Абай облысында ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтылды. Жиында Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, жергілікті атқарушы органдардағы кадр тұрақтылығы және оқушыларды тамақтандыру сапасы мәселелері қаралды.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және айналымға енгізу мәселесі бойынша облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов пен Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алмас Тоқсанбаев баяндама жасады.
Бүгінде өңірде пайдаланылмай жатқан 151 мың гектардан астам ауылшаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл – 2025 жылға жоспарланған 170 мың гектардың басым бөлігі. Қайтарылған 423 жер учаскесінің ішінде 129,8 мың гектары – жайылым, 13,4 мың гектары – егістік, ал 8,7 мың гектары өзге мақсаттағы жерлер. Сонымен қатар, облыс бойынша 587,3 мың гектар жер ауылшаруашылығы айналымына енгізілген.
Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардан 216 жер пайдаланушыға тиесілі 447,4 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлер туралы материалдар түскен. Нәтижесінде 44 тексеру жүргізіліп, 61 заң бұзушылық анықталған. 56 тұлғаға әкімшілік жаза қолданылып, 34 нұсқама бойынша қосымша салық салу шаралары қабылданған.
Аймақ басшысы аудан әкімдеріне пайдаланылмаған жерлерді қайтару жұмыстарын күшейтіп, жылдық жоспарды толық орындауды, жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларын белгіленген мерзімде бекітуді тапсырды. Сондай-ақ облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін 481,5 мың гектар жерді ауылшаруашылығы айналымына енгізу міндеттелді.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы















