Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қыркүйек айындағы Жолдауы барысында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатындағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім беру, жұмысшы мәртебесін көтеру, жастарға кәсіптік бағдар беру және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге басымдық берілген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.
Бүгінде Түркістан облысындағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алуда. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлінген, оның 9500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Облыста дуалды білім беру жүйесі де қарқын алып келеді. Өңірдегі 35 колледж 654 кәсіпорынмен 64 мамандық бойынша келісімге келіп, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі жолға қойылған. Жастарды еңбекке баулу және жұмыспен қамту бағытында ауқымды форумдар мен байқаулар ұйымдастырылуда. «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында 100-ге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар тікелей байланыс орнатты.