2023: Әлем құлақ түрген оқиғалар

2023: Әлем құлақ түрген оқиғалар

Тарихтың керуені алға жылжып, тағы бір белеске көтерілді. Жаңа жылдан күтеріміз көп. Үмітпен өмір сүретін адамзат баласы үшін, 2024 жылдың қандай тосынсыйлар дайындап тұрғандығын алдағы уақыт көрсете жатар. Ал, өткен жыл несімен есте қалды? Тарих парағына олар қандай таңбаларын қалдырды? Өткен желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында әлемдік БАҚ беттерінде осы сауалдың төңірегінде жасалған қорытындылар көбейді. Мұндай сараптамалардың арасында кейбір сайттардың, белгілі бір мемлекеттер мен аймақтарда орын алған істерді баса көрсетуге тырысқандықтары байқалады. Дегенмен көпшілігі бірауыздан төмендегі 10 түрлі оқиғаны «2023 жылы әлемде болған ірі оқиғалар» тізбегіне қосқан екен. БҰҰ-ның жаңалықтар сайты «https://news.un.org»-тың бетінде де 2023 жылға шолу жасаған мақаласында да осы оқиғалардың біразы қамтылыпты. Біз де көштен қалмай, осы материалдарды ықшамдап оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

1. Жойқын жер сілкінісі

2023 жылы 6 ақпан күні таңертең шығыс Жерорта теңізі аумағында күшті жер сілкінісі болды. Сілкініс әлемнің бірқатар елдерінде сезілді. Бұлардың арасында Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде болған жер сілкінісі соңғы бір ғасырда болмаған жойқын жер сілкінісі ретінде тіркелді. Зіл-заланың зардабының ауыр болғандығы соншалық, 9 сағат ішінде екі рет 7,8 балдық жер сілкінісі болды. Ал, әсері бұдан төмен қайталама сілкіністердің жиі болғандығы соншалық, жер беті тоқтамай дірілдеп тұрды дейтіндей еді. Апаттың салдарынан қыруар құрылыстар қирап қалды. Екі мемлекетте жиыны 56 мың адам қаза тапты. Мұның ішінде ауыр зардап шеккені Түркия болды. Бұл аймақта 50 мыңнан астам адам апат құрбанына айналды. Апат аймағына көмек қолын созған елдердің арасында бауырлас Түркі мемлекеттері айрықша белсенділік таныта білді. Қазақстан мен Қырғызстаннан жеткізілген киіз үйлер Сыр бойынан Кіші Азияға кеткеніне талай ғасыр болған оғыз түріктерінің ұрпақтарын тебіренткен оқиға болып еді. Осы қайғылы оқиғаны есте сақтау үшін Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті кезінде «6 ақпан – табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні» деп белгілеу туралы шешім қабылданды.

2023 жылы 8 қыркүйекте Африкадағы Марокко елінде де тарихтағы ең күшті жер сілкінісі болып өтті. 6,8-7 балдық күшті жер сілкінісінен 3000-ға жуық адам қаза тауып, 5600-ден астам адам жарақат алды.

2. Ұзаққа созылған орыс-украин соғысы

2022 жылы 24 ақпанда басталған орыс-украин соғысы екінші жылға аяқ басты. Көп өтпей-ақ атыс тоқтауы мүмкін деп болжаған саяси «жауырыншылардың» болжамы мүлт кеткендей. «Вагнер» жалдамалы әскерлерін алдыға салып, жүз мыңдаған резервтегі жасақтарын майдан даласына аттандырып жатқан Ресей жағы «үш күнде Киевті басып аламыз» деген көпірме сөздерін дәлелдей алған жоқ. Ресей армиясы 2023 жылы қаңтар айында Украинаның Донбас аймағында кезекті шабуылын бастады. Мамыр айында қанды қасап қырғынды сала отырып, Бахмутты басып алды. Киев жау қолында қалған облыстарын қайтарып алу үшін Батыстан келіп жатқан әскери көмекке арқа сүйей отырып, қарымта шабуылды үдете түсті. Бірақ Ресей армиясының берік қорғанысын бұзып өте алған жоқ. 24 маусымда «Вагнер» ұйымының көтерілісшілері аяқ астынан кері бұрылып, Мәскеуге қарай бет түзеді. Путин «Вагнердің» басшысы Пригожиннің «сатқындығын» айыптап, ақыры өз адамдарына лагерьге «қайта оралуды» бұйырды. Пригожин екі айдан кейін Мәскеу маңында ұшақ апатынан қайтыс болды. Бірнеше айға созылған қарсы шабуылдардың болымсыз нәтижесі қараша айында көрінгендей болды. Украин әскерлері қарашаның ортасында Херсон аймағындағы Днепр өзенінің сол жағалауында орыс жасақтарын бірнеше шақырымға кері шегіндірді. Өкінішке қарай, соғыс жағдайында түбегейлі өзгерістер болып жатыр деуге әлі ертерек секілді.

3. Ең ыстық жыл

2023 жылдың жазы аптап ыстығымен есте қалды. Еуропадағы Кооперник обсерваториясының мәліметінше, 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл ретінде тіркеліпті. Температураның жоғары болуы салдарынан жер бетін қуаңшылық жайлап, көптеген аймақтарда өрт апатының жиілеп кетуіне әкеліп соқты. Канада мемлекетінде орын алған орман өртінің салдарынан 18 миллион гектардан астам орман өртеніп, 200 мың адам эвакуацияланыпты. 2023 жылдың тамызында Гавайидегі өрт Мауи аралындағы Лахайна туристік қалашығын күлге айналдырып, 97 адам қаза тапты. Ал Грекиядағы өрттердің салдарынан 26 адам ажал құшқан. Аптап ыстықтан шыққан өрттер дүниенің жер-жерінде жалындап жатты. Родос пен Корфу сияқты туристік аралдар, Жерорта теңізі аумағындағы Алжир, Сицилия аймақтары да өрттен қатты зардап шекті. 

4. Африкадағы саяси толқулар 

2023 жылы Африкада екі үлкен төңкеріс туды. Нигерияда көтеріліс бастаған әскерилер «қауіпсіздік жағдайының нашарлауына» байланысты, 26 шілде күні билікті басып алды. Орнынан құлатылған Президент Базум содан бері өзінің ресми резиденциясында қамауда отыр.

Орталық Африкадағы Габон елінде өткен көпшіліктің сынына ұшыраған жалпыхалықтық сайлауда, билікте отырған Президент Али Бонго үшінші мерзімге қайта сайланғандығы белгілі болды. Бұған наразылық танытқан адамдар ереуілге шығып, арты әскери қимылға ұласып кетті. Али Бонго 30 тамызда әскери төңкеріс нәтижесінде тақтан тайдырылды. Оның отбасы Габон елін 55 жылдан бері уысында ұстап келе жатқан еді. 

Судан елінде болып жатқан ішкі соғыс әлі жалғасып жатыр. 15 сәуірден бері жалғасып жатқан Генерал Бурхан басқаратын Судан армиясы мен оның бұрынғы орынбасары Дагло бастаған әскерилендірілген күштер арасындағы соғыс 10 мыңнан астам адамның өмірін қиған.

5. Жасанды интеллекттің Голливудты дүр сілкіндіруі

Шығармашылық жағында жасанды интеллектті қолданудан туындаған алаңдаушылық, әлемдегі кино туралы алаңдаушылық Голливудқа таралды. Қаламақысыз қалуға алаңдаған сценаристер 2023 жылы мамырда ереуілге шыға бастады. Жасанды интеллекттің кең көлемде қолданыла бастауы актерлерді де ойландыра бастағандай. Голливудтағы бұл толқуларға шілденің ортасында актерлер қосылды. Олар жалақыны көтеруді және фильмдерде жасанды интеллектті пайдалануға шектеу қоюды талап етті. 1960 жылдан бері Голливудта бұрын-соңды болмаған ереуіл қыркүйек айында жалақы туралы мәмілемен және жасанды интеллектті пайдалануды тоқтатумен аяқталды. Жалақы өсімінен басқа, ереуіл жасанды интеллектті пайдалануға жаңа шектеулер енгізді. Бұл ереуіл толқыны АҚШ-тың киноиндустриясына кәдімгідей әсер етіп, тікелей экономикалық шығын 6 миллиард долларға жеткен. Бірнеше ірі қойылымдар, соның ішінде «Stranger Things» фильмінің бесінші маусымы кейінге қалдырылды.

6. Айға «шабуыл» күшейді

Әлемдегі алпауыттар арасында Ай шарына сапар шегу кәдімгідей бәсекеге айналғандай. Үндістан 2023 жылы 23 тамызда Айдың оңтүстік полюсіне өзінің «Чандраяан-3» ұшқышсыз зымыран тасығышын сәтті қондырды. Бұл Үндістанның Айға алғашқы қонуы еді. Осы оқиғадан бірнеше күн бұрын ресейлік «Ай-25» зонды айдың дәл сол аймағында бақылаудан шығып кеткен болатын. Үндістанға дейін тек АҚШ, Кеңес Одағы және Қытай қатарлы санаулы елдер ұшырған жасанды серіктер Ай бетіне қонған еді.

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасы (NASA) 2025 жылы астронавттарды Айға шығару мақсатымен, «Артемида» миссиясын орындау үшін Илон Масктың Ғарыштық Барлау Технологиялық Компаниясы (SpaceX) жасаған «Жұлдызды кеме» (Starship) зымыранын пайдалануды шешті. Starship сәуір және қараша айларында екі рет ұшыру сынағын өткізді. Алып зымыран екінші реткі сапарында ғарышқа сәтті шықты, бірақ кейінірек «анормальды жағдайға» байланысты жарылып кетті.

Сәуір айында жапондық Ғарышты зерттеу мекемесі өзінің Hakuto-R модулін Айға аттандырды. Алайда бұл жоба сәтсіз аяқталды. Бірақ Жапонияның Jaxa ғарыш агенттігі қыркүйек айының басында Айға қонуға арналған жаңа барлау миссиясына кіріскендігін мәлімдеді.

7. Испания әйелдер футбол командасындағы күштеп сүйісу оқиғасы

Бұл әлемдік деңгейде қарастырылатын мәселелер қатарына жатпайды дейтіндер де табылар. Алайда, осы оқиғаның шуы біразға созылғаны белгілі. 2023 жылы әйелдер арасында әлем чемпионаты аса тартысты жағдайда өтті. 20 тамыздағы Финалдық матчта испан қыздары Англия ұлттық құрамасын 1:0 есебімен ұтты. Кездесу Сидней Олимпиада стадионында өткен болатын. Бұл Испанияның тарихи жеңісі еді. «Реал Мадридтің» 23 жастағы футболшысы Ольга Кармона Гарсия ойынның 29-минутында қарсы жақтың қақпасына гол соғып, жағдайды мүлде өзгертіп жібергені есімізде. Осы қуанышты сәтте Испания футбол федерациясының сол кездегі президенті Луиса Рубиалеса спортшылармен кездесу барысында шабуылшы Дженнифер Эрмосоны күтпеген жерден ернінен сүйіп алып, мұның соңы халықаралық деңгейдегі наразылыққа ұласып кетті. Эрмосо бұл істің «сексист, орынсыз және оның келісімінсіз» болғандығын айтып наразылық танытты. Ал Рубиалес өзінің жаман ниеті болмағандығын айтып ақталғандай болды. Луиса Рубиалеса 10 қыркүйекте отставкаға кетті. Сот оны «жыныстық зорлық-зомбылық жасады» деп айыптап, ФИФА оның үш жыл бойына футболға қатысты кез келген іс-шараларға қатысуына тыйым салды.

Қазіргі таңда әйелдер арасындағы футболдан өтетін әлем чемпионаты жұрттың назарын аударып келе жатқандықтан, бұл оқиға футбол жанкүйерлеріне көңілсіздік сыйлауымен есте қалды. 

8. Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы найзағай шабуылы

2023 жылы 19 қыркүйекте Әзербайжан әскерлері Таулы Қарабақ аймағына найзағайдай шабуылын бастап жіберді. Осылайша аяғы созылыңқырап кеткен Қарабақ мәселесін қаруға жүгіне отырып шешуге тура келген еді. 19 қыркүйектегі найзағай шабуылынан кейін бір күннің ішінде Армения қолдап отырған Таулы Қарабақ билігі біржолата әзербайжандарға өтті. Екі жақ атысты тоқтату туралы келісімге келді. Соғыс салдарынан 600-ге жуық адам қаза тауып, 120 000 тұрғынның көпшілігі Арменияға қашты. Қараша айының ортасында Арменияның шағымымен Халықаралық сот Әзербайжан еліне қарата Арменияға қашып кеткен Таулы Қарабақ тұрғындарының кері оралуына рұқсат беруді бұйырды. Алайда бейбіт келісімге келуге тырысқан халықаралық келіссөздер әзірге нәтиже бере қойған жоқ.

9. Газадағы қақтығыс

7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысының жасақтары Газа секторынан Израильдің оңтүстігіне жасырын кіріп, шекаралас қалалардағы музыка фестиваліне жиналған адамдарға тұтқиыл шабуыл жасап, салдарынан 1200-ге жуық адам қаза тапты. Шабуыл әлемді дүр сілкіндірді. Ақпарат құралдары бұл оқиғаның ауқымы мен зорлық-зомбылық жасау барысы 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан бері қарайғы уақытта кездескен ең ауқымды деңгейге жеткендігін жазып жатыр. Осылайша соғыс бұрқ ете түсті. Израиль армиясы зұлымдық жасаған ХАМАС-ты біржолата жойып жіберуге ант беріп, Газа аймағына шабуылды бастап жіберді. 27 қазаннан бері жасалып жатқан соққылардың кесірінен 20 мыңнан астам Газа тұрғыны ажал құшқандығы айтылып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Газа секторындағы 2,4 миллион тұрғынның үштен екісі елден босып кеткен. Бұл соғыстың соңы қалай аяқталары әлі белгісіз. Қазір әлем назары Украина майданынан гөрі Газада жалғасып жатқан соғысқа ауып тұрған жайы бар. 

10. Аргентинадағы президент сайлауындағы кездейсоқ жеңіс 

2023 жылы 19 қарашада Аргентинада өткен сайлауда жұрт күтпеген нәтиже болды. 53 жастағы әсіреоңшыл ультра-либералдық экономист Хавьер Милай жеңіске жетті. Ол 10 желтоқсанда ресми түрде Президент қызметіне кірісті. «Аргентинаның Трампы» деген лақабы бар Милли Латын Америкасының үшінші ірі экономикасы саналатын Аргентинадағы рекордтық деңгейге жеткен инфляцияны тежеу үшін соққы терапиясын жасайтындығын айтып халыққа уәде берді. Ол алдағы уақытта толық жекешелендіру, мемлекеттік шығындардың «шынжырын үзу», Аргентина песосын доллармен ауыстыру және орталық банкті жою қатарлы шараларды қолданатындығын ашық мәлімдеп отыр.

 

Саммитте ән шырқаған Димаш

PS: Жоғарыда тізбектелген оқиғалар әлемдік басылымдардың көбінде жарық көріп, бір пікірге тоқайласқан жағдайлардың көрінісі еді. Қытайдың беделді басылымдары жоғарыдағы оқиғалардың қатарына 2023 жылы 18 қазанда Қытайдың Ши-ань қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық саммитінің үшінші форумын қосыпты. Бұл саммитте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың онан ары кеңейе беретіндігіне сенім білдірген еді. Саммиттің салтанатты ашылу рәсімінде танымал әнші Димаш Құдайберген қазақ әнін әуелете шырқаған болатын.

Ерқазы Сейтқали
18.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 175
ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ КІЛЕМ ФАБРИКАСЫ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 67
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 108
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 127
 МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫНА 80 МЫҢ ТОННА МАҚТА ТАЛШЫҒЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 21
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 92
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 508
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 474
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 497
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 491
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 489
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 504
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 494
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 688

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9733
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9107
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12342
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10112
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11322