164 түлек ауылға жолдама алды

164 түлек ауылға жолдама алды
 

Меркідегі №9 колледж жарты ғасырға таяу уақыттан бері ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлап келеді. Бүгінгі таңда оқу орны жеті мамандық бойынша ауылға ауадай қажет болып отырған кәсіп иелерінің қолына диплом ұстатып, Мемлекет басшысының Жолдауындағы осынау зәрулікті орындауға айрықша назар аударуда. Колледждің директоры Ғалымжан Мамырбаевпен оқу бітірушілердің диплом алу салтанаты алдында жолықтық.

Ол: «Осы оқу жылында 164 студентке ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу ісі, токарьлық іс, электр жабдықтары, тамақтандыруды ұйымдастыру кәсіби мамандықтары бойынша диплом бергелі отырмыз . Олардың ешқайсысы да диплом алған соң жұмыссыз үйінде отырып қалмайды. Дирекция дайындалған мамандарды жұмысқа орналастыру үшін күнілгері аудандық жұмыспен қамту орталықтарымен, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен келісімшартқа тұрды. Енді міне, екі жыл, он ай бойы алған білімдерін колледж бітірушілердің 80 пайызы тікелей өндірісте шыңдайтын болады»,– дейді.

Дегенше болған жоқ, оқу орнының алдына жиналған ата-аналар мен оқу бітіруші түлектер шыжып тұрған шілденің ыстығына қарамастан директордың орынбасары Асыл Тоқтаралиеваның осынау игі шараны бастау туралы таңғы тымық ауаны жара шыққан даусына құлақтарын түре қалысты. Топ жетекшілері Ш.Бейсенбаева, М.Жұматаев, Л.Манкеева, Ғ.Жырғалбаева, Н.Абдуллаева, Ж.Шәріпхан диплом алуға үміткер жастарды алаңға шығарып, сапқа тұрғызды.

Жүрек толқуы басылып үлгергенше колледж басшысы топ алдында сөз сөйлеп, түлектерге диплом мен куәліктерді тапсыра бастады. Студенттер Жансая Мұстафаева, Лаура Маралова мен Анастасия Саитоваға директор қызыл диплом ұстатты. Сондай- ақ белсенді әрі ерікті жастар өздерінің волонтерлік қызметтері үшін аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Н.Сұлтаналиевтің қолынан Алғыс хаттар алды. Айту ләзім, осынау салтанатты жиында волейболшы Камилә Мамырбаева мен Ақнұр Аманқұл және М.Асадова да марапатқа ие болды.

Расында, білікті де білімді мамандарды оқытуға зор үлестерін қосқан Айдос Айтбаев, Дихан Ізбасаров, Асыл Тоқторалиева, Ғалия Мәдиева, Нұрбала Құрамаева сынды ұстаздардың еңбегі зор. Оқу орны қазіргі таңда Үкімет тарапынан да үлкен қамқорлыққа бөленіп отыр. Колледж оқушылары су жаңа «Djon-dir» комбайндары мен тракторларының, ауыл шаруашылығы техникаларының да қыр-сырын жете меңгеріп, өндіріске теория мен практиканы бірдей алып барады. Иә, ауылдағы шаруақожалықтарымен өндірістік кооперативтер осындай механизатор, дәнекерлеуші, токарь, электрик, механик мамандарға өте зәру-ақ. Ертесіне колледждің 50 студенті туристік сапармен Түркістан қаласына аттанды.


Суретте: оқу орнын қызыл
дипломға тәмамдаған Жансая
Мұстафаева мен Лаура Маралова.

Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы.
06.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 859
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6928
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10766
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7000
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7140