Былтыр мемлекеттік мелиоративтік мониторингімен облыс аумағындағы барлық 231,6 мың гектар суармалы жерлер қамтылса, оның 8,2 мың гектары Тараз қаласы аумағында. Мониторинг нәтижелері бойынша облыстың суармалы жерлерінің 122,8 мың гектарының мелиоративтік жағдайы жақсы, бұл 53 пайызды құрайды. 56,9 мың гектар, 25 пайыз суармалы жердің жағдайы қанағаттанарлық және 51,9 мың гектары немесе 22 пайызы қанағаттанарлықсыз деп бағаланды. Мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз суармалы жерлердің басым бөлігі 31,9 мың гектар немесе 61 пайызы Байзақ, Жамбыл, Талас және Мойынқұм аудандарында. Бұл аудандарда суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы аумақтың геологиялық құрылымына, сондай-ақ гидрологиялық және ирригациялық факторларға байланысты. Соңғы бес жылдағы егілген дақылдар мен берілген су көлемі арқылы есептік суару мөлшері және орташа үлестік алынған су көлемдері есептеліп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыздану коэффициенті (Кс<0,75) төмен, яғни барлық аудандарда да суармалы сумен қамтамасыз етілуін жақсарту қажет екендігі анықталды. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалауда жерасты суларының деңгейі мен тұздылығы, топырақ жамылғысының тұздану дәрежесі сияқты негізгі гидрогеологиялық және топырақ-мелиоративтік көрсеткіштері есепке алынды. Соңғы жылдардағы мәліметтерді талдау нәтижесі мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жерлердің қысқарып келе жатқанын көрсетті. Бұл негізінен суармалы алқаптарда ірі инвестициялық жобалар аясында және су шаруашылығы мекемелерінің пайдалану шығындарының есебінен суару және коллекторлық-дренаждық жүйелерді қалпына келтіру немесе қайта құру жұмыстарын орындау нәтижесінде, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау (жанар- жағармай, минералды тыңайтқыштар, суды үнемдейтін суару жүйелерін кешенді салуға инвестициялық субсидияларға, техникаларды лизингке сатып алуға және тағы басқа) арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің агротехникалық шаралар кешенін сақтауын жақсартуға байланысты. Облыста еліміздегі барлық суармалы жердің он пайызы орналасқан. Дұрыс, тиімді пайдаланылса еліміздің нарығын сапалы азық-түлікпен қамту әлеуеті зор. Сұранысқа ие, басымдығы жоғары, рентабельді қант қызылшасы, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, майлы және мал азықтық дақылдар сынды ауыл шаруашылығы өнімдерінен жоғары нәтижеге қол жеткізуге табиғи-климаттық жағдайы да мүмкіндік береді. Сондықтан, мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз суармалы жерлерді жақсарту маңызды мәселе болып табылады. Мелиорация саласындағы ғылыми негізделген ұсыныстар мен әзірлемелердің негізінде мелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз суармалы жерлерді жақсарту, сондай-ақ олардың құнарлығын сақтау және арттыру мақсатында келесі мелиоративтік шараларды орындау ұсынылады: жерасты суларының деңгейі 0-2 метр шектен тыс жоғары болған 40,2 мың гектар суармалы жерлерде фильтрациялық ысыраптарды азайту және аумақты құрғатуды жақсарту мақсатында суару және коллекторлы- дренаждық жүйелерді қалпына келтіру; орташа және күшті дәрежеде тұзданған 17,1 мың гектар суармалы жерлерде гектарына 8-12 мың шаршы метр мөлшерінде (топырақтың механикалық құрамына байланысты) профилактикалық және ылғалдандыратын сор шаю жұмыстарын (тік дренажды ұңғымалар іске қосылуымен) жүргізу қажет; су жетіспейтін барлық жерлерде және жалпы су ресурстарының тапшылығы үнемі өсіп келе жатқанын ескеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын суарудың су үнемдейтін әдістері мен технологияларын енгізу, сондай-ақ коллекторлық-дренаждық суларын ішінара қайта пайдалану; ұйымдастырушылық- шаруашылық себептермен пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді, нақты себептерін анықтап, мемлекеттік қолдау арқылы пайдалануға енгізу қажет. Сонымен қатар, су тапшылығының алдын алу мақсатында егіс құрылымында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды, сұранысқа ие басымдығы жоғары суды аз қажетсінетін дақылдармен ауыстыруды жалғастыру керек