Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Сарысу ауданында да кең көлемде тойлануда. Жаңатас қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп- гимназияда өткен Наурыз мейрамына аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, тұрғындар мен ата-аналарға, ұстаздарға тілегін жеткізді. − Тарихи тамырын тереңнен тартқан, барша түркі жұртына ортақ, Жер-Ана бусанып, адамзат баласы жадырап, күн мен түннің теңелетін Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі баршаңызға құтты болсын, – деді Марат Сұлтанғалиев. Мектеп аулаларында тұрғындардың қатысуымен концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Жастар арасында ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық жарыстардың жүлдегерлері марапатталды. Мектеп ауласына тал егіліп, ха лыққа бауырсақ, наурыз көже ұсынылды. Сонымен бірге, Бүркітті елді мекені тұрғындарының қатысуымен Абай мектебіндегі шараға да аудан басшысы қатысып, ақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ, аудандағы барлық мектепте бір мезетте күй ойнап, мәдени-спорттық шаралар, қазақтың «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сынды салт- дәстүрлерінен көріністер көрсетілді.