Жәмилә Бахтиярқызы – жас қаламгер, журналист. Оның 21 жыл өмірінің 10 жылы аурумен күресумен өткен. «Өмір – күрес» деп жиі айтамыз ғой. Бұл дүниедегі ең қастерлі нәрсе бала бақыты, бала тағдыры, бала денсаулығы үшін үлкен күрес болар. Сондай күрескердің бірі – Өнербаевтар әулетінен шыққан 21 жастағы алматылық Жәмилә Бақтиярқызы. Ол 10 жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастениямен жүйке бұлшық еттерінің әлсіздігімен ауырған. Аталған дертпен 10 жыл күрескен бойжеткен 20 жасында ауруынан толықтай айығады. Қалай дейсіз ғой? Бұлшық еттері қатайып, қолына қалам ұстай алатындай жағдайға жеткен күннен бастап, ол сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, аталған жолда өзіне демеу болған, рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы жаза бастаған.
Қаламгердің «Бәйшешек» кітабы бүгінде жастар арасында өте танымал. Сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, өзіне рух берген жақындарының бастан өткерген қиыншылықтары туралы кітап жазған. Шығармашылыққа жаны құмар жас қаламгердің өлеңдері өз тағдырымен тығыз байланысты. Аса ауыр сырқатпен 10 жыл бойы алыса жүріп, сондай қиын халіне қарамастан, мектепті үздік бітіруі, өзі қалаған журналистика факультетіне оқуға түсуі оқырманның Жәмиләға деген құрметін еселей түсті. Осындай қайсар жас қаламгермен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Жүрек ешқашан ауырмайды
Жәмилә, осы уақытқа дейін алғашқы туындыңыз «Бәйшешек» туралы газет бетінде жазған болатынбыз, сонда да бұл шығарма өзіңіз жайлы жазылғандықтан, кішкене тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
10 жасыма дейін сап-сау болып, ән-би курсына қатысып, шауып жүрген бүлдіршін едім. Бір күні күтпеген жерден бір көзімнің қарашығы төбеге қарап, ауырып қалдым. Содан ата-анам мені бірден окулистке апарады. Бірақ оның ем-домынан ешқандай пайда болмады. Біраз аурухананың есігін тоздырдық. Отандық дәрігерлердің ешқайсысы нақты диагноз қоя алмады. Содан амалы таусылған ата-анам мені Мәскеуге апарды. Өкініштісі, ол жақтағы дәрігерлер де маған ешқандай диагноз қоймады. Осылай жүргенімде 11 жасқа жетіп, әкемнің жұмысына байланысты Астанаға көштік. Екі жыл бойы қатты ауырып, бүкіл бұлшық етім әлсіреп, сөйлеуден қалдым. Осы жылдар ішінде мені Америка, Израиль, Мәскеуден келіп, ең мықты деген дәрігерлер емдеді. Бірақ ауруымның себебін ешкім анықтай алмады. Осылайша үйден сабақ оқып, үйден ем алып жатқан кезде диагнозды екі жылдан кейін ғана елордалық невропатолог тапқан. Осылайша ауыр дерттен айығып, өз тағдырымнан үлгі-өнеге болатын «Бәйшешек» атты туындым оқырмандарымның көңілінен орын тапты.
Енді, жаңадан «Қарлығаш» деген шығармаңыз жарық көрді. Бұл кітап та өз өміріңізге негізделген туынды ма?
Негізі «Қарлығашқа» көбірек тоқталып өткеніміз жөн деп білемін. Бұл туындым былтыр 2023 жылы жарыққа шыққан. Жаңа шығарма, кішігірім десек болады. Қарлығаш атты жас қыздың махаббат тағдыры негізінде жазылған шығарма және де тек махаббат тақырыбында ғана емес, жас қыздың атасымен сырласу арқылы дүниедегі көптеген сұрақтарға жауап алуы бұл шығармадағы негізге идеяның бірі – қазақтың өте сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, ұрпағына сөзі өтетін, данагөй қариясының образын қалыптастыру. Ақсақал немерелерімен, соның ішінде Қарлығашпен сөйлесіп отырып, көптеген сауалдарына жауап береді. Атасымен сырласу арқылы Қарлығаштың махаббат тағдыры баяндалады. Мәселен, әңгіме белгілі бір тақырыпта өрбісе, атасы сол тақырыпта аңыз-әңгіме, тарихи оқиғаны баяндайды. Осылайша кітапта қазақтың тарихы, тарихта ізі қалған дана да дара жолмен өткен ата-аналарымыздың өсиеттері бар. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл шығарма отбасы құндылықтарын, қазақтың тарихын, ұлттық тәрбиені және адамзатқа тән махаббат, адамгершілік, тәрбие тақырыптарын қозғайтын берері мен тағылымы мол шығарма десек болады.
Мысалы: Қарлығашым, аппақ құсым менің, мынау бір сәттік дүниәда (Атам дүние дегенді «дүниә, дүния» деп айтады, ол өзіне жарасады) Құдай Тағала адамның әр минөтін бақылап тұрады екен. Себебі, Ол Алла Әл-Қайюм, бәрінің үстінде тұрушы. Тіпті мына жауып тұрған жауынның бір түйір тамшысы да Жаратушыңның ұлы әмірімен жерге түседі. Бір түйір тамшы – бір түйір дәннің дәруі. Бір ғана тамшы! Сол себептен адам өміріндегі әр сәт, әр түс, әр ой, әр кездесудің мәні мен себебі бар. Сен мұны Құдай қайырлы деп санаған уақытта түсінесің.
Ол Алла – әл-Мужиб, балам, яғни, дұғаларға жауап беруші. Ол құлдарына не керек екенін біледі. Өлеңдеріңді сақтап, баптап жүр. Жүректен шыққан әр сөздің бағалы екенін ұмытпа. Жүректен шыққан сөз жылата да алады, жұбата да алады. Жүрек – адам баласын Құдайдың шапағат-нұрына жетелей түсер алып күштің иесі.
Білесің бе, Қарлығаш, анасының құрсағында жатқанда қызылшақа нәрестенің ең алдымен жүрек еті жаратылады-мыс. Қазір іште жатқан баланы анау кампутерден (УЗИ экранын айтады атам) қарағанда, баланың өзі көрінбесе де, жүрек соғысын тыңдап жатады ғой, жүрек соғысын. Жүрек соғысы – тіршіліктің белгісі. Жүрек ешқашан алдамайды. Жүрегіңді тыңда, балам, жүрегіңді….
«Қарлығаш» кітабынан үзінді
Сонымен қатар «Қарлығаш» кітабы сіздің өміріңізге негізделген бе?» деген – жиі қойылатын сұрақ. Бұл менің қиялымнан туған туынды. Басты кейіпкер де, оның атасы да, отбасы да толығымен менің ішкі қиялымнан, ішкі ой-тебіреністерден туған оқиғалар. Сондай-ақ мен бұл кітапты атамның аруағына арнадым, кітаптың алғашқы бетінде де жазылу тұр, бірақта шығармадағы ата образы да менің атамның образы емес. Қарлығашым әдебиет көгіне қанат сермеп, еркін әрі жылдам ұшты. Менің жүрегімде тұншығып, сыртқа шыға алмай жүрген ойлар мен сезімдерді өзімен бірге алып кетті. Оның жарыққа шығуы да, таралуы да сондай жеңіл, тез әрі жайлы болды. Әдебиеттің абызы Дулат Исабеков атамыздан бастап, Алаш зиялыларының бұл кітаптың тұсауын кескені де Қарлығаштың бағы деп білемін! Себебі бұл жәй шығарма емес, үлкен тылсыммен туған ерекше туынды. «Қарлығаш» менің ең тұнық, әдемі, әсерлі, жаныма ең жақын кітабым болып қала береді. Себебі мен үшін бұл кітап – махаббатқа қойылған мәңгілік ескерткіш.
Алғашқы туындыңыз «Бәйшешек» көптеген шет тілдеріне аударылды. Сол жайлы айтып өтсеңіз.
«Бәйшешек» кітабы осы 2 жылдың ішінде 7 тілге аударылды. Соның ішінде орыс, ағылшын, испан, түрік, ұйғыр, өзбек тілдеріне аударылды. Биыл бұйыртса тағы бірнеше тілге аударып, басып шығару жоспарда бар. Сондай-ақ, мүмкіндік болса, шетелге шығып, кітаптың таныстырылымын жасау, еліміздің мәдениетін, әдебиетін таныстыру ойымызда бар.
Бүгінгі күнде қолдаушыларыңыз кімдер?
Алғашқы кітабымның шыққанына 3 жылдай болып қалды. Осы кітап шыққалы бері біраз қазақтың ардақтылары, ақын-жазушылар, аға-апаларымыз біраз танып, шығармашылығыммен танысып, баталарын беріп жатыр. Айтып өтетін болсам, Алматыда «Қарлығаш» кітабымның тұсаукесеріне қазақтың абыз ақсақалы, жазушы Дулат Исабеков ағамыз қатысып, тұсауын кесті. Сонымен қатар өзім үлгі тұтатын жазушы апайларым Марфуға Айтқожа, Ханбибі Есенқарақызы, Зейнеп Ахметова сияқты тұлғаларды өзіме ұстаз тұтам, сол кісілердің айтқан ақылымен, батасымен жетістіктерге жетіп жүрмін деп ойлаймын. Және де турасын айтқанда, өзімнің ұстазым деп көп жылдар бойы білім саласында ерен еңбек еткен Мирозова Аягүл Төреқызын айта аламын. Сонымен қатар кітаптарымды шығаруға атсалысқан «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш ағамызға да алғысым шексіз.
Нағыз журналист болу – арманым
Жазушылықтан басқа немен айналысасыз?
Мен жалпы мамандығым бойынша журналиспін. Алматыдағы ҚазҰУ-дың журналистика мамандығын тамамдадым. Қазіргі таңда Астанада Гумилев атындағы Еуразия университетінде халықаралық журналистика мамандығында оқып жатырмын. Осы жазушылықтан бөлек өзім кәсіби мамандығым бойынша, соның ішінде халықаралық журналист ретінде жұмыс бастасам деп жоспарлап отырмын. Себебі журналист болу – менің бала арманым. Жазушылық пен журналистика ұқсас болғанымен, екеуі екі бөлек. Журналистика даңғыл жолды мамандық атауы, саланың бірі деп қарастырмас едім, ол журналистің тұла бойын өрнектеп, адамдық болмысы арқылы түлеп ұшатын, пешенеге жазылған тағдырдың – ұлт жүрегінің төрінен орын алдырып, қаламының қара сиясымен, жалынды жазбаларды қамтитын мамандық дегім келеді. Сондықтан да журналистика саласын толық меңгерсем деген ойым бар.
Болашаққа жоспарларыңыз қандай, кезекті жаңа туындыңыз жарық көре ме?
Әзірге жаңа туынды жоспарда жоқ. Әрине, өзім үшін жазып, сызып жүрген өзімнің ойларым, жан дүниемнен шыққан тебіреністер, өлеңдер бар. Бәлкім алдағы уақытта өлеңдерімнің жинағын шығаратын шығармын. Бірақ әзерге нақты жоспар жоқ.
Оқырмандарыңызға айтар тілектеріңіз бар ма?
Былтыр тура осындай уақытта, 2023 жылы, қаңтар айы. екінші кітабымды жазып болып, не істерімді білмей, қорқып, уайымдап отырған күндер. Сансыз ойлар. Шексіз күмән. Сенімсіздік. Ал араға бір жыл салып 2024-тің қаңтарында бір жылда өткен іс-шаралардың, жасалған еңбектің, биік нәтиженің дәлеліндей болған фотогалереямды қарап отырмын. Жоғарыдағы сезімдер Сансыз шүкіршілікке, Шексіз бақытқа, Үлкен сенімге ұласты! Осыдан түйгенім: «Әр уайым мен сенімсіздіктің артында үлкен қуаныш пен жеңіс бар. Оған да кішігірім сынақ ретінде қарап, алға жүруден қорықпау қажет екен. Бір жыл бұрын менің алдымда жартас тұрғандай көрінетін, ал қазір биік тау тұр. Мен сол асқар шыңға қарай ақырындап өрмелеп келемін. Бұл шыңға мені жетелеп тұрған күш – өзіме, жазғаныма деген берік сенім, бекем қайрат, ел руханиятына қызмет етуге деген құштарлық, үлкен сезім мен биік арман!». Дәл қазір бір жыл бұрынғы мен сияқты шарасыз күйде отырған жандар болса: «Алға, тек алға!» дер едім. Алла жүрекке арманды да бекер салмаса керек. Біздің міндет – оны орындау.
–Мағыналы әңгімеңіз үшін рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Өмірде бұлжымайтын бір қағида бар: Ол – еңбек. Жәмиләнің еңбекқорлығын ешкім жоққа шығара алмайды. «Кітапты бастап оқығанда соңы қалай аяқталады?» деген ой болатыны да рас. Ал оқиғалар тізбегі оқырманды бей-жай қалдырмайды. Елітіп, ертіп отырады. Бұл, әрине, шеберлік. Ал оқиғаның шарықтау шегі мен құрылымдық сәттерін автор шебер үйлестірген. Жас қаламгер үшін бұл үлкен табыс. Әрине, мұның бәрі ізденіспен, еңбекпен келеді. Ал Жәмилә жырлаған «махаббат ескерткішінің» мәні неде? Оның мән-маңызы ұрпақ тәрбиесі, ата-анаға құрмет, тарихқа тағзым, Аллаға шексіз сүйіспеншілікте екеніне көз жеткіземіз. Сөз соңында «Қарлығаш» кітабынан бір үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік.
«…Қазақта бұрынғының аналары тек үй шаруасы қамымен жүрген деген жаттанды пікір бар. Ендеше, Жүзей анамыздың мынадай ісі бұл пікірді жоққа шығарып отыр, алтындарым. Қазақ қыздары оқудан да, тоқудан да, қоғамға пайдалы еңбек етуден ешқашан қашпаған. Осы арқылы ел арасында абыройлы болған. Бәйдібек бабамыздың қыздары Қызай мен Жүзей әжелеріміздей мықтылар аз емес. Ұлан даланың жартысын Жүзей ананың ұрпақтары жайлаған. Қызай руы сияқты, Мұрын руы деген де бар. Қыз атымен ру да аталған…
…Жарықтарым, міне, көрдіңдер ме, қыз баласына адал жар, абыройлы келін, ақ жаулықты ана атану бақыт деп қабылдаңдар. Ал кәсіп-ісінде әрбір жан ақ адал еңбегімен, ақыл-парасатымен табысқа жетіп жатса, тіптен керемет! Алла данагөй ана болмағы үшін де қыз баласын мықты етіп жаратты, бұл рас. Алайда, «бақ боп қонам, бақытты болам» деп түскен елінен қорлық, ерінен азап көріп, тағдыр тәлкегіне түсіп, ақыры өмірінің еш құны қалмай, өзінің еш күші қалмай, өкініп ғұмыр кешуі үшін емес. Мен сендерге, өрістерім-ау, Қызай мен Мұрын әжелеріңнің тағдырын текке айтпадым деймін. Ертең үлкен өмірге қанат қағып, сендер де қыз тағдырына бағынып, өз теңдеріңді табарсыңдар. Осы кезде көп сөйлегір аталарыңның осы айтқанын ойларыңа ала жүргейсіңдер. Сендердің көтерер жүктерің қашанда ауырлау келеді, алайда өмірге беретіндерің де, одан алатындарың да мол. Ақылды болыңдар, зерек болыңдар, сауатты болыңдар. Барған елдеріңнің бабын тауып, берекесін еселете біліңдер. Өздеріңді де ұмытушы болмаңдар: білім алыңдар, заман лебіне ілесе жүріңдер, ілесе біліңдер. Ізгі жолға ілесе білсеңдер, бақытты боласыңдар. Сендер бақытты болсаңдар, басқалар да бақыт құшып, шаңырақтарың шаттыққа толады. Отаудың жылулығы ошақтың сөнбеуінде ғана емес, сол ошақ иесінің гүлдеуінде. Осы сөзімнің астарын түсінген боларсыңдар… Бақтарың таймасын, шырақтарың сөнбесін, жарықтарым...»