Тоқаев дипломатиясы һәм Сун цзының «Соғыс өнері»

Тоқаев дипломатиясы һәм Сун цзының  «Соғыс өнері»

Әлемдік баспасөздің басты назарында тұрған Ресей–Украина қақтығысына қатысты танымал саясаткерлердің мәлімдемелері мен соғысып жатқан екі тарапқа қатысты ұстанымдары да жаһан жұртшылығының назарын аударатын маңызды тақырыпқа айналды. Сондай тосын жаңалықтардың бірі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 29 қыркүйекте Германияға жасаған сапары кезінде орын алды. Нақтырақ айтқанда, жұрттың «есін екеу, түсін төртеу» еткен жайт – Тоқаевтың Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында орыс-украин соғысына қатысты журналистің сауалына берген жауабы. Мемлекет басшысының бұл пікірі саясаткерлер мен халықаралық сарапшылардың назарын аударып отыр. Германиялық журналист Демиан фон Остен қазақ Президентінен оның әскери қимылдарды «мұздату» туралы ұсынысына тоқтала келіп, Владимир Путинге қатысты ұстанымын сұрады. Бұл сауалға Тоқаев бірнеше түйінге тоқтала келіп, нақты көзқарасын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген халықаралық шиеленісті, соның ішінде Украинадағы жағдайды да бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін, бұл Қазақстан мен Германияға ортақ ұстаным екенін мәлімдеді. Ол Украинадағы соғысты бірден тоқтату бүгінгі жағдайда  қиын  екенін   айтты. Бірақ өзінің ұсынысы, «әскери қимылдарды мұздата тұрып», содан кейін дипломатиялық келіссөзге көшу екенін нақтылады. Сонымен бірге Қазақстан БҰҰ Жарғысын ұстанатынын және барлық мемлекеттердің, соның ішінде Украинаның да аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтты. Ал Путинді  «көрнекті  мемлекеттік  қайраткер» деп атап, Орталық Азия, Еуропа және бүкіл әлем үшін Ресей басшыларының ішіндегі «ең қолайлы саяси тұлға» деп бағалады. Сондай-ақ екі елдің де Қазақстан үшін дос елдер екендігін атап өтті.

 

Бір сөздің бірнеше түрлі тәпсірі

Баспасөз мәслихатындағы неміс тілшісінің сұрағына қазақ Президентінің берген жауабының жалпы мазмұны осылай шықты. Алайда осында айтылған сөздерді әрбір тарап өз әлінше, өз майданына лайықтап қабылдады да, өз аудиториясына да сол көзқараспен түсіндіріп жатты. Яғни бір сөз бірнеше мағынада тәпсірленді.

Мысалы Ресейдегі беделді басылымдардың бірі РБК Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары жайлы «Тоқаев Путинді Еуропа үшін Ресейдің ең қолайлы көшбасшысы деп атады» (Токаев назвал Путина наиболее приемлемым для Европы лидером России) атты мақала жариялады. Мақалада Путиннің «көрнекті мемлекеттік қайраткер» екені және оның күрделі тарихы бар үлкен мемлекетті басқаруға қажетті қасиеттерге ие екені алдыңғы орынға шығарылған. Ал Украина мәселесінде Тоқаевтың соғысты «мұздата тұру» туралы ұсынысын бөлек қарастырған екен. Бұл орыс баспасөздерінде Қасым-Жомарт Тоқаевтің сөзін «биік мінбеден Путинге берілген ең жоғары баға» ретінде алғашқы орынға шығарғандығын, ал «соғысты уақытша мұздата тұрып, келіссөздерге отыру» ұсынысын айырым тақырып ретінде қарастырып жатқандығын білдіріп тұрғаны анық. Бұдан өзге «Коммерсант» сынды басылымдар да қазақ Президентінің сөзін осы із бойынша хабарлапты. Дегенмен «Коммерсанттың» кейінгі талдау материалында бұл сөздер Қазақстанның Ресеймен стратегиялық байланысын сақтай отырып, Германиямен және Еуропамен қарым-қатынасты күшейту әрекеті тұрғысынан қарастырылған.

30 қыркүйекте Кремль өкілі Дмитрий Песков Тоқаевтың Путинге берген бағасын «өте жоғары бағалайтынын» айтты. Сонымен бірге Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық әрі сенімді сипатта екенін атап өтті. Бұдан Қасым-Жомарт Кемелұлының Путин жайлы айтқан екі ауыз сөзінің орыстардың құлағына майдай жаққанын аңғару қиын болмаса керек.

Украина БАҚ-тары да бұл туралы кеңінен хабарлап жатты. Мәселен, ең беделді «Українська правда» газеті «Тоқаев Германиядағы келіссөздерден кейін Путинді Украинадағы соғысты тағы да «мұздатуға» шақырды» деген тақырыппен материал таратты. Яғни тақырыптың өзінде-ақ Путинді мақтаған сөзі емес, Украинадағы соғысты «мұздатуға» шақырғанын алға шығарған. Мақала Тоқаевтың: «Украинаның аумақтық тұтастығын сақтау қажеттігін, соғысты бірден тоқтату қазіргі жағдайда қиын екенін, сондықтан әскери қимылдарды «мұздата тұрып», дипломатиялық келіссөзге көшу керектігі...» туралы сөздеріне көбірек тоқталған. Сонымен қоса Тоқаевтың шілдеде Омбыда Путинге соғысты «мұздатуды» ұсынғанын да еске салады. Демек, Украина БАҚ-ының түсіндіруінде бұл – Тоқаевтың жаңадан айтқан тосын сөзі емес, бұрыннан келе жатқан позициясы екеніне көбірек басымдық берді деген сөз.

Украинаның TSN телеарнасы «Киев пен Мәскеудің арасындағы арқан үстіндегі жүріс: Қазақстан Президенті бейбітшілікке шақыра отырып, диктаторды мақтады» деген тақырыппен материал жариялапты. Дегенмен украиналық БАҚ Тоқаевтың позициясын тепе-теңдік сақтауға тырысқан саясат ретінде түсіндірген. Материалда оның Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтыны және соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуды ұсынатыны айтылғанымен, Путинге берген жоғары бағасы негізгі қайшылық ретінде көрсетілген. Украинаның мемлекеттік ақпарат агенттігі Укрінформ: «Тоқаев Берлинде Путинді көрнекті мемлекет қайраткері және Еуропа үшін ең қолайлы саясаткер деп атады», – деген тақырыппен мақала жариялады. Мұнда да Путин туралы сөз алдыңғы орынға шыққан. Жалпы аңғарғанымыздай, Украина БАҚ-тары Тоқаевтың Украинаның аумақтық тұтастығы туралы сөзін де жасырмай берген. Сондықтан олар оның позициясын толықтай «Ресейшіл» деп көрсетуден гөрі, қайшылықты немесе екі жақпен де қатынас сақтауға бағытталған позиция ретінде жеткізеді.

 

Қытайлық басылымдар не дейді?

Қазақстан Президентінің биік мінбелерден айтқан сөздерінің әрбір сөйлеміне, сөз тіркесіне дейін тоқталып тұрып, талдап түсіндіретін қытайлық сарапшылар бұл жолы Малайзияда тұратын қытай текті әскери сарапшы Цю Луншанның талдауларына көбірек назар аударып жатыр. Қытайда ең танымал WeChat (ішкі нарықтағы атауы – Weixin) супер-қосымшасының белсенді қолданушыларының саны 1,4 миллиардтан асады. Платформадағы ресми аккаунттардың мақалаларын күн сайын 400 миллионға жуық адам оқиды. Міне, осы алып платформада «Қазақстан Президенті Тоқаев Зеленскийден ақылдырақ: жеңімпаздарға бәс тігу емес, жеңіліске ұшыраушы болып қалудан сақтану. – Малайзиялық әскери сарапшы Цю Луншан «Сунь-цзының соғыс өнерімен» бірлестіре отырып талдап түсіндірді», – деген ұзын тақырыппен мақала жариялады. Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін осы жердегі «Сунь Цзыдың Соғыс өнері» шығармасы мен Цю Луншань туралы қысқаша түсінік бере кетпекпіз.

«» Қазақша мағынасы «Сунь-цзының соғыс өнері» деген сөз. Бұл еңбек ежелгі Қытайдың әскери стратегі Сунь Ву (Сунь-цзы) біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда жазған әлемдегі ең көне әрі ең танымал әскери трактаты саналады. Кітап 13 тараудан тұрады. Алайда ондағы стратегиялық ойлар соғыс өнерін ғана емес, бүкіл адамзаттың басқару жүйесін өзгертті. Бұл қақтығыстарды шешудің, бәсекеде жеңіске жетудің және кез келген өмірлік күресте дұрыс шешім қабылдаудың философиялық әрі практикалық құралы. Сондықтан да ол 2500 жылдан астам уақыт бойы өзектілігін жоғалтпай келеді.

Қытайлық платформаға жылдам таралған мақаланың авторы Цю Луншань – малайзиялық қытай ғалымы және стратегиялық шолушы. Ашық дереккөздердегі таныстыруларда «оның жұмысы дәстүрлі шығыс әскери ғылымы мен классикалық қытай әскери ойына негізделген. Ол негізінен шетелдік қытай қауымдастықтарында және мәдени алмасу желілерінде белсенді. Ол «Сунь Цзының Соғыс өнері» еңбегінің қорғаныс тұрғысынан аман қалу логикасын қазіргі заманғы халықаралық геосаясат пен ұлы державалардың бәсекелестігіндегі прагматикалық дипломатиялық стратегияларды түсіндіруде шебер», – деп бағаланған екен.

Енді мақаланың маңызды тұстарына тоқталайық. Автор бұл мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинде сөйлеген сөзіне қысқаша тоқтала келіп: «Осылайша, сұрақ туындайды: Қазақстан Ресейге арқа сүйегелі тұр ма? Егер сіз тек бір сөйлемге қарасаңыз, қорытынды жасау оңай. Алайда бұл сөздерге Сунь Цзының «Соғыс өнері» тұрғысынан қарасақ, шынымен зерттеуге тұрарлық нәрсе «Ресеймен немесе Еуропамен бірге тұру» емес, керісінше: стратегия, тактика және серпін деген үш сөзбен астасып жатқанын аңғаруға болады», – дейді.

I. Стратегия: Шағын елдер үшін ең маңыздысы – тараптарды таңдау емес, маневр жасауға орын қалдыру. Сунь Цзының «Соғыс өнерінің» шынайы шеберлігі адамдарды агрессивті болуға үйретуде емес, алдымен өз позицияларын түсінуге үйретуде жатыр. Сунь Цзы: «Жауыңды және өзіңді жете тани біл, сонда ешқашан жеңілмейсің», – деген. Қазақстан алдымен «өзін-өзі тануы» керек. Бұл әлемдегі ең үлкен теңізге шығар жолы жоқ мемлекет. Ресеймен 7000 шақырымнан астам шекарасы бар, сонымен қатар Қытаймен, Орталық Азиямен, Каспий теңізімен және Еуропаға апаратын көлік желісімен байланысады. Бұл нені білдіреді? Бұл Қазақстан өзінің ұлттық қауіпсіздігін бір бағытқа толығымен бағыттай алмайтынын білдіреді.

Ресейге тым жақын болу оның стратегиялық автономиялық кеңістігін тарылтуы мүмкін. Ресейден алыс болу геосаяси, энергетикалық, көлік және қауіпсіздік қатынастарында шындықпен бетпе-бет келуді талап етеді. Ал Еуропаға толық тәуелділік қашықтық, көлік және қауіпсіздік міндеттемелері сияқты практикалық шектеулерді де тудырады. Сондықтан Қазақстанның ең маңызды стратегиялық мақсаты міндетті түрде «ресейшіл» немесе «еуропашыл» емес. Керісінше: стратегиялық мүмкіндіктерін кеңейту.

Сунь Цзы «Жау келмейді деп сенбе, оны қарсы алуға өзіңнің дайын екеніңе сен», – деген сөзінде осыны айтқысы келді. Нағыз қауіпсіздік басқалардың ешқашан қысым жасамайтынына шүбәсіз сену емес, әрқашан әртүрлі жағдайларды жеңе білу қабілетіне ие болу.

II. Стратегия: Неліктен мұны Германияда нақты айту керек? Дипломатияның ең құнды аспектісі көбінесе тек «не айтылды» ғана емес, сонымен қатар: қайда айтылды? кімге айтылды? қашан айтылды? – дегендерге саятыны бар. Егер Тоқаев Мәскеуде Путинді мақтаған болса, сыртқы әлем соншалықты назар аудармаған болар еді. Бірақ ол мұны Берлинде, Германия канцлері Мерцтің қасында жария түрде білдірді. Сондықтан бұл мүлдем басқа стратегиялық әсер береді. Сунь Цзы: «Ең мықты әскери стратегия – жаудың жоспарларын (айла-амалын) талқандау, одан кейінгі ең жақсысы – оның дипломатиялық байланыстарын (одақтарын) бұзу», – дейді. Мұндағы «Одақтарды (байланыстарды) бұзу» жай ғана қарым-қатынастарды бұзу туралы емес.

Тереңірек түсіну дегеніміз – дипломатия арқылы басқа тараптардың өзің туралы пайымдауын қайта қалыптастыру деген сөз. Ресей үшін бұл сөздер «Қазақстан өзін Ресейге қарсы текетірес майданына айналдырмайды», – деген мағына береді. Германия мен Еуропа үшін бұл мынадай ойды білдіреді: Қазақстан ынтымақтастыққа дайын, бірақ бұл Еуропаның Ресей-Украина мәселесіндегі барлық стратегиялық пайымдауларын автоматты түрде қабылдайды дегенді білдірмейді. Ал басқа алпауыт мемлекеттер үшін: «Астана әлі де өзінің сыртқы саяси дербестігін сақтап отыр» дегенді аңғартады. Сондықтан бір ғана сөз шын мәнінде бір мезгілде бірнеше түрлі аудиторияға бағытталуы мүмкін. Міне, нағыз стратегиялық айла-тәсіл, көрегендік деген осы.

III. «Серпін» (Стратегиялық жағдай) тарауы: Шын маңыздысы – «қай жақта тұру» емес, кімнің өз жағдайын өзі жасай алатыны. Сунь-Цзының «Соғыс өнері» кітабының «Серпін» тарауында: «Жақсы соғысатын адам жеңісті жағдайдан іздейді, өзгелерден талап етпейді», – деген. Бұл – Тоқаевтың сыртқы саясатын түсіну үшін өте маңызды сөз.

«Серпін» дегеніміз не? Бұл жай ғана күш емес. «Серпін» – орналасқан жерді, уақытты, ресурстарды, қатынастар мен ортаны біріктіру арқылы қалыптасатын стратегиялық артықшылық. Қазақстанның ең үлкен капиталы – әскери күші, халық саны емес, оның орналасқан жерінде жатыр. Солтүстігінде Ресеймен шектеседі, шығысында Қытаймен көрші, батысында Каспий теңізі мен Еуропаны байланыстырады, әрі Орталық Азияның көлік, энергетика және ресурс желілерінің маңызды түйінінде орналасқан. Егер дұрыс басқарылмаса, бұл орын «екі оттың ортасы» болып көрінеді. Ал дұрыс игерілсе, бұл орын «стратегиялық торапқа» (хабқа) айналуы мүмкін. Әлсіздер қыспақты көреді, шеберлер торапты басқарады. Міне, бұл – «жағдайды өзі қалыптастыру» болып табылады.

IV. Германиямен ынтымақтастықты кеңейте отырып, Путинді мадақтау – бұл кілт. Егер Тоқаев шынымен де «Ресейге қарай бет бұруға» дайындалып жатса, оның Германияға жасаған сапарындағы экономикалық күн тәртібін түсіндіру қиынға соғар еді. Шын мәнінде, екі тарап та бір уақытта Қазақстан-Германия ынтымақтастығын нығайтуға деген міндеттемелерін растады. Германия жеткізу тізбегіндегі ынтымақтастықты нығайтуға және Каспий теңізі арқылы өтетін «Орталық дәлізді» дамытуға ниетті екенін білдірді; Тоқаев Қазақстанның Германияға мұнай жеткізуді арттыруға және сенімді энергетикалық серіктес болып қала беруге дайын екенін мәлімдеді. Екі тарап өнеркәсіп, технология және шикізат саласындағы ынтымақтастықты да талқылады. ҚР Президентінің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта екі тараптың да бірнеше салада ынтымақтастықты тереңдетуге деген міндеттемелерін растағаны анық жазылып тұр. Бұл өте қызықты жағдай туғызады: саяси тұрғыдан Ресеймен байланысты сақтау; экономикалық тұрғыдан Германиямен ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру; географиялық тұрғыдан Қытаймен және Еуразия көлік жүйесімен байланыстарды сақтау. Сондықтан «Қазақстан Ресейге арқа сүйегелі отыр ма?» деп сұраудың орнына: «Қазақстан стратегиялық тепе-теңдігін қайта қалыптастырып жатыр ма?» деп сұраған дұрысырақ болады. Соңғы сұрақ шындыққа жақын болуы мүмкін.

V. «Әскерде тұрақты жүйе болмайды: Дипломатиядағы ең үлкен қателік – белгілі бір уақытта ғана тиімді болатын уақытша айла-тәсілдерді (тактиканы/стратегияны) кейіннен өз іс-әрекетіңді шектеп, қолыңды байлайтын кісен қылып алу.

Сунь Цзы: «Соғыстың тұрақты жүйесі болмайды, судың да тұрақты пішіні болмайды», – деген. Бұл халықаралық саясатқа да қатысты. Халықаралық саясатта да солай. Кешегі тиімді қашықтық бүгін тиімді болмауы мүмкін; кеше алшақтатуды талап еткен қарым-қатынастарды бүгін реттеу қажет болуы мүмкін; кеше күшейтілуі тиіс болған ынтымақтастықты ертең қайта теңгерімдеу қажет болуы ықтимал. Сондықтан кемел стратегия өткендегі саясатты болашақтың бұғауына айналдырмауы керек.

Қазақстан соңғы жылдары өзінің егемендігі мен мемлекеттік тәуелсіздігін үнемі баса айтып, сонымен бірге Ресеймен тығыз байланысын сақтап келеді; сонымен қатар ол Германия сияқты Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда. Бұны қарапайым «ресейшіл немесе Ресейге қарсы» деген екіжақты шеңбермен түсіндіру мүмкін емес. Мұны «көпвекторлы дипломатия» деп түсінген жөн. Бұл ұстанымның жоқтығын білдірмейді, бұл – мемлекеттік мүддені бір ғана лагерьге байлап қоймау деген сөз.

VI. Нағыз «айла-тәсіл» (ықпал) – барлық тараптардың саған мұқтаж болуында. Сунь-Цзының «Соғыс өнері» еңбегінің ең керемет тұсы – әлсіздерге барлық мықтыларды қалай жеңуге болатынын үйретуінде емес. Ол бізге мәселені шешуде тек текетірес пен тек күшпен ғана шешуге болатын тығырыққа тірелмеу керектігін ұғындырады.

Қазақстан сияқты Еуразия құрлығында орналасқан мемлекет үшін ең тиімді жағдай – барлық алпауыт мемлекеттермен бірдей араздасу емес, немесе бір ғана алпауыт елге толықтай тәуелді болу да емес. Керісінше, мынадай геосаяси жағдайды қалыптастыруға тырысу:

• Ресейге оның тұрақтылығын сақтау қажет;

• Еуропаға оның энергиясы, ресурстары мен көлік-транзит дәліздері қажет;

• Қытайға Еуразиядағы тұрақты құрлықтық ынтымақтастық қажет;

• Орталық Азия елдеріне де аймақтық тұрақтылық пен өзара байланыс қажет.

Қашан да болсын, неғұрлым көп сыртқы күштер:

«Тұрақты, ашық әрі тәуелсіз Қазақстан менің мүддеме сай келеді», – деп есептеген сәтте, Қазақстанның өз стратегиялық құндылығы арта түседі. Міне, бұл нағыз:

Жағдайды ұғыну (жағдайға бейімделу), жағдайды пайдалану және жағдайды (өз пайдаңа) туғызу болып табылады.

VII. Стратегияның ең жоғарғы деңгейі: Жеңімпазға бәс тігу емес, жеңіліске ұшырамаудың амалын табу.

Халықаралық саясатты зерттейтіндердің көбі: «Кім жеңеді? Ресей ме, әлде Батыс па? АҚШ па, әлде Қытай ма?» – деген сұрақтарды жиі қояды. Бірақ «Сунь-цзының Соғыс өнері» бізге басқа бір ақиқатты ұғындырады. Шын мәніндегі кемел мемлекеттік стратегия – кімнің жеңетінін болжау емес, жағдай қалай өзгерсе де, өзіне маневр жасауға (таңдау жасауға) мүмкіндік беретін кеңістік пен жағдай жасап алу. Бұл – «алдымен өзіңді жеңілмейтін күйге жеткізу» деген сөз. Сондықтан Тоқаевтың Берлинде Путинді қолдап сөйлегенін мен Қазақстанның сыртқы саяси бағыты түбегейлі өзгерді дегеннің дәлелі ретінде емес, әлі де бақылай түсуді қажет ететін стратегиялық белгі ретінде қарастырғанды жөн көремін. Өйткені алпауыт мемлекеттердің текетіресінде бағыт ешқашан бір ауыз сөзбен шешілмейді. Мұнда алдағы уақытта сауда, энергетика, көлік-тасымал, қауіпсіздік, дипломатиялық сапарлар мен институционалдық келісімдердің қалай өзгеретініне қарау керек.

 

Қорытынды: 

Әлемге тек ұстаным тұрғысынан емес, «ықпал мен үрдіс» тұрғысынан қарау. Сунь-цзының «Соғыс өнерінде»: «Соғыса білетін адам жағдайдың ықпалын (үрдісін) пайдаланады. Бұл мың құлаш биік таудан домалаған жұмыр тастың екпіні сияқты, бұл – үрдіс», – деген. Халықаралық саясат та дәл солай. Қарапайым адамдар «Тоқаев Путинді мақтады» дегенді ғана қабылдайды. Ал стратегтер болса, «Неге дәл қазір айтты? Неге Германияда айтты? Кімге естірту үшін айтты?» – деген сұрақтарға бас қатырар еді. Бұл сөз арқылы өзіне қандай еркіндік кеңістігін саудалап алды? Келесі қадамда кімнің екпініне сүйеніп, қандай жағдай жасамақшы?

Міне, бұл – әлемге Сунь-цзының «Соғыс өнері» көзімен қарау әдісі. Стратегия – бүгін кімнің жағында тұруың емес; тактика – әртүрлі күштердің өзіңе таңдау кеңістігін қалдыруына қол жеткізу; ал үрдіс – өзіңнің геосаяси орныңды, ресурстарың мен дипломатиялық қарым-қатынастарыңды өзгелер елеусіз қалдыра алмайтындай құндылыққа айналдыру. Қазақстан «қайтадан Ресейдің құшағына енді» деп қазір үкім шығару әлі тым ерте. Бірақ Тоқаевтың Берлиндегі мәлімдемесі бізге мынаны ескертеді:

Алпауыт мемлекеттер әлемді күшпен бағындырса, орташа мемлекеттер кеңістік табу үшін айла-стратегияға иек артуы керек. Екі жақтың бірін оңайлықпен таңдамау – стратегияның жоқтығы емес; алпауыттар арасында таңдау құқығын сақтап қала білудің өзі – үлкен стратегиялық қабілет.

Бұл – «Сунь-цзы» іліміндегі Мәлімет / Амал ().

Бұл – дипломатиялық майдандағы Тәсіл / Тактика ().

Бұл – алпауыттар бәсекесіндегі Ықпал / Екпін / Үрдіс ().

 

Ерғазы Сейтқали
08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28423
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27924
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45262
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40909
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45581