Елордалық Достық үйінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бірқатар кездесу өткізіп, оған қатысушыларды Министрліктің қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және үйлестіру бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті. Министр: «Қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның пікірін білдірудегі бірегей азаматтық институтқа айналды. Ал 2021 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер олардың қызметін жетілдіру ісіне серпін берді. Қазіргі уақытта 249 қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға тікелей төрт нысанда тартылған: қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдаулар және мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдау»,– дей келіп, Қоғамдық кеңес мүшелерін заңнамамен берілген өз өкілеттіктерін белсенді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, А.Балаева ағымдағы жылдың қараша айының соңында Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтетін X Азаматтық форумның жеке бір алаңы қоғамдық кеңестер жұмысына арналатынын хабарлады. Елорданың ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуінің барысында министр: «Жалпы Президентіміздің зиялы қауымға деген көңілі қашанда ерекше. Биылғы Жолдауында ол зиялы қауым өкілдерін арнайы атап өтіп, ұлт зиялыларының ой-пікірі қоғам дамуы үшін аса қажет екенін айтты. Ел болашағына қатысты, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде өздеріңізді шет қалмауға шақырды. Бұл түсіністік ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында ерекше маңызды»,– деді. Елорда әкімдігінің активімен кездесуде: «Мемлекет пен қоғамның өзара тиімді іс-қимылы – Президент бастамаларының нәтижелі болуының кепілі. Сондықтан, ел Президенті мен Үкіметінің бастамалары туралы халықты ақпараттандыру жөніндегі жұмысты арттыру қажет, өйткені, қоғамдық даму көбінесе орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың азаматтық қоғаммен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, жастармен тиімді өзара іс-қимылына байланысты»,– деп атап өтті. Министрмен кездесулерге қатысушылар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылында қоғамдық даму ісінде пікір алмасу және ұсынымдар форматында осындай іс-шаралардың ерекше маңыздылығын атап өтті.