Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» акционерлік қоғамы аумағында орын алған апат қабырғамызды қайыстырды. Кәсіпорында қызмет атқаратын төрт бірдей азамат автобус ішінде кенеттен опырылған жер астына құлады. Оның екеуі мерт болса, қалған екі азаматтың тағдыры әлі де беймәлім. Жарты айдан астам уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Автобуста қалған екі азаматымыз әлі табылмады. Қақаған қыстың ызғарына қарамастан тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр. Қажетті көмек әрбір отбасына көрсетіліп жатыр. Ең өкініштісі, құлаған жердің астында бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген.
Осы апаттың орын алуына алаңдап, адам тағдырына елеңдеген Мәжіліс депутаты Ж. Амантайдың Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Н. Асыловқа жолдаған депутаттық сауалы әлі құнын жоймай тұр.
«Құрметті Роман Васильевич!
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Бұл мәселенің басы ғана. Келесі, кентте тұратын «Шанхай» атанып кеткен шағынауданның тұрғындары да алаңдап отыр. Оған себеп шағынауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын Майқайың кентінің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтын» АҚ-да мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек атқарады.
«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.
Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған.
Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.
Ал, енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Рэнс Энтерпрайс LTD («Rence Enterprises LTD») компаниясында. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі.
Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадағалауға алады?
Осыған байланысты:
Бірінші. Арнайы құрылған комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек.
Екінші. Осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау маңызды.
Үшінші. Шахтаның маңында орналасқан шағынауданның тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру шарт. Қажет болса көшіруді қарастыру керек.
Төртінші. Еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған барлық шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолданылуы қажет.
Бесінші. Осы орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі қажет.
Құрметпен, «AMANAT» фракциясының депутаты Ж. Амантай».
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В.Скляр мен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Н.Асылов депутаттың бұл сауалына жауап беруге асығар емес. Бұл халықтың да талап-тілегі екенін олар ұмытпауы тиіс!