанындағы Астанадағы мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ Болат Жәмішев, Ораз Жандосов пен Елена Бахмутова қатысуда. Бұл отырыс әлі жағасын табары сөзсіз!

 

Адамдар мемлекетке масыл ма?

Осы ретте айта кетуіміз керек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқа ведомстволармен бірлесіп, зейнетақы жүйесін реформалаудың екі моделін қарастырып жатыр. Бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным Үкіметке шілде айының басында ұсынылмақ.

Ұсынылып отырған нұсқалардың бірі – «4+1» моделі. Бұл модель бойынша жұмыс берушінің қосымша міндетті зейнетақы жарналарының 4 пайызы қызметкердің жеке жинақтаушы зейнетақы шотына, ал 1 пайызы ортақ сақтандыру қорына аударылады.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балама нұсқа ұсынып отыр. Бұл жағдайда барлық қосымша жарна ортақ қорға жинақталып, кейіннен төлем алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлінеді.

– Бұл талқылаулар әлі де жалғасып, жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Осы айдың соңына дейін қай жобаны таңдайтынымызды нақтылауымыз қажет. Ал шілде айының басында Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен ортақ ұстанымды Үкіметке енгіземіз, –деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Ол қазіргі уақытта жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарын 3,5 пайыз мөлшерлемемен аударып жатқанын еске салды. Болашақта бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Осы ретте министр бұл мәселеге қатысты өзінің жеке пікірін де білдірді. 

– Әртүрлі көзқарас бар. Жеке өзім «4+1» моделін қолдаймын. Себебі бұл жоба дұрыс әрі тиімді көрінеді. Сонымен қатар сақтандыру зейнетақысын да қолдаймын. Сондықтан ай соңына дейін талқылау жалғасады. Келесі айдың басында қай нұсқаны таңдағанымды және оның артықшылықтарын түсіндіре аламын, – деді ол.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін реформаның нақты моделін таңдап қана қоймай, қажетті заңнамалық түзетулерді де әзірлеу жоспарланып отыр. Алайда, өзгерістерді енгізу мерзімі әзірге нақтыланбаған. 

– Бұл мәселе әлі талқыланады. Зейнетақы реформасы келесі жылдан бастап енгізіле ме, әлде екі жылдан кейін жүзеге аса ма – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Елімізде қолға алынып жатқан зейнетақы жүйесінің қозғаушы күшіне сенат депутатының депутаттық сауалы да әсер еткен болуы мүмкін. Осыған орай белгілі жазушы, журналист Нұрлыбек Саматұлы ФБ желісінде мынадай жазба қалдырды.  «Сенат депутаты Амангелді Нұғыманов көкек айында қазіргі зейнетақы жүйесін қайта қарауды ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған болатын. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жақында талқылау өткізіпті. Сенатордың ұсынысы бойынша, азаматтардың зейнет демалысына бұрынғыдай белгіленген жасында емес (мысалы ер-азаматтар 63 жасында емес), еңбек өтіліне байланысты, яғни еңбек өтілі 40 жыл болғанда ғана шығуы керек екен. Оның осы ұсынысы өтіп кетсе, адамның еңбек өтілі 40 жылға толғанша зейнет демалысына шыға алмайды, қашан ол өтілі түспегір 40 жылға толғанша сүйретіліп жүре беруі тиіс.  

«Бұл реформа, – депті «ақылды сенатор», – жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, масылдық пиғылдан арылуға, азаматтардың жұмысқа деген жауапкершілігін күшейтуге септігін тигізеді».

Міне, біздің «ақылды сенатордың» ұсынысы. Оның ойынша, адамдар жұмыс істегісі келмейді екен, масыл екен, жұмысқа деген жауапкершілігі жоқ екен».Амангелді Нұғыманов деген мұндай «ақылды» адамның ұсынысы, талқыламақ түгілі, тыңдауға да тұрмайды. Өйткені оның ойсыз ұсынысы миллиондаған қазақстандықты сергелдеңге салғалы тұр».

 

PS: Министрлік өзі бастамашы болып зейнетақы жүйесін  қолға алып жатқанда “Қазақстанда несие жүктемесі жоғары: халықтың 70%-дан астамы қарызға батқан” деген ақпарат тарады. Demoscope Қоғамдық пікірді жедел мониторингтеу бюросы жүргізген сауалнамаға сәйкес, Қазақстандағы қарыз алушылардың 46,7%-ы ай сайынғы табысының жартысынан көбін несие төлемдеріне жұмсайды. Зерттеу 2026 жылғы 10-23 мамыр аралығында өткізіліп, ел тұрғындарының несие жүктемесі жоғары екенін көрсетті. Бұл туралы Qaz365.kz сайты жазды. Сауалнама нәтижесіне сай, респонденттердің 72,7%-ында несие немесе қарыз бар. Олардың 39,7%-ы бір несие алса, 33%-ы бірнеше несиеге ие. Қарыз алмағандар үлесі 27% болып отыр. Несие түрлері ішінде тұтынушылық несие 70,4%-бен ең кең таралған. Сондай-ақ 45,7% азамат бөліп төлеу жүйесін қолданады, 22,1%-ы туыстарынан, достарынан немесе ломбардтардан қарыз алады. Автокредит 14,4%, ал ипотека 13% деңгейінде тіркелген.

Зерттеу қарыз жүктемесінің айтарлықтай екенін де көрсеткен: респонденттердің 46,7%-ы табысының 50%-ынан астамын несие төлеміне жұмсайды. 24,5%-ы табысының 25-50% аралығын, ал 20,3%-ы 25%-дан аз бөлігін қарыз өтеуге бағыттайды. 

Мақаланың соңында айтқымыз келгені, банктерге қарызға белшеден батқан халықтың зейнетақы қорларына ақша аударуы мүмкін бе? Бұл абсурд емес пе!  Үкімет бірінші халықтың қарызынан құтылу жолдарын қарастырып, қымбатшылықты ауыздықтап, зейнетақы жүйесі туралы мәселені содан кейін әңгіме етсе жарасар ма еді?

Иә, бұған дейін қаржы реттеуші органдар несие беру талаптарын қатаңдату шараларын күшейткені рас. 1 шілдеден бастап несие беру кезінде қарыз жүктемесі мен табыс арақатынасы көрсеткіштері есепке алынып жатыр. Бірақ сондада банктерден қарыз алуға тәуекел етушілер баршылық. Осының өзі-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігінің қай деңгейде екеніне, қарызы бар адамның зейнетақы қорына “құштарлық танытпайтынына” көрсеткіш емес пе! 

Нағашыбай Қабылбек

25.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26000
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25451
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42848
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38671
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43246