Абай облысында Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтті. Өңірге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бастаған арнайы делегация келді. Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, бірқатар басқарма басшылары, шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар болды.

Қонақтар сапарын Абай ауданынан бастап, облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесіне барып, ұлылар рухына тағзым етті. Сондай-ақ «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы Абайдың музей-үйін аралап, тарихи жәдігерлермен танысты. Абайдың 180 жылдығына орай жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Ақтөбе облысының тартуы болатын нысан қаланың сол жағалауында, Заря ықшамауданында бой көтермек. Арнайы делегация құрылыс алаңында болып, жобамен таныстырды.
Жалпы аумағы 6700 шаршы метрді құрайтын спорт кешені екі қабаттан тұрады. Тоғыз жүзге жуық көрерменге арналған нысанда негізгі күрес және бокс залдары, жаттығу және қосымша спорт залдары қарастырылған. Жоба іске асқан жағдайда өңірде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, жекпе-жек түрлері бойынша спортшылар даярлауға мүмкіндік кеңеймек.

Құрылыс алаңында екі өңір басшылары жас спортшылармен кездесіп, пікір алмасты. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров:
«Президенттің тапсырмасы бойынша сіздерге Жекпе-жек сарайын салып береміз. «Абайға құрмет» акциясы аясында заманауи спорт ғимараты бой көтереді. Бүгін Ақтөбе делегациясы арнайы келіп, спорт нысанының жер учаскесін белгілеп, әріптесіммен осы мәселені егжей-тегжейлі талқылап, бастапқы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап жатырмыз. Бір жарым жылдың ішінде аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл спорт сарайы өскелең ұрпақтың спорттың айналысуына үлкен мүмкіндік береді», – деді.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли:
«Ақтөбе облысының бұл игі бастамасы – өңіраралық ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Бұл – біздің қаламызға, осы ықшам ауданға өте қажет спорт кешені. Халықаралық стандарттарға сай келетін спорт сарайы спортшылардың кәсіби дайындық жүргізуіне, оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға және үлкен, жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік береді. Бұл – ақтөбеліктердің Абай еліне үлкен тартуы. Президентіміздің «Абайға құрмет» акциясы аясында құрылысы басталып жатқан алғашқы нысандардың бірі. Барша Абай елінің атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – деді.

«Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің өңірлері Семей қаласында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар салуды қолға алған. Атап айтқанда, Алматы облысы Қарағайлы ықшамауданындағы саябаққа «Алтын адам» мүсінін орнатты. Маңғыстау облысы Достық үйін салуда. Солтүстік Қазақстан облысы Бейбітшілік аралында Рәміздер алаңын тұрғызып жатыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салуда. Жетісу облысы Семей қаласының кіреберісіне қақпа орнатуды қолға алса, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ, Қостанай облысы руханият орталығын тұрғызуда. Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салуды жоспарлаған. Ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандыруда. Шымкент қаласы шығармашылық орталықпен қатар Водный кентінде Мәдениет үйін салмақ.
Мәдениет күндері аясында Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Алтын бесік Ақтөбеден – Ұлы Абайға құрмет» атты гала-концерт өтті.
Гала-концерт алдында облыс әкімі Берік Уәли:
«Ақтөбе өңірі мен Абай облысын байланыстыратын тарихи оқиғалар мен рухани байланыс көп. Ақтөбенің Абай облысындағы мәдени күндері – ұлы даланың қос қиырын жайлаған екі өңірдің терең тамырластығы мен бауырластығын айғақтайтын мәдениет мерекесі. Ақтөбе мен Абай – еліміздің өнерге құштар, білімге іңкәр екі өлкесі, тарихи байланысы ежелден тығыз өңірлер. Бүгін өңірімізге үлкен делегациямен өнер жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері арнайы келіп отыр. Бұл өңір аралық рухани-мәдени байланыстарды нығайтып, біздерді бауырластыра, жақындастыра түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қадірлі қонақтарымыз бүгін Мемлекет басшысының бастауымен, Үкіметтің арнайы қаулысымен жүзеге асып отырған «Абайға құрмет» акциясы аясында Жекпе-жек сарайының іргесін қалап, ерекше қуанып отырмыз. Аумағы 7000 шаршы метр болатын спорт кешені 900 көрерменді бір мезетте қабылдай алады. Өңірімізде үлкен халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін бірегей нысан болмақ. Бұл аумақта 9 мектеп бар. Яғни, осы ықшам аудандағы балалардың спортпен айналысуына Ақтөбе облысы үлкен мүмкіндік туғызатын болады», – деді.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде:
«Ең алдымен, 2000-нан астам шақырым қашықтықта жатқан алтын бесік – Ақтөбе өңірінің, Ақтөбе халқының ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Семей төрінде басқосу – өткенге құрмет, бүгінге серт, келешекке аманат. Құнанбайдай дара, Абайдай алып, Шәкәрімдей кемеңгер, басқа да қазақтың тарихи тұлғаларын дүниеге әкелген киелі өңірге тағзым ету – әрбір қазақ үшін парыз. Бұл – ұлт руханиятының темірқазығы, елдікпен ерліктің, парасат пен даналықтың алтын бесігі. Өңірлерімізді ортақ рух, ортақ құндылық, ортақ мақсат біріктіріп тұр. Бүгінгідей шаралар арқылы біз екі облыс арасындағы мәдени, рухани байланыстарды одан әрі нығайта береміз», – деді.
Концертте Ақтөбе өңірінің өнерпаздары өнер көрсетіп, екі өңірдің рухани байланысы айқын көрініс тапты.
Гала-концерт алдында жұртшылық «Ақтөбе өңірінің тарихи мұралары» атты көрмені тамашалады. Экспозицияға 300-ге жуық құнды жәдігер қойылып, келушілерге өңірдің тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды. Көрме барысында облыс әкімі Берік Уәли қонақтарға Семейде салынатын жаңа әкімшілік-іскерлік аймақтың жобасын таныстырды.Екі өңір басшылары мұндай мәдени іс-шаралар өзара ынтымақтастықты нығайтып, рухани байланысты тереңдете түсетінін атап өтті.
Сәруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы















