«Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды» демекші, аймақта заманауи үлгіде жабдықталған жаңа жылу электр орталығы іске қосылды. Демек, бұл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Өйткені Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тоқталып, жаңадан бой көтерген ЖЭО-ның мүмкіндігін жоғары бағалаған болатын. Кеңесте Президент: «Соның ішінде жаңа жылу электр орталығы іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі», – деп ерекше атап өтуі, жаңа орталықтың аймақ үшін стратегиялық маңызын айқындап берді.
Сыр шаһарында бұған дейін 1964 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығы жұмыс істеп келді. Кейінгі жылдары 60 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс атқарған инфрақұрылымдық нысанның техникалық мүмкіндіктері халық сұранысын толық өтей алмайтыны байқалады. Өйткені небәрі 67 мегаватт электр энергиясын өндіретін ескі станция облыстың қажеттілігінің небәрі 30 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы болды. Бұл бірінші кезекте халық санының артуы мен жер ауқымының кеңеюіне де тікелей байланысты еді. Сондықтан жеткіліксіз электр энергиясын сырттан тасымалдауға мұқтаждық туды. Осы ретте аталмыш түйткілді шешудің жалғыз жолы – өңірден жаңа жылу электр орталығының салу ісі өздігінен сұранып тұрды.
Өңірдегі жылу электр орталығын салу бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырыла бастады. Облыс әкімінің ықпалымен бірегей жобаны жүзеге асыру Түркияның Aksa Energy компаниясына тапсырылды. Толықтай инвестор қаржысына салу жоспарланған жобаның жалпы құны 215 млрд теңге болды.
– Өңірде жаңа жылу электр орталығының құрылысы 2024 жылы қарқын алды. Алғашында инвестициялық келісімшартқа сәйкес, стратегиялық нысанды іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған. Алайда облыс басшысының ықпалымен жылу электр орталығының құрылысы межелі мерзімнен бұрын іске қосылып отыр. Құрылыс жұмыстары барлық талап үдесіне сай жүргізіліп, толық қуатында жұмыс істей бастады. Аталмыш орталық келешекте аймақтың индустриялық дамуына тың серпін беретініне сенімді. Өйткені «туған жердің түйе жейтін жапырағыда, түйе аунайтын шаңдақ топырағы да дәрі».














