Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында 1 мамырда басталған бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл додада Өзбекстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бәрінен бұрын алға шығып, бірінші орыннан көрінді. Алаң иелері 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Ал Қазақстан құрама командасы 4 алтын, 1 күміс жүлдемен екінші орынға шықты. Үшінші орынды 2 алтын, 4 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы иеленді. Мұндай жетістікке еліміздің құрамасы 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейін екінші рет жетіп отыр. Сол кезде де бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық құрама 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған еді. 80 келі салмақ дәрежесінің финалында 22 жастағы Нұрбек Оралбай Қытайдан келген этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен кездесіп, төреші шешімімен жеңіске жетті. Бірінші раундта жеңіс Нұрбек Оралбайға берілді. Екінші раунд та тартысты өтті, бұл жолы тағы да қазақстандық жеңіске жетті. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының алғашқы жеңімпазы 19 жастағы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейін әлем чемпионы атанды. Екінші алтынды (54 келіге дейін) 21 жастағы Махмұд Сабырхан алса, 2023 жылғы әлем чемпионатының күмісін (67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) 28 жастағы Дулат Бекбауов иеленді. Қазақстанға үшінші жеңісті 29 жастағы Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) әкелді. Ол өзбекстандық қарсыласымен тартысты жекпе-жекте жеңіске жетті. Биылғы әлемдік додада Ташкенттің төрінде керілген шаршы алаңда тағы екі қандасымыз жүлдегер атанғанын есепке алсақ, онда бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған рекорд болады. Яғни, Өзбекстанның жейдесінде қолғап түйістірген Руслан Абдуллаевтың алтын жүлдесін қосқанда, қазақ боксшылары 5 алтын медаль алған болып есептеледі. Сол сияқты, Қытай командасының атынан қатысқан Таңатқан Тоқтарбектің күміс жүлдесі де қазақ былғары қолғап шеберлерінің қорына қомақты үлес болып қосылды. Биылғы чемпионатта Куба мен Франция құрамасы бір-бір алтын жүлде алды. Бостандық елінің командасы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдемен төртінші орыннан көрінсе, 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген Франция құрамасы бесінші орынға табан тіреді. Өзбекстанда өткен бокс кешінде Қазақстан қоржынына төрт алтын түсті. Сонымен қатар боксшыларымызды мемлекет басшысы жетістіктерімен құттықтады. «Қазақтың төрт жігіті – әлем чемпионы! «Бокстан әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қызығушылықпен тамашаладым. Жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларымыз Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын!» – деп жазды Президентіміз Қ.Тоқаев Twitter-парақшасында.