АБАЙ ТЕАТРЫ САХНАСЫНДА «ТОСКА» ОПЕРАСЫНЫҢ АЙТУЛЫ ПРЕМЬЕРАСЫ: ҚАЗАҚСТАН САХНАСЫНДАҒЫ ИТАЛИЯ ӨНЕРІНІҢ САЛТАНАТЫ

АБАЙ ТЕАТРЫ САХНАСЫНДА «ТОСКА» ОПЕРАСЫНЫҢ АЙТУЛЫ ПРЕМЬЕРАСЫ: ҚАЗАҚСТАН САХНАСЫНДАҒЫ ИТАЛИЯ ӨНЕРІНІҢ САЛТАНАТЫ

Думанды қошемет және көрермендердің ерекше әсерге толы ыстық ықыласы!

30 және 31 қазан күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында Джакомо Пуччинидің әлемге әйгілі «Тоска» операсының премьерасы аншлагпен өтіп, зор табысқа жетті. Қойылымның режиссері – әлемге танымал италиялық режиссер Стефано Пода.

Театр тарихында алғаш рет Еуропадағы ең көне опера театрларының бірі, 1740 жылы негізі қаланған Турин қаласындағы Корольдік Реджо театрымен бірлескен ауқымды халықаралық шығармашылық жоба жүзеге асырылды. Бұған дейін Италия мен Ресей көрермендерінің жоғары бағасына ие болған қойылым енді Абай атындағы ҚазҰОБТ-ның тарихи сахнасында өзінің бар сән-салтанатымен ұсынылды.

Бір мезетте режиссер, хореограф, сценограф, костюмдер және жарық суретшісі қызметтерін атқарған Стефано Пода Пуччинидің ұлы музыкасын, заманауи режиссура мен озық технологияларды тоғыстырған ерекше сахналық туынды жасады. Әсерлі 3D-проекциялармен толықтырылған бірегей декорациялар мен үш мыңнан астам элементті қамтитын сәнді костюмдер Туринде арнайы әзірленіп, Алматыға жеткізілді. Ауқымды сахналық шешімдер, мәнерлі пластика мен жарықтың көркемдік үйлесімі қойылымды опера өнерінің нағыз салтанатына айналдырды.

Премьераның басты жетістіктерінің бірі – театр солистерінің, хоры мен симфониялық оркестрінің жарқын өнер көрсетуі болды. Флория Тоска партиясын Евгения Смольянина орындаса, барон Скарпиа бейнесін Әзербайжанның халық әртісі, Ресейдің Үлкен театрының солисі Эльчин Азизов сомдады. Ал Марио Каварадосси партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Бажекенов пен Балуан Беркенов өнер көрсетті.

Бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусиновтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр мен бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Темірбекованың жетекшілігіндегі хор қойылымның эмоциялық қуатын арттыра түсті.

Бірінші актінің финалындағы хор көрінісі ерекше көркемдік шешімге айналды. Стефано Пода бұл қойылымда хорды сахна сыртынан тікелей сахнаға шығарып, музыкалық көрініске айрықша ауқым мен әсерлілік дарытты. Шығармашылық ұжымның шеберлігі, көркем сценография мен Пуччинидің мәңгілік музыкасы біртұтас әсерлі туындыға айналып, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Премьера қарсаңында баспасөз конференциясы өтті. Оның спикерлері қатарында театр директоры Айнұр Копбасарова, Қазақстандағы Италия елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі, Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, қойылым режиссері Стефано Пода, бас дирижер Нұржан Байбусинов, бас хормейстер Әлия Темірбекова және режиссердің ассистенті Паоло Джани Чеи болды. Кездесу барысында қатысушылар халықаралық шығармашылық әріптестіктің ерекшеліктері, бірегей сценография және спектакльді әзірлеу үдерісі туралы ой бөлісті.

Премьераға орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаевтың театр ұжымына арналған құттықтау сөзін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Жексеналыұлы Сыдықов оқып берді.

Қазақстан Республикасындағы Италия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу премьераға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды:

«Итальяндық опера өнері – музыкалық жәдігер ғана емес. Бұл – билік, бостандық және адам қадір-қасиеті туралы өткір мәселелерді көтере алатын тірі өнер. Оның болашағы бар және бұл болашақты Италия мен Қазақстан бірге қалыптастыруға ұмтылады».

Театр ауқымды халықаралық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Қазақстандағы Италия мәдениет институтына және Қазақстан Республикасындағы Италия Елшілігіне шынайы алғысын білдіреді.

Қойылымның жүзеге асуына Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры мен «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры қаржылай қолдау көрсетті.

Театр қор жетекшілері – Тимур Асқарұлы Құлыбаев пен Бағлан Батырбекқызы Мусинаға ұлттық өнерді дамытуға және маңызды мәдени бастамаларды қолдауға қосқан елеулі үлесі үшін ерекше ризашылығын білдіреді.

«Тоска» премьерасы жай ғана жарқын театрлық оқиға емес, Қазақстан мен Италия арасындағы шығармашылық бірліктің символына айналды. Пуччинидің ұлы музыкасының соңғы аккордтары көрермендердің толассыз қошеметіне ұласып, ұмытылмас кештің лайықты қорытындысы болды.

Стефано Пода сахналаған «Тоска» – Қазақстанның опера өнері тарихындағы жаңа жарқын белес!

03.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі
Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы - 29.10.2026 362
Еуропа  дүрлігіп жатыр
Ерғазы Сейтқали - 23.10.2026 355

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29112
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28658
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45938
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46252