Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев: «Қонаев қаласын басып өтетін теміржол шаһар сыртына шығарылуы мүмкін. Қаланың бас жоспары жасалған.
Жоспарға сәйкес қала солтүстік батысқа қарай кеңейеді. Жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынады. Осы орайда ауқымды құрылысқа теміржол бөгет болмау керек. Теміржол желісін сыртқа шығаруға инвесторлар қызығушылық танытып отыр», – деді. Сонымен қатар өңірдегі автомобиль жолдарының құрылысын көрген министр: «Жыл ортасында 66 шақырымдық үлкен Алматы айналма жолы мен Шамалған бекетіндегі 6 шақырымдық жолайрық пайдалануға берілмек. Ал Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешені жанында салынып жатқан айналма жолдың құрылысын жарты жылда аяқтау жоспарланып отыр», – деп атап өтті. Бұған «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев: «Биыл қыркүйек айында бізде келісімшарт бітіп, жұмыстар аяқталуы керек. Жоспарымыз бойынша шілде айында барлық жұмысты бітіріп, пайдалануға береміз деген жоспарымыз бар», – деп қосты.