ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУҒА КӨҢІЛ БӨЛГЕН АТБЕГІ

ЖЫЛҚЫ ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУҒА КӨҢІЛ БӨЛГЕН АТБЕГІ

Жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Ықылым замандардан бері Алаш баласының жан серігіне айналған Қамбар ата түлігіне арада қанша ғасыр өтіп, көп дүние өзгергенімен құрметіміз мысқалдай да кеміген жоқ. Әрине, Кеңес үкіметінің кезеңіндегімен салыстыруға келмейтін шығар, дегенмен статистикаға сүйенер болсақ, кейінгі бірнеше жылдың өзінде елімізде жылқы саны айтарлықтай өскен. Облысымызда ғана емес, республикамыздың барлық аймағында жылқы шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Әсіресе жылқы тұқымын асылдандыруға, ұлттық спорттың көкжиегін кеңейтуге ден қойыла бастағаны және ел ішінде сәйгүлік баптап, бәйге аттарын жаратып жүрген азаматтардың көбейгені көз қуантып, көңіл марқайтады. Ал осы орайда облысымызда ұлттық ат спорты түрлерінің бүгінгі даму деңгейі, Әулиеата өңірінің желмен жарысқан жүйріктері жайлы түнді түнге қосып, таңды таңға жалғап айта беруге болады. Бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта «Желқанат» айдары аясында облысымыздың шапқанда шашасына шаң жұқтырмас жүйріктерін, көкпарда доданың дуын қыздырып, атағы алысқа кеткен арғымақтарын барынша насихаттауды мақсат етіп отырмыз.
Айдарымыздың алғашқы кейіпкері – Қордай ауданының тұрғыны, белгілі атбегі, бүгінгі таңда жылқы тұқымын асылдандырумен айналысып жүрген жеке кәсіпкер Алик Абдисабиров.

«Тима» – Қазақстандағы таңдаулы айғырлардың қатарында

Жалпы Жамбыл облысында сәйгүліктері бәйгенің алдын бермей жүрген ат ұстайтын азаматтар өте көп. Бірақ таңдауымыз неге қордайлық Алик Мекенбайұлына түсті. Біріншіден, Қордай ауданында таяқ лақтырсаң атбегінің басына тиеді. Екіншіден, Қордай даласынан аузымен құс тістеген жүйріктердің көп шығуы. Басқасын қоя тұрып, «Алтын тұлпар» аламанында екі мәрте топ жарған, аты әлі күнге дейін ел аузында жүрген, бірнеше деректі фильм мен мақаланың арқауы болған «Самалды» айтсақ та жеткілікті. Үшіншіден, естуімізше, кейіпкеріміз Қордай ауданындағы жылқы тұқымын асылдандырумен айналысып жүрген бірден-бір азамат. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде өсіріліп жатқан жылқының тек 17-18 пайызы ғана асылтұқымды екен. Ал Қазақстан бойынша жылқыны асылдандырумен айналысып жүргендер тіптен аз. Сол себептен «жақсыны көрмек үшін» деген қағиданы қанат қылып, Алик Мекенбайұлының екінің бірінің қолынан келе бермейтін асылдандыру бағытында атқарып жатқан ауқымды жұмыстарымен танысқанды жөн көрдік.
… 1971 жылы Қордай ауылында дүние есігін ашқан Алик Абдисабиров мектеп бітіргеннен кейін Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында жоғары білім алады. Мамандығы бойынша жиырма үш жыл кеден саласында қызмет етеді. Ал жылқы шаруашылығына ойламаған жерден бет бұрады. Айтуынша, атасы мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс салатын аңшы болған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, атасының жолын қуып, 1994 жылдары аңшылықпен айналыса бастайды. Ал аңшыға жақсы ат керек. Таңдауы бірден жорғаға түседі. Себебі аңға шығып, ұзақ жол жүргенге, тау-тасты кезгенге жүрісі жайлы жорға ыңғайлы. Кейінірек бірте-бірте аң аулаудан гөрі жылқы шаруашылығына көңілі ауып, жорғалардың санын көбейтуді қолға алады. Жан-жақтан бие сатып алып, бес-алты жыл таза қанды жорға өсірумен айналысады. Екі мыңыншы жылдары түбегейлі таза қанды жылқы өсіруге көшкенде ғана жорғалардың барлығын сатып жібереді.
– Екі мыңыншы жылдары ауданымызда ұлттық ат спорты түрлері қарқынды дамыды. Ауыл-ауылда мереке сайын көкпар, бәйге өтеді. Ат спорты десе ішкен асын жерге қоятын қазақ емеспіз бе? Бәйгелерді көріп жүріп, қызығушылым ояна бастады. Одан бөлек ауданымызда ат ұстайтын, ат баптайтын азаматтармен жақын араласуым да таза қанды жылқы өсірумен айналысуыма ықпалын тигізді. Сонымен не керек, Қордай ауданындағы атақты Ердос Айтбаев ағамыздан сол кездегі бағамен 11 мың долларға 2 тай сатып алдым. Бәрі осылай басталды. Оған дейін де жорға жылқылармен айналысып жүргенде көрші Қырғыз Республикасынан алғашқылардың бірі болып 1 бәйге тай алып келгенмін. Дайындадық, баптадық. Бірақ нәтиже көрсете алмады, – деп әңгімені бір қайырған Алик Мекенбайұлы кейін асылдандыру бағытында жылдар бойы тынбай жұмыс істегенін айтады.
Жылқы тұқымын асылдандыру мақсатында Алматы облысынан, Қырғыз Республикасынан, Ресейден таза қанды жылқылар сатып ала бастайды. 2011 жылы Алматы облысындағы Алик Ималов ағамыздан 10 мың долларға тай сатып алып, «Тима» деп ат қояды. «Тима» құнанында 7 рет бәйгеге қосылып, 5 рет бірінші келеді, 2 рет шаппай қояды. Екі көлік ұтады. Бүгінде қанына тартып туған «Тиманың» ұрпақтары да қатысқан бәйгесінен жүлдесіз қайтпайтын көрінеді.
– «Тиманың» ұрпақтары 2017 жылдан бастап жақсы нәтиже көрсете бастады. Бүгінгі таңда «Тима» айғырлығы жағынан еліміздегі ең таңдаулы аттардың ондығына кіреді. Негізі «Тима» ирландиялық айғыр. Әкесін ресейлік азамат Ирландиядан сатып алады. Ресейде ұшқыр бәйгеге қосылған. Ресейліктен Ардақ Әмірқұлов ағамыз сатып алып, Қазақстанға алып келеді. Кейін Ардақ ағамыздан Алик Ималов ағамыз сатып алады. Ирландиялық айғырдың «Тимадан» басқа да балалары өте жақсы шапты. «Тиманың» шешесі де ирландиялық бие. Шешесін Алик Ималов ағамыз Ирландиядан 30 мың еуроға ұшақпен жеткізген.
«Тиманың» ең алғашқы құлыны 2015 жылы туған «Витязьдың» ұтпаған жүлдесі жоқ. Құнанында Қазақстан чемпионы болды. Президент кубогын, Алматы облысы әкімінің кубогын, «EXPO-2017» кубогын ұтты. Өкінішке қарай, дөнен шықпай өліп қалды. Басқа да ұрпақтарының жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Мәселен, қордайлық Замин Заманов сатып алған «Тайван» осы уақытқа дейін бірнеше көлік ұтты. Аламан бәйгелерде алдына қара салмай жүр.
«Тиманың» балалары үлкен жетістіктерге жеткен сайын сұраныс та көбеюде. Биылдың өзінде Алматы облысының жігіттері екі құлын сатып алып кетті. Семейлік азамат бір құлын сатып алып кетті. Сонау Жаңаөзеннен арнайы келіп сатып алғандар да болды.
Осы орайда таза қанды тайлардың бағасы да көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық. Осыдан 5-6 жыл бұрын таза қанды тайлардың бағасы 3-5 мың доллар болатын. Қазір мұндай баға жоқ. Қордай ауданында ғана емес, Жамбыл облысы бойынша баға көтерілді. Таза қанды тайлардың бағасы кемі 1,5 миллионнан басталып, 3 миллионға дейін жетеді. Неге дейсіз ғой?! Себебі қазір тайлардың дәрежесі көтерілді. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі секілді жыл сайын дәстүрлі түрде «Алтын тай» чемпионаты ұйымдастырылуда. Бірінші әр облыста іріктеу өтеді. Іріктеуден іріктеліп шыққандар республикалық чемпионатта бақ сынайды. Былтыр чемпионатты Қордай ауданының тайы ұтып, ауыспалы кубок біздің өңірімізге келді. Сондықтан «Алтын тай-2023» чемпионаты биыл Жамбыл облысында өтеді.
Ал өзімнің сатқан жабағыларымның ішінде ең қымбаты «Арафат» болды-ау. Тайында үш бәйгеде қатарынан бірінші келді. Сөйтіп, Алматы облысының жігіттері қызығып, 10 мың долларға сатып алып кеткен, – деген Алик Мекенбайұлы келесі кезекте таза қанды биелер жайында әңгіме өрбітті.

«Алтын құрсақты» биелер

Сөзіне сүйенсек, таза қанды биелер өте нәзік келеді екен. Сол себепті тоқтамай қалатын кезі жиі болады. Ал тоқтаса болды, түсік тастап қояды. Сальмонеллез, пневмония сияқты қауіпті инфекциялар бие қашырып, тұқым алу жұмыстарына кері әсер тигізетін көрінеді.
 Таза қанды биелердің жақсылап күтімін жасап, бабын келістірмесең 100 пайыз тұқым ала алмайсың. Қазіргі таңда 5 таза қанды бием бар. Осы 5 биеден жылына 3 құлын алсам қуанамын. Өйткені биелер қолдан асылдандырылған жасанды тұқым болғандықтан иммунитеттері әлсіз келеді. Ағылшынның таза қанды тұқымы дейміз. Шынтуайтында, селекциялық жолмен туғандар. Сол себепті барлық жағдайын жасап, жемшөбін, қажетті витаминдерін дұрыс бермесең, онда бәрі бекер. Бір сөзбен айтқанда, алақанға салып аялап отыру керек.

Жоғарыда айтып өткенімдей, жорғаларды сатқан соң биелерді жан-жақтан жинадым. Асылдандыру саласында қанның сәйкес келуі де үлкен рөл атқарады. Бізге спринтерге емес, аламанға шабатын, ұзақ қашықтыққа шыдайтын ат керек. Сатып алған соң биелерді сынақтан өткіздік. Көбісі жарамады. Негізі таза қанды құлын алу үшін барлығын жан-жақты зерттеп барып айғыр таңдаймыз. Осылайша биенің, айғырдың қанын, басқа да параметрлерін жан-жақты зерттеп, нәтижесінде 5 биені іріктеп, қалғанын саттым. Жүйрік өсіру шаруашылығында да «алтын құрсақ» деген түсінік бар. Яғни 5 бие «алтын құрсақты». Таза қанды екен деп кез келген биені кез келген айғырға қоса берсең, ойыңдағы тұқымды, яғни аламанға шабатын жүйрікті алуың екіталай. Қазіргі 5 биенің қаны «Тиманың» қасиеттерімен қабысып, қаны үйлесіп тұр.
Менің ойымша, жылқы тұқымын асылдандыруға көңіл бөлуіміз керек. Елімізде 3 мыңға жуық атбегі болса, 300-і асылдандырумен айналысса келешекте жақсы тұқым шығаруға болады. Әрине, жақсы тұқымды бірнеше жылда шығару мүмкін емес. Үлкен еңбек, шыдамдылық керек. Мәселен, таза қанды ағылшын тұқымын шығару үшін 300 жыл кеткен. Ағылшын жылқылары шығыстың араб, варвар, түрік, түрікмен және еуропалық неополитан, испан тұлпарларымен шағылыстыру нәтижесінде пайда болған деседі. Аталық жағынан үш айғырдан тараған деген деректер де бар.
Егер тынбай жұмыс істесек, болашақта жақсы тұқым шығарар едік. Жүрген жерімде де, атбегілердің ортасында да үнемі асылдандыруға көңіл бөлу керек екенін айта жүремін. Үкімет тарапынан қолдау көрсетілу керек деп ойлаймын. Санаулы адам ғана өзінің көңіл қалауымен жылқы тұқымын асылдандырумен айналысып жүре берсе, әрине, жуық уақытта оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Қолдау, көмек керек, – деп ойын қорытындылаған кейіпкеріміз сөз соңында асылдандыру мақсатында атқарып жатқан жұмысын жуық уақытта айтып тауысу мүмкін еместігін жеткізіп, сондықтан етене танысу үшін қазыналы Қордайға қонақ ретінде шақырды.

Талғат НҰРХАНОВ, arainfo.kz
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 137
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 57
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 174
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 171
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 137
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 282
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 284
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 500
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 458

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9155
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8554
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11781
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9549
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10762