«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Жетісу облысында
Өткен нөмірімізде «Құқығыңды қорғағың келсе, «Аманатқа» кел!» деген тақырыппен экспедициямыздың Жетісу облысында, яғни Ескелді, Көксу аудандарында және Текелі қаласында болғанымызды сіздердің назарларыңызға ұсынған едік. Ішінара экспедиция сапары кезінде көтерілген тақырыптарды айтып, жүздесу, кездесулерімізді келесі нөмірде беретінімізді де жария еттік. Әсіресе осы тақырып аясында көп жылдар сот саласында үздіксіз еңбек еткен Нұрбек Құдайбергенов деген азаматтың «Аманат» партиясымен меморандумға тұрып, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға, жандарға тегін құқықтық көмек беретіні жайлы кеңінен сөз еткенбіз. Бұл жолы уәдемізде тұрып, ауылдың тыныс-тіршілігін, кәсіптерінің нәсіптерін теріп жүрген шаруақор жандардың еңбектерін жарқырата көрсетуге тырысамыз. Әсіресе ірі ауылшаруашылық өнеркәсіп орындарының атқарып жатқан өрелі істерін көрсете отырып, олардың көкейтесті мәселелерін де тілге тиек етеміз. Ал қанекей, оқырман қауым, сіздермен бірге жылы жүздесулердің шуағына бөленейік. Экспедиция тақырыбы «Ауыл аманаты – ел аманаты» болғандықтан, жергілікті мекемелер («Аманат» партиясының филиалдары, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармалары т.б.) маршрутты жасағанда көбінесе бізді «Аманат» жобасын алған жандарға апаруды бірінші кезекке қояды. Дұрыс, бұл сала да біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бірақ экспедициямыздың тақырып аясы өте кең ғой. Алдағы уақытта маршрут жасаушылар осыны ескерсе екен.
Пайызы төмен жобаға халық ынталы
ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА
Ескелді бабамыздың атындағы аудан Талдықорғанның іргесінде орналасқан. Содан ба, аудан тұрғындарының тіршіліктері облыс орталығымен тығыз байланысты. Дегенмен шаруалар, әрқилы мамандық иелері мемлекетіміздің түрлі-түрлі бағдарламаларының жемісін көріп, игіліктеріне асыруға тырысады. Мысалға, жоғарыда айтқанымыздай, «Аманат жобасы» тиімділігімен ауыл адамдарының бірден назарын өзіне аударды. Бұл жоба несімен тиімді?
Алатын несие бар болғаны 2,5 пайызды құрайды. Егер алғашқы алған несиені уақытында өтесе, келесі несиені аларда құжат дайындап әуре болмайсың. Және кепілге қоятын нысаның болса, 30 млн теңгеге дейін несие алуыңа рұқсат етіледі. Бірақ тиімсіз жері – кепілге қойған зат құнының тек жартысын ғана алуға болады. Ауылдың негізгі көшесінен қалтарыстау орналасқан Автожуу орталығына ат басын тіредік. Бұл «Өнер» ЖК-нің басшысы Өнерхан Әшім жоқ болып шықты. Оның жары Гүлбаршын Серік бастығының орнын жоқтатпай мән-жайды жан-жақты түсіндіріп тұр. Кем-кетік жерін Өнерханның әкесі Әшім Құсман толықтырды. Жалпы орталықтың ашылуы қаржыға тіреледі. Өткен жылы «Аманат жобасын» естіген соң-ақ олар жарғақ құлақтары жастыққа тимей сол істің үдесінен шығуға тырысты. Үйлерін үкілеп кепілге қойды. Көп жүгірістен соң ақыры көптен армандаған 6,5 млн теңге несие қолға тиді. Алуын алған соң отбасы қайта-қайта жиналып қаржыны қайда жұмсайтынын ақылдасты. Әрине, алдымен Автожуу орталығының орнын дайындау қажет. Шүкір, 13 сотық жер алды. Енді терминал насос керек. Бәрі алынды. Әрине, бұл істі әрі қарай жалғастыру үшін үйрететін маман қажет. Күні-түні істелген жұмыстың игілігін көрген кезде ғана жаның жай табады. Біз олармен сұхбаттасқан кезде аппараттар орнатылған орталықтың жан-жағы ашық екен. Тезірек қабырғасы тұрғызылмаса, алда қыс келеді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, бір істі бастау қиын. Бастадың ба, әрі қарай батыл түрде жалғастыру керек. Гүлбаршын осы Автожуудың жанына ТЖО салмақ жоспары да бар екенін жасырмады. Сәттілік тіледік. Көшенің қиылысына жарнама да қойыпты. Қазір мұнда келіп жатқан көліктерді көрмедік. Алдағы уақытта ығы-жығы кезек те орнар. Ең бастысы жаңа істі бастап жатқан отбасының арманы асқақ, ниеттері таза.
Көкейтесті мәселелер:
- Аманат жобасына кепілге қоятын нысан бағасының жартысындай ғана несие беріледі. Осы баға көлеміндей несие берілсе» дейді кәсіпкерлер.
- Аяқ-су мәселесі шешілмей тұр. Себебі арықтар, арналар тазартылмаған.
- Бұрын өнімге, тұқымға субсидия берілетін. Сол субсидияны қайтадан берсе...
- Облыста ескі мектептер көп. Олар күрделі жөндеуді қажет етеді.
- Орыс мектептерінде негізінен қазақтар оқиды. Облыста әлі де орыс, аралас мектептер көп. Қазақ мектептері аз. Бұл мәселені шешетін кез келді емес пе?
- Республикамыздағы қант зауыттары ескірген. Диқандар өнімдерін уақытында өткізе алмай отыр. Президенттің осы жөніндегі тапсырмасы неге орындалмай отыр?