Адам баласын құдай жаратса, ал ақшаны адам жаратқан. Себебі ақшасыз күн қараң, өмір тоқтап, дүние дөңгелемейді. Айналып келгенде, бәрі саудаға барып тіреледі, алыс-беріс, алыс-жақын, бай-кедей, осылардың бәрін ақша шешеді. Осы ақшалардың ішінде біздің теңгеміздің өзіндік алатын орны бар. Қазақ халқының болашағы үшін мемлекетіміздің экономикасын көтеріп дүниеде өз орнын тауып, нық аяқтан тұруы. Енді міне бояу иісі бұрқырап жаңа ғана әртүрлі деңгейдегі теңгелер құдды бір өмірге келген сәбидей оранып, буып, бесікке бөленгендей, өздерінің қораптарына салынып жатты. Енді бір-екі күнде іске кіріседі. Себебі оларды үлкен еңбек күтіп тұр. Әр теңгенің де экономикада өз орны болады, соны дұрыс атқаруы керек. Оған адамның рөлі зор. Сонымен келесі күні банкке әкелінген, баспадан басылып шыққан жаңа теңгелерді бұрыннан қолданыстағы теңгелермен араластыра сұрыптап, қаладағы банкоматтарға жайғастырылды. Әсіресе жаңа шыққан теңгелерге оның іші жайлы көрінді. Бәрі өз деңгейлерімен бөлініп салынған, ішіндегі жалт-жұлт еткен жарықтары көзді қуантып тұрғандай бір жұмақ сияқты дерсің. Жаңа теңгелердің бірі өзінің қуаныш сезімін ұстай алмай:
– Қандай керемет жер, бұл әр теңгенің арманы ғой, – деп ағынан жарылды. Қалған бұрыннан көпті көрген теңгелер үнсіз қалған еді, ішінен бір бес жүз теңгелік тыныштықты бөле-жара:
– Әй, сен нағыз өмірді мен сияқты көрген жоқсың. Бәріміз де осы жерге бірінші рет келгенде, біз де аузымызды ашып, аң-таң болғанбыз. Нағыз қызып тұрған өмірге осы банкоматтан шығысымен-ақ араласып кетесің. Бірақ одан қорықпа, сені не үшін жаратты, соған сәйкес сен оларға қызмет жасайсың, ол оңай емес. Әртүрлі қолдарға түсесің, біреулері ұқсатып ұстайды, біреулері шашып төгеді, ал біреулері болса есепшотқа салып жинақтайды. Оның ішінде ұры-қарылар да, жемқорлар да бар. Керек өмір сонысымен қызық қой, – деп сөзін бір түйіп қойды да, – ал кризис, инфляция, дефольт деген аурулар бар, Құдай содан сақтасын. Сол кезде ақшаның қадірі кетеді. Ірісі майдаланып, ұсақтары жойылып кете береді, – деп сөзін тоқтатты. Сол кезде тағы бір жаңа келген теңге бізді не үшін жаратты деп сауалын қойды.
– Е, е, е біз осы өмірдің ыстық-суығына пісіп, үйреніп алғанбыз. Мына бас не көрмеді дейсің, жаратушымыз өздерінің тіршілігін, экономикалық ахуалдарын, сауда-саттық қарым-қатынастарын жүзеге асыру үшін біздерді пайдаланады. Сондықтан бізсіз бұл дүние дөңгелемей қалады, қысқасы бізсіз күндерің қараң қалады, – деп жауап қайырды. Тек сол жаратушымыз біздерді адал еңбек етіп жүргендерге пайдасы тиіп, өмірлерін жақсартып, прогреске жетелейтіндей жобаларға қатыстырса екен деп тілеп жатамыз, ал бұл өмірде ақ пен қара, адалдық пен арамдық, бәрі араласып кеткеннен кейін бізге де қиын. Арам, қараниет адамдардың қолына түсіп қалсаң, сол қара көлеңкеде жәй адал еңбек адамына қарсы жұмыс істеткізеді. Мысалы, есірткіге, арақ, темекі, не керек, әйтеуір жаманшылық жұмсайды деген бес жүзекең «оның шет жағасын өз көзіммен көріп қалғам» деп үнсіз қалды. Жаңа басылымнан шыққан Жиырма мыңдық:
– Иә, бәрін түсіне бастадым, біздер де аянып қалмай нарыққа қызмет жасап, халықтың игілігіне жарасақ болды ғой, – деп ағынан жарылды. Оның сөзін іліп алған бұрынғы Мың теңгелік:
– Әрине, әсіресе күш сендерде. Ең жауапкершілігі мол жерде жүресіздер. Жағдайларыңыз жаман болмайды, осы банкоматтан шығысымен сіздерді баптап, былғары әмиянға салып ұстайды. Жиырма мыңдықтың орны бөлек, ал одан соң он мыңдықтар және бес мыңдықтар да анда-санда әмиян ішінде кездесіп қалады. Ал қалғандары сапырылысып, күнде бірнеше рет қолдан- қолға өтіп жүре береді. Ол ұсақ-түйек кіші бизнестер арасында үйреншікті жағдайға айналған. Ал біз де солардың арасында екі мыңдық та, кейде бес мыңдық та умаж-умаж боп жүргендері кездеседі. Әсіресе қан қызу тұрған базардан көп көрінеді. Осы бес жүздіктің артынан көп ұзамай біз де келіп қаламыз, ол кезде осы жиырма мыңдықтай былғары әмияннан түспеуші едік. Енді міне, таңның атуы, күннің батуы бір маза жоқ, таңнан кешке дейін қолдан-қолға, қалтадан-қалтаға жүздеген рет ауысып жүре бересің. Соның өзі әбден шаршатып, мыжғылап тастайды екен, – деп қиналды. Шіркін, сол жаңа шыққан кездерді есіме алсам, қазіргідей мыжылып жүрмек түгілі, әмиянынан бірнеше күн шықпай жататын едік, бірақ сол жылдары инфляция, кризис деген індеттер келіп, бәрімізді майдалатып жіберді. Одан соң екі мыңдықтар шыға бастады, біздің қолда не бар дейсің, қайда жіберсе сонда жүре береміз ғой. Кейде майда теңгелермен бірге сығандардың да қалталарында жатамыз деген Мыңекеңнің сөзін үрейленген жаңа теңгелердің бірі осы автоматтан дыр-дыр етіп, шығып жатқан теңгелерді көріп:
– Ойбай, осыдан шықсақ не боламыз? – деген ащы дауысы Мыңекеңнің сөзін бөліп алып кетті.
– Әй, сен несіне қорқасың, мынадан шығысымен халықтың қолына түсесің, біреуі қуана дүкенге, біреулері қуана банкіге кредитін жабуға, біреуі базарға, не керек ол жақтан да орныңды табасың, айнала келе осы жатқан жеріңнен бір-ақ шығасың, – деп жұбатып қойды. Ішіндегі көпті көрген өңі түсіңкіреген Жиырма мыңдық:
– Әй, сен несіне алаңдайсың, адам баласының ақшасыз күні қараң, оның болашағы, тіршілігі денсаулығына дейін сенің қолыңда. Сондықтан олар бізді қатты сыйлайды, бір тал шашыңды жерге түсірмейді. Қысқасы, айналып отырып осы банкоматтан бір-ақ шығасың. Егер сыбайлас жемқорлардың қолына түсіп қалмасаң. Олардың қолына түссең, көпке дейін азап шегесің. Осыдан бәленбай жыл бұрын біз де сендер сияқты бояу иісі бұрқырап осы дүниеге келгенбіз. Ол кезде жиырма мыңдықтардың алғашқылары болып шыққанбыз. Сол кездегі бұрынғы теңгелердің айтуы бойынша біздерді бір ірі бизнестік жобаларға салуға арнаған екен. Не керек, бәрімізді бір банктің арнайы есепшотына түсіріп, енді іске кіріскелі жатқанда сыбайлас жемқорлардың талапайына түсіп қалдық. Жан-жақтағы басқа бір күмәнді есепшоттарға бөлініп, қалғанымызды дорбаға салып, айдалаға алып кетті. Сол дорбасымен қоса жер астына көміп тастады. Саған өтірік, маған шын, сол жатқаннан ұзақ жаттық. Сыз тартқан ызғары өңімізді бозартып, енді біраз жатып қалғанда шіріп те кетер ме едік, бірақ көретін жарығымыз бар екен. Бізді көмген жемқордың жүрегі тоқтап о дүниеге жүріп кетіпті. Сол жерді сатып алған бөтен біреу үй салам деп жерді қазған кезде біз жатқан дорба экскаватордың күрегіне ілініп шығыпты. Кім болса да адал адам көрінеді, дереу полиция шақыртып, бізді бостандыққа шығарып, қайтадан сол жобаға қайырды. Ұзын құлақтан естуіміз сол кездегі ақшалардың үштен бірі ғана қалыпты. Сол жерді сатып алған адамға мың да бір рақмет. Егер ол да жемқор болып шыққанда қайтер едік, адамдардың бәрі бірдей емес қой, – деп сөзін түйді. Сөйтіп банкоматтан дыр-дыр етіп теңгелер де кезектерімен кетіп жатты. Іле-шала Жиырмекеңнің әңгімесін жалғастыра Он мыңдық:
– Иә, бауырым, басыңыздан өткен жағдай өте қиын екен, ал менің көргенім мүлдем өзгешелеу уақиға болды. Осыдан бірнеше жылдар бұрын мемлекеттік жоспарлау бойынша бөлінген едік, бірақ сол теңгелердің жартысы өздерінің жіберілген есепшоттарына түспей-ақ жоғалып кетті. Жемқорлардың қолына түспей, біразымыз діттеген жерге жетіп үлгердік. Артынан естігеніміз бірсыпыра миллиондаған теңгелер шетел асып кеткен екен, ал тағы бір бөлігі қайда кеткені белгісіз, құмға сіңген судай боп, жоғалыпты. Осының бәрін сыбайлас жемқорлар шетелдегі өздерінің шоттарына заңсыз аударып алып, арам ойларын іске асыра отырып, қанша активтерге ие болыпты. Осының бәрін өңештерінен өткізіп жіберген сол жемқорлардың өздері арамызда беттері бүлк етпей жүр-ау. Ал ақшада не жазық бар? Жылдар бойы еліміздегі тамырланып кеткен жемқорлықты жеңетін күн келер ме екен? – деп армандады Он мыңдық. Банкоматтың ішіндегі теңгелер де азая бастаған. Сөз кезегін Бес мыңдық алды.
– Менің түсінгенім, кез келген теңгелердің бастарынан неше түрлі уақиғалар өтіп жатады, бәріне де куәміз. Бар сынақтар тағдырымыз өз жаратушымыздың қолында ғой. Себебі, адам баласы адал болып, біздерді халықтың игілігіне нарықты көтеруге, бақыт үшін жұмсаса, неге қуанбасқа?! Ал жаңағыдай қара ниеттілердің қолына түсіп қалсаң, біз шыдап жүре береміз ғой, ал елге ауырлығын тигізіп, артқа сүйрейтінін айтсаңшы. Ол – ол ма, адамзатқа қарсы жұмыс істеп кетуі мүмкін. Әрине, қара жамыла беруге болмайды, мен соңғы рет тынбай сауда жасап жүрген бір әйелдің қалтасына майда теңгелермен түсіп, содан бірсыпыра уақыт солармен бірге болдым. Мен сияқты Бес мыңдықтар күн өткен сайын жинала бастады, бірақ бізді қозғамады, соған қарағанда бір үлкен іске жұмсағысы келіп жүр ме деген ой келді.
– Е... Е... шешілмеген мәселелер көп, қайбір күні өзінің бір туысына қоңырау шалып сөйлесіп жатқанын құлағым шалып қалды. Айтуына қарағанда, әпкесімен ақылдасқандай көрінді.
– Мен депозитке салуға ақша жинай бастадым, квартираға егер сәл-пәл жетпей жатса, көмектесесің бе дегендей болды. Соған қарағанда, тиыннан теңге құралады ғой, дұрыс шешім уақыт тоқтап тұрмайды. Ертең-ақ зуылдап өте шығады ғой, соған біздің де септігіміз тиіп жатса, халыққа қосқан еңбегіміз емес пе? Теңгенің арманы да сол ғой, – деп Бес мыңдық ойға батып жата берді. Содан бері міне қанша уақыт өтті. Сол Бес мыңдық шаруасын тындырып, қайта банкоматқа оралды. Не десе де ақшада күнә болмайды, тек оларды жақсылыққа жұмсауым керек.
– Кешіріңіздер, – деген Екі мыңдық аптыға сөйлей өз ойларын ортаға салып, ақша мәселелері жайлы, тағы да басқа қиыншылықтарды айта келе:
– Мен соңғы кездері майдаланып кеткен темір теңгелермен араласа біраз уақыт жұмыс жасастым. Сондағы Жүз теңгелік маған мұңын шағып, іштегі жиналып қалған шерін тарқатты. Оның айтқандары естен кетер емес. Егемендік алғаннан бастап, өзіміздің ұлттық төл теңгеміз осы дүниенің есігін ашқанда ең үлкен мен болатынмын. Менен кейін Елу теңгелік, Жиырма, Он, Бес, Үш және Бір теңгелік те болған. Шырт-шырт еткен қағаз ақша болатынбыз, ол – ол ма, тиындар да болатын. Енді міне хал осы тиындар кризис, инфляция деген ауруға ұшыраған кезде бәрі бірі қалмай қырылып қалды, өкінішті-ақ. Қазір міне, әйтеуір жүргенімізге риза болып, жаратушымызға ризашылығымызды айтамыз, – деп еңсесі түскен Жүзекеңе Екі мыңдық жұбату айтып, әрең тоқтатыпты. Әрине, сойылдың басы, ұшы болады. Жуан жағы басы болса, екінші жіңішке жағы ұшы болады. Соның ауырлау жуан жағы теңгеге тиіп жатса, ұшы халыққа да тиіп жатады ғой. Айтқандары орынды. Қасында жатқан Екі жүздік те қарап қалған жоқ, ішіне сыймай жатқан, ашу-ызаға булыққан ол өңі бұзыла аптыға сөйлеп:
Мен де, өзің айтқандай, кеудемде Әл-Фараби атамыздың бейнесі бар, баспадан жарқырап шыққанбыз. Бірақ бұл өмірде не болып жатқанынан хабарсыз едік ол уақытта. Жүзекеңдердің дүрілдеп тұрған кезі еді. Солардан үйреніп, қайнап тұрған өмірге қойып кеткенбіз. Қолдан келгенше нарықты көтерісуге күш жұмсадық. Енді міне бүгінде осындай халге жетіп отырмыз. Оның ең басты себебі сыбайлас жемқорлық, қайда барсаң да пара, алақаны қышыған шенеуніктер. Осылардың арқасында экономикамыз құлдырап, инфляцияға ұшырадық, берекесіздік пайда болды. Ал сол ақшаларды шашып төкпей, өз орнымен жұмсағанда мұндай жағдайға түспес едік. Бірсыпыра ақшаларымыз әлі де адасып жүр, оны бір жаратушы ғана біледі. Адасқан ақшаларды іздеп жүргендер де кемде-кем. Бірақ көбік экономика көпірши береді. Оны тоқтату қиын. Ал қазір не болдық, менен бастап кейінгілерімізге дейін құнымыз түсіп, темір теңгеге айналдық. Кезінде әр теңгенің кеудесінде жарқыраған тарихи тұлғалы, өнер тарландарының бейнелері болатын, соны ұстап тұра алмадық, жойып алдық. Осының бәріне біздерді кінәлауға болмайды. Оған сол жаратушымыз жауапты емес пе? – деп күйінген Екі жүздіктің көзіне жас тірелді. Әрине, ол рас. Адасып жүрген ақшаларда сан бар ма?!