Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында облыстың құрылғанына 85 жыл болғанына орай зиялы қауым өкілдері жастармен кездесті. Кездесуді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов жүргізді.
– Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осы орайда сіздермен кездесіп отырмыз. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Бүгінде елімізде жастарға үлкен көңіл бөлінуде. Ең әуелі жастар бойында рухани адамгершілік, саяси интеллектік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн. Бүгінгі күні жастарымыздың ұлтаралық татулық пен қазақ халқының мәдени және тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқандығы көңіл қуантарлық жағдай. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің борышымыз деп білем. Әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанды жанындай сүйіп, еліне адал қызмет етуі керек.
Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек, – деді Дәуір Рысбайұлы жиынның алғы сөзінде.
Кездесу барысында ақын, журналист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Баймаханбет сөз алып, елдің әдеби-мәдени дамуына тоқталды. Сонымен қатар жастардың ұлт руханиятына қосар үлесі зор екендігін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаманов жиналған жастардың сауалдарына жауап беріп, оралымды ой-пікірін ортаға салды.