ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ ақтөбелік кәсіпкерлер қала әкімінің үндеуін қабыл алды

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ  ақтөбелік кәсіпкерлер қала әкімінің үндеуін қабыл алды

Ақтөбе қаласы күннен-күнге сәнденген қыз секілді бойын түзеп, көркіне көз тоймас әсем қалаға айналып келеді. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің қаланы абаттандыруға үлес қосу туралы үндеуін қабыл алған кәсіпкерлердің демеушілігімен саябақтар мен скверлерді, бос жатқан аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бірлескен еңбектің арқасында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражатына шаһардағы 26 учаскені – саябақтар мен аллеяларды ретке келтіріп, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға үлес қосып жатыр. 

Сондай нысанның бірі – қаланың тарихи бөлігі Тұрғындар қалашығы (Жилгородок) ауданындағы базар артындағы бос жатқан учаске. Бұл жерді абаттандырып, тұрғындар үшін демалатын қоғамдық кеңістікке айналдырумен жұмыстарымен айналысып жатқан «Алихан Ойл» компаниясының басшысы Зұлқожа Қожаев қала әкімі Азамат Бекетке арнайы тапсырыспен алғызған саябақ жиһаздарын көрсетті. Олардың бәрі де көше жиһаздарын өндіруші қазақстандық Arhitas компаниясында жасалған. 1,5 гектар аумақта парк жиһаздары, 78 дана түнгі шамдар орнатылды, 1800 шаршы метрге тротуар төселді. Жер үстімен өтіп жатқан жылу трассасының құбырлары жердің астына орналастырылады. 

Ал Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы статистика басқармасының алдындағы учаскені абаттандыруға «Ақжайық автопарк» ЖШС демеушілік жасап отыр. Компанияның қолдауымен 1100 шаршы метрден астам аумақтағы алаңға жаңа брусчатка төселіп, орындықтар, урналар қойылды және суару жүйесі орнатылып, көгалдандырылды. Енді бұл аумақ жарықтандырылып, тұрғындар үшін қолайлы, шағын демалыс орнына айналмақ. 

Қаланың қақ ортасындағы ұзақ жылдардан бері тозып тұрған «Мәңгілік алау» монументінің артындағы саябақты «Вибромастер Қазақстан» компаниясы өз қаражатына қалпына келтіріп, жаңалап жатыр.  Қала әкімі Азамат Бекетке компания өкілдері жұмыстар барысын баяндап, жаңа жарықтандыру тіректері мен шамдарын орнатып, балалардың ойын алаңдары мен спорт алаңдарын жаңалап беру туралы жоспарларымен бөлісті. 

– Әдемі, заманауи саябақ шамдарына тапсырыс беріп қойдық. Барлығын жаңалаймыз. Әбден тозған баскетбол алаңын жаңарттық. Енді балалардың ойын алаңын да жаңалаймыз. Сынған ескі брусчаткалардың ішінен бүтіндерін лақтырмаймыз, іріктеп алып, шеткері қарай төсейміз. Ал жаяу жолдарға негізінен жаңа брусчатка төсеп шығамыз. Бұл қала тұрғындарына жасап жатқан сыйлығымыз, – деді компанияның осы нысанға жауапты өкілі Данабек Жанәділов.

Ақтөбе қаласындағы кәсіпкерлердің демеушілігімен абаттандырылып жатқан 26 учаскенің бірі – Абай даңғылы мен Есет батыр көшесінің қиылысындағы «Бақыт аллеясын» «Хиба-Наз» компаниясы қалпына келтіріп жатыр. 

– Бұл аллея жөнделгеннен кейін тұрғындар үшін жақсы демалыс орны болады. Брусчаткаларын төсегенде жұмыс сапасына мән беріңіздер. Жарықтандыру жүйесі де ескіріп қалған екен. Ауыстыруды талап етіп тұр. Жақсы істеріңізге алғысымызды білдіреміз,  – деді жұмыс барысын бағамдаған қала әкімі Азамат Бекет. «Хиба-Наз» ЖШС басшысы Еламан Шектібаевтың  айтуынша, аумақта жаңа жаяу жолдар төселіп, жиһаздар орнатылып, жарық жүргізілмек. 

Жекеменшіктің иелігінен сот арқылы мемлекеттік қорға қайтарылып, абаттандырылып жатқан учаскелердің бірі «Космос» аялдамасы тұсындағы шағын аймақты тұрғындардың демалысына қолайлы кеңістік болады. Бұл аумақты абаттандыруды «Байсат» сауда үйі өз жауапкершілігіне алды. Кәсіпкер аталған аумаққа брусчатка төсеп, суару жүйесін, орындықтар орнатып, жарықтандыратын болады. 

Ақтөбе қаласындағы М.Мәметова көшесіндегі «7 раушан» гүл дүкені орналасқан аумақты «Ерзат» өндірістік кооперативі өз қаражатына абаттандырып, тұрғындар демалып уақыт өткізетін қоғамдық кеңістікке айналдырмақ. 

– Біз өзіміз осы жерді сквер етіп жасап, ақтөбеліктерге сыйлайық деген ниетімізді білдірдік. 900 шаршы метрге түрлі түсті брусчатка төсеп жатырмыз. Автотұрақ үшін асфальт төселеді, 24 дана жарықтандыру тіректері мен саябақ шамдарын орнаттық. Қара топырақ төсеп, көгал егіп тастаймыз. Автоматты суару жүйесін орнату үшін скважина қазамыз. Жақсы демалыс аймағын жасап береміз және болашақта қаланы көркейтетін жобаларға тағы да қатысамыз деген ойымыз бар, –  деді «Ерзат» ӨК басшысы Қаржаубай Әліқұлов.

«Көп түкірсе – көл». «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске ұмтылған жергілікті кәсіпкерлер Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің шаһарды абаттандыруға үлес қосу туралы үндеуін қабыл алып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға атсалысып жатыр. 

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы

 

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25935
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25380
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42784
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38614
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43182