Хабар 24 арнасы: «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтар зейнетке ерте шығуы мүмкін. Ал қоғам тарапынан сұраныс болса, 1992 жылы қабылданған полигон туралы заңға тиісті өзгеріс енгізіледі», – деп хабарлайды. Семейде үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесуде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау және Экология министрліктерінің өкілдері ядролық сынақ тақсіретін тартқан аймақ тұрғындарының денсаулығына зерттеу жүргізіп жатыр. Соның негізінде заңға тиісті өзгеріс енгізілуі мүмкін. Заң өз орнында қалады. Екіншіден, өзгеріс қажет болса, арнайы институттар өз ұсыныстарын беретін болса, әрине, өзгерістер енгізіледі. Заңға сәйкес Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар 45 жастан зейнетке шығады», – деді.