Жуырда Орал қаласының төл мерекесіне орайластырылған іс-шаралар аясында облыс орталығындағы Журналистер тынымбағы жаңартылып, қайтадан пайдалануға берілді.
Тынымбақтың ашылу салтанатына облыс және қала басшылары, ардагер журналистер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Осыдан 15 жыл бұрын қаланың орталығында пайда болған бұл демалыс орны заман талабына сай қайтадан абаттандырылып, жаңа кейіпке еніп, көрікті қаламыздың ажарын аша түсті. Тынымбақты жаңарту үшін бірқатар жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Атап айтқанда, 2300 шаршы метр аумаққа көгал егіліп, 50 түп ағаш отырғызылған. Оған қоса 3200 шаршы метр жерге өрнектас төселіп, субұрқақ орнатылып, демалушыларға арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Балаларға арналған жаңа ойын алаңы да бар.
Әсіресе, ерекше көзге түсетіні – Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандық журналистерге арналған ескерткіш белгі. Бұл – майдан даласында қаламын қарумен тең ұстаған, ерлік пен өрлікті, сөз құдіреті мен жауынгерлік рухты қатар өрген қаламгерлерге көрсетілген құрмет, рухтарына деген терең тағзым. Олардың қатарында Жұбан Молдағалиев, Бисен Жұмағалиев, Тайыр Жароков, Абдолла Жұмағалиев сынды майдангер-журналистерді атап өтуге болады.
Нысанның ашылу салтанатында аталған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды. Ал жасөспірімдер рухты ақын, жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін оқып, тағылымды шараның мәнін арттырды.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы
Мәди Салықтың суреті