Аудандағы С.Шәкіров ауылдық округі ертеден-ақ егін және мал шаруашылығымен даңқы шыққан елді мекен. Іргесінен Талас өзені ағып жатқан өңірдің жері де шұрайлы. Кезінде мұнда дәнді дақылдың, қалаберді дала аруы – жүгерінің де бітік шығатынын көз көргендер әлі күнге айтып отырады.
Округ тұрғындары қазіргі таңда мал шаруашылығына ерекше басымдық беріп келеді. Мұнда мал өсірумен айналысатын 55 шаруа қожалық болса, оның 50-ге жуығы атакәсіпті ертеден меңгергендер. Төрт түліктен нәсібін айырған шаруалардың қатары артқан сайын мал басы да көбейе түскен. Мұны ауылдық округ әкімі Ринат Бекбосын да растап отыр.
– Бейнетіне бейімделе білсең, төрт түлік табыс көзі, – дейді Ринат Ертайұлы. Иә, «қой төлімен көбейеді», деген.
«Саян» шаруа қожалығы да машақатына қарамастан мал басын арттыруды мұрат тұтып келеді. Құрылғанына он жылға жуық уақыт өтпесе де, қазір тірлігі тік. Жұмыстың жүруі, істің нәтижесі басшыға байланысты десек, бұл орайда шаруа қожалық төрағасы Ермахан Омарбековтің саладағы тәжірибесі аз емес. Бастапқыда тері қабылдаумен тірлігін бастаған Ермахан көп қиындықтан өтті, тәжірибе алды, болашаққа жоспар құрды. Олжа оңай келмейді. Оны шаруаның өзі жақсы біледі. «Агрокорпорация» АҚ арқылы 11 миллион теңгеге несие рәсімдеп, асыл тұқымды «Әулиекөл» сиырын және уақ мал басын сатып алып, түліктің басын құрады, тірлігіне жан бітірді.
– Малдың көбеюі, түліктің қыстан аман шығуына байланысты ғой. Ауылда өскен соң мал тірлігі таңсық емес. Шөп қорын жеткілікті етіп алдық. Дегенмен, биылғы қыс жайлы болды. Пайдаланып отырған құдығымыз ертеден бар. Мемлекет тарапынан күннен қуат алатын панель орнатып, нәтижесінде электр қуатын пайдаланып отырмыз. Қазір шаруа қожалығында бір отар қой және асыл тұқымды ірі қара басы бар, – дейді шаруа.
Жоқтан барды құраған, барды табысқа айналдыра білген Ермахан биыл 100 саулықтан 100 төл алып отыр. Оның айтуынша, өткен көктемде де осылай төл алыпты. Бұған енді табанды еңбектің жемісі демеске лажың жоқ. Өйткені, осынша жұмысты тек малшысы Самат Жекебаев екеуі ғана атқарған. Себеп, малшы тапшы.
– Мал бағу оңай шаруа емес. Бүгінгі таңда малшы табу қиын. Қазір мал «Қойшыбай» құмында. Біз мұнда наурыз айының басынан бері төл алудамыз, – дейді Е.Омарбеков.
Қазір мал шаруашылығымен айналысатын С.Шәкіров ауылы өркениет көзінен қалып отырған жоқ. Онда көгілдір отын мен ауыз су да жүргізіліп, оның игілігін ел көруде. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандар халыққа табысты қызмет көрсетіп, көшеге тас төселіп, көшелер жарықтандырылуда. Бұл да ауыл халқының тұрақтап қалуына, мал және егін шаруашылығын дамытуға үлес қосуда.