Жер қатынастары саласы – экономикалық, әлеуметтік және құқықтық аспектілерді зерттейтін кешенді жүйе. Барлық мемлекет үшін жер ресурстары стратегиялық маңызы бар актив болып саналады. Ауылшаруашылығының дамуына, қалалар мен өнеркәсіптің өсуіне, экологиялық тұрақтылыққа олардың тиімді басқарылуы өз әсерін тигізеді. Жердің меншік нысаны мен оны дұрыс пайдалану тәртібі – жер қатынастарының негізгі шарты. Жер құқықтық жағынан жеке, мемлекеттік немесе өзге де меншікке қарайды. Бұл меншіктердің өз ерекшеліктері мынадай: меншік иесі жеке меншік жерді қалаған мақсатта пайдалана береді, алайда заңда көрсетілген шектеулерге бағынуы тиіс. Ал мемлекеттік жерлер стратегиялық мақсаттарға: қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылым, әлеуметтік жобаларға пайдаланылады.
Жерді пайдалану режимі маңызды мәселе болып саналады. Сондай-ақ жерді әртүрлі пайдалану тәсіліне ауылшаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қоршаған ортаны сақтау секілді бағыттар кіреді. Жер пайдалану мен меншік арасында кей кездері кедергілер болып қалады. Мәселен мемлекеттік қорғаныштағы аймаққа зақым келтіру немесе жеке меншікке тиесілі жер учаскесін заңсыз пайдалану құқықтық және әлеуметтік қайшылықтарға соқтырады.
Тек құқықтық нормаларды сақтауымен жер қатынастарының тиімділігі шектелмейді. Жер ресурстарын тиімді басқарудың экономикалық және экологиялық аспектілері бүгінгі таңда өте маңызды. Жерді экономикалық жағынан дұрыс бағалау мен тиімді пайдалану мемлекеттің бюджеттік мүмкіндіктерін жақсартады. Сондай-ақ өндірісті және қала құрылыстарын, ауылшаруашылығын дамытуға жағдай жасайды. Жер ресурстарының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге табиғатты сақтау, шөлейттенудің, топырақ эрозиясының алдын алу секілді жұмыстар өз әсерін береді.
Жер қатынастары мәселесі елімізде үлкен өзекті мәселеге айналып отыр. Біздің жер қорымыз көлемді болғанымен, біраз бөлігі ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптік мақсатқа жарамайды. Меншік пен жер пайдалану мәселелерінде тарихи және құқықтық кедергілер де болып тұрады. Осыған орай меншік құқықтарын қорғауды күшейту, жерді тиімді пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік саясат бұл бағытта жер реформаларын жүргізеді.
Сонымен жер қатынастары дегеніміз – әлеуметтік, экономикалық және құқықтық факторлармен байланысты кешенді сала болып есептеледі. Оны тиімді басқару экологиялық жауапкершілікті қажет етеді және реттеп, дамыту тек заңнамалық негізде жасалмайды. Жер ресурстарын дұрыс пайдалану мемлекет пен азаматтардың ортақ мүддесін қамтамасыз ететін маңызды құрал болып саналады.
Агроөнеркәсіптік
кешен негіздері
Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) – экономикалық тұрғыдан Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосатын маңызды саланың бірі. Ол ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларының басын біріктіреді. Бізде агроөнеркәсіптік кешен 1980 жылдары құрыла бастады. Агро-өнеркәсіптік кешеннің мақсаты – өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтап қалу.
Агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай жұмыс істеп, қолжетімді нәтижеге жетуі үшін техникалар соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталғаны дұрыс. Сонымен қатар бұл салаға үнемі тоқтаусыз жұмыс істеуіне әртүрлі техника, құрал-жабдықтар, техника қажет. Қазақстанда ауылшаруашылығына қажетті 400 техника түрі ғана бар. Міне осыған орай елімізде біраз жұмыстар қол еңбегімен атқарылады. Сондай-ақ Кеңес Одағы заманындағы ескі техникалар қолданылып келеді. Әйтсе де бізде өндірістер ақырындап өсуде.
Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың барлық саласын біріктіретін үлкен жүйе болып есептеледі. Ал шикізатты-минералды базаларды алмастыруға агроөнеркәсіптің шамасы жетеді. Егер де осы кешен қарқынды дамыса, қазба байлықтың пайдасындай зор мүмкіндігі бар. Осыған байланысты Президент аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналады деп атап кеткен болатын. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығына мемлекеттік қолдау да күшеймек.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы қабылданып, елімізде қарқынды шаруалар атқаруда. Үкімет отырысында алдыңғы жылдары Агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бекітіліп қаралған еді. Президентіміз жобаны іске асыру үшін инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде арттыру, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге көбейтуге, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бағытында біраз тапсырмалар берді.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ауылды жерлерде тұратын халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын жақсарту. Осыған орай «Ауыл – Ел бесігі » жобасы аясында елді мекендерді өркендету жұмыстары атқарылуда. Бастысы жақсы жол мен су мәселесі, ауылды жерлерде білім беру мен медициналық орындарының қазіргі заманға сай қызмет көрсетілуі қажет. Ауыл тұрғындарының басты мәселесі – жұмыссыздық алдыңғы орында тұр. Осыған орай ақырындап кәсіпорындардың ашылуы елді мекендегі жұмыссыздықтың азаюына өз жәрдемін бермек.
Ауылшаруашылығын
дамытудың жолдары:
1) интенсивті (тыңайтқыштарды, техниканы тиімді пайдалану)
2) экстенсивті (жер немесе мал басының артуы),
Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі саласы:
Ауылшаруашылығына қызмет ететін салалар: ауылшаруашылығында тыңайтқыш, жем-шөп, техника өндіріп, машинамен жабдықтау.
Ауылшаруашылығының өзі: егіншілік, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы.
Өнімді өңдеу және өткізу салалары: тамақ, өнімді сақтау, тасымалдау жеңіл өнеркәсіп.
Жер реформасына байланысты санаттар:
1) халықтың жеке шаруашылығы (саяжай, бау-бақша, олардан түскен өнім).
2) шаруа қожалығы (шаруаға жарамды жерді пайдаланып, отбасылық бірлестіктер ұйымдастыру, жерге ауылшаруашылық өнімдерін пайдаланып, өнім алу).
3) ауылшаруашылық кәсіпорындары (заңды түрде жұмыс жасап, саланың негізгі қызметтерін орындайтын ұйымдар).
















