Адалдық – айрықша қасиет

Адалдық – айрықша қасиет

Жалпы, қоғамда адал азаматтың қалыптасуы өзінің тұла бойына сабырлылық, әдептілік, тазалық, әділетсүйгіштік, мейірім, ізгілік, қайырымдылық, ақ ниеттілік, жанашырлық, қамқорлық секілді адамгершіліктің кіршіксіз қасиеттерін тұндырып өсуінен, санасына сіңдіріп үйренуінен бастау алмақ. Ондай қанағатшыл адамнан ешқашан қиянат шықпайды. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ішіндегі ең жақсысы қайсы?» – деп сұраған екен. Сонда Пайғамбар (с.а.у) «Өмірі ұзақ әрі амалының көркем болғаны» – деп жауап беріпті. «Ал адамдардың ең жаманы кім?» – деп сұрағанда, «Өмірі ұзақ, бірақ амалы жаман болған адам» деп жауап беріпті. Күні кеше ғана «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барып, саммит аясында екіжақты кездесулер өткізіп келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл елдік мақсаты осы көркем мінездерге құрылған десек артық айтпаған болар едік.

Жұмыс сапарын Ислам дүниесінде екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентіне ерекше құрмет ретінде пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды. Ертеңіне Жидда қаласында өткен мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысқан Президентіміз аса зор нәтижелерге қол жеткізді.

Мемлекет басшысының бұған дейінгі уақыттары да ауыз толтырып айтарлық жемістер мен жеңістерге толы. 2019 жылдан бері төрт пакеті жүзеге асқан Президент бастамаларының аясында үш жыл ішінде 20 заң қабылданды. Президенттің былтырғы наурыз айындағы Жолдауында ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі бастамасы бойынша Конституциялық реформалардың негізі қаланды. Ата Заңымыздағы 98 баптың 33-іне, 9 бөлімнің 8-іне түзету енгізілді. Ел Конституциясының үштен бірі жаңарды. Билік тармақтары арасында тепе-теңдікті сақтайтын 7 Конституциялық заңға, 15 Кодекске және 29 Заңға түзетулер енді. Мемлекеттік саясат құрудың жаңа моделі түзілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда әсіресе жаңа құндылықтар қалыптастыру үрдісіне баса мән беруде.

Биылғы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамытудың қажеттігін атап өтті. Иә, Ұлттық құрылтайдың былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен алғашқы отырысында Мемлекет басшысы келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған еді. Нәтижесінде Түркістан жерінде құрылтай өтті. Жиын төрткүл дүниені елең еткізер жайттармен есте қалды. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерген Қазақстанымызда Президент айтқандай аз уақытта зор серпіліс жасалғаны рас. Түркістандағы сапарын да ең әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы сөзі көптің көкейіне қонды. Президент «Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек» деп кесіп айтып, шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейтіндігімізге сендіріп, жер мәселесі жайлы жел сөздерге нүкте қойды.

Бізді, әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламгерлерге – Қазақстан Жазушылар одағына артқан жауапкершілігі қуантты. Қазақ әдебиетінің дамуы мен болашағына өзінің шын тілеулес екенін ол кісі тағы да бір танытты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жастар тәрбиесінің маңыздылығына назар аударып, әкімдер жұмыстарындағы олқылық, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу, Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру, шекаралас аймақтарды дамыту және тағы да басқа көптеген мәселелерді шешудің нақты жолдарын көрсетті. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы ел тарихында айрықша орны бар шежірелі аймақтың бірі – Атырау облысында өтетін болды. Бұл да осы өңірдегі әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыздың ордасын тіккенін еске салған Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке ұсынысы.

Қысқасы, маңызды мәселелер қозғалып, халықтық мүдделер талқыланған Құрылтайдан келесі құрылтайға дейінгі аралық та нәтижесіз болмауы өте өзекті. Бірақ, қалай?!.

Ел басына түскен қиындықтардың, ең әуелі біздің халқымыздың береке-бірлігін сынға салатынын қоғам мүшелерінің әрбірінің дерлік жетесіне жеткізген Президент еліміздің әлемдегі орнының, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болатынын айтты. «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деді. Білім ордаларындағы, әсіресе мектептердегі тәрбие жұмыстарының ақсап тұрғанына тоқталды. Күнделікті тұрмыстық, әлеуметтік қолданысқа етене еніп кеткен смартфондардың баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажеттігіне әрбір ата-ана мен ұстаздардың, тәрбиешілердің, жалпы үлкен-кіші қауымның әрқайсысының назарын жіті аударды.

Жоғарыда Президент айтқандай, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дұрыс дамыту жолға қойылуы қажет. Бұл біздің қоғамның дамуының негізгі үш деңгейі. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Біздің елдегі мәдениет, ғылым-білім жайы екінші немесе үшінші кезекке қойылатын әдетті бұзды. Президент керісінше бұл салаларға ерекше басымдық берді. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға, ғылым ісіндегі жаңашылдықтарды жүзеге асыруға баса назар аудартты.

Еліміздегі әлеуметтік саланың білім, мәдениет пен ғылым деп аталатын осы негізгі бөліктері расымен де қоғам дамуының жанды жері, әлсіз тұсы. Ел өркендеуіне жанашырлықпен қарайтын қоғам мүшесі саналатын біздер өз тарапымыздан әлеуметтің әлеуетті ошағының үш бұтындай осы үш салаға қаншалықты жауапкершілікті сезінеміз?..

Меніңше, бұл мәселені білім, мәдениет, ғылым деп бөле қарастырудан бұрын, ең әуелі, осы салаларда, тіпті, басқа да түрлі бағыттарда еңбек етіп жүрген әр азаматтың ішкі және сыртқы амалдарының көркем болғанынан немесе бақай- есепке құрылғандығынан, яғни «жаман» болғанынан зерделеп, танып-біліп саралағанымыз жөн секілді. Өте ұзақ және күрделі жол арқылы табандылықпен, қанағаттылықпен, төзімділікпен жетуге болатын хакім Абайдың «Толық адамының» деңгейіне ұмтылуға талаптанар жан көп болса, кәнеки. Ондай талаптылар қоғам өмірінен тыс қалмайды. Ондай адамдар ел назарына еш кедергісіз-ақ ілінеді. Ондай азаматтар жұрт жүрегінің төрінен онсыз да орын алады.

Толық адам болудың жолын хакім Абай:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек», – деп көрсеткен. Алайда, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» тек нәпсімен күресе білетін адамның ғана қолынан келеді. Ал, ниеттері таза болғанымен, болмыстары әлі тиісті межеде тазаланып үлгермеген, сый-құрмет, атақ-даңқ тәрізді пенде жүрегін құрсаған құмарлықтардан толық арыла алмаған адамдарды аса жоғары мәдениетті деп атай аламыз ба?.. Жалақы алып істеген күнделікті міндетті жұмысының өтеуін басшылықтан мадақтау күтіп, марапат алу арқылы ғана есептеп, өз жеке бас мүддесіне пайдаланып қайтаратын парасатсыз жан мәдениетті адамға жата ма?.. Өз қатарластарынан оза шаба алмай, кібіртіктеп қалып қоя беретінін жоғары жақтан көріп, бәсекелестікке емес, бақталастыққа ұластырып, күндестікпен, күншілдікпен, күңкілмен күн өткізетіндерден қандай мәдениет күтеміз?

Бұл сұрақтар мені Түркістандағы Құрылтайда «Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерінен кейін тіпті көп мазалайтын болды. «Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. «Адал азамат» болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз» деген болатын Президент. Түсіне білген адамға нағыз пайымды сөз.

Мемлекет басшысы осы орайда мемлекеттік наградалар жайлы мәселені де қозғаған болатын. «Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс». Президент өзінің бұл мәселеге айрықша мән беретінін, сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуының, жұрт көңілінен шығатындай болуының өте маңызды екендігін, сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажеттігін тапсырды.

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, жуырда біздің мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімі берілді. Әл- Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар пайда болды. Мұндай ұстанымның ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажеттігі, сол арқылы елдің озық ойлары мен өнегелі істері дәріптелетіндігі аян. Ұлттық идеологияның осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасатындығына кепілдік еткен Президент мемлекеттік наградалар жүйесін осы тәсілмен өзгертудің реті келгендігін ескертті. Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыруды ұсынды. Рас, мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. «Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады», деді Президент.

Байыптап қарасаңыз, мемлекеттік наградалар жөніндегі бұл жұмыстарды Президент Әкімшілігі құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен, сондай-ақ сарапшылармен бірігіп атқарады. Дәл осындай салмағы бар марапаттың әрине өзіндік орны да жоғары болады. Мемлекеттік марапаттың аты – мемлекеттік марапат.

Бірақ, біздің елде атақ пен мадақ жөніндегі осы шаруаның рөлін құнсыздандырып жүрген нашар үрдіс тым белең алып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Ол – қоғамдық марапаттар. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «Ел дамуына үлесін қосып жүрген барлық тұлғаларды арнайы атақпен марапаттау кешіне шақыратын», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «ҚР Қайраткер әйелі», «Батыр шапағаты» және тағы сол сияқты атақтарын алуға қол бұлғаған жарнамадан көз сүрінеді. Бұл туралы А.Ахметжан, Б.Көшім- Ноғай сынды білім мен әдебиеттің бірнеше көрнекті өкілдері, танымал тұлғалар «Елімізде мұғалімдердің атағы саудаланып жатыр», «Медаль 150 000 теңге «взнос» төлегендердің бәріне жетеді!..» деп ашына жазып, дабыл қақты да.

«Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Иә, өз басым бұл медальдарды сату немесе сатып алу түгілі, сыйлыққа тегін берсе де алуға, тағуға намыстанар едім», деген Аятжан Ахметжан біртуар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлындай теңдессіз ұлы мақтанышы бар Қазақстанда бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алып тағудың модаға айналғанына күйінеді. Жоғарыдағы атағы Алатаудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүргендер қатарында оқуды сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп әзер сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға да жетпейтін шикіөкпе әріптестері де болыпты.

«Біреудің көңілін бұзып, жүрегін жаралау мың Қағбаны қиратқаннан да жаман!» депті Мәулана Руми. Азды-көпті тиын-тебеніне сатып алған төсбелгілерін малдана тағып жүргеніне мәз замандастарымыздың көңіліне біздің де тигіміз жоқ. Бірақ та, ұстаз бен ұлт, Алаш пен ұлы дала қазақ үшін де, ел үшін де арзан ұғым емес. Медаль саудасының үйреншікті дүниеге айналуы – ұят. Мың медаль сатып алып тақсаң да, арзан құныңды ешқайсысы арттырмайды. Әзірге мұндай марапатты сатып жүрген қоғамдық ұйымдарға жаза белгіленбеген. Марапаттарға шектеу қойылмаған. Десек те, алдағы күндері мұндай атағы аспанға шыққан төсбелгілерді жасаушыларға тыйым салу керек шығар. Орнымен берілген атақ та, сыйлық та адамның мерейін өсірері хақ. Бірақ оның өз өлшемі болуы керек. Сондықтан бұл мәселе заң аясында реттелуі керек деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесін кезек күттірмейтін күн тәртібіне қойды. «Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл – ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді» дей келе, Мемлекет басшысы алдағы онжылдықтың еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналатынына сенім білдірді. Бұл тегеурінді ойға біздің де алып- қосарымыз жоқ. Қарапайым Қазақстан халқының тарапынан тек қана адалдық, адалдық және тағы да адалдық көріністерінің нышаны қылаң беріп отырса дейміз. Сонда ғана Президентіміз айтқандай, Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасы қалыптасып, әлемдегі өз орнымыз айқындалады.

 

Үміт Битенова.

Ақ жол
06.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 63
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 588
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 703
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 617
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 627

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8763
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8162
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11391
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9145
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10376