Әділетсіздіктің құрбаны кім?

Әділетсіздіктің  құрбаны  кім?

«Атырау» телеарнасында журналист пен басшының арасындағы тартыс сотқа тірелді

Осы жылдың мамыр айының аяғында Ақтауда іссапармен жүр едім, әлеуметтік желіден журналист, көпбалалы ана Орынгүл Бектілеуованың жаны күйген, көпшіліктен араша сұраған, әділдік іздеген жазбасын оқыдым. Атыраулық журналистің басынан өткен мәселе менің де жанымды мазалады. Әлеуметтік желімен  қатар біздің редакцияға хабарласып, Орынгүл менің атыма арызын да жіберген екен. Астанаға ұшатын бағытымды өзгертіп, Атырауға арнайы келдім. Ондағы мақсатым – Орынгүл Алтайқызының арызын тыңдап, оның мәселесімен танысу, еңбек қатынасында туындаған дауға тәжірибелі маман, ұжым басқарып отыр-ған басшы ретінде ақыл-кеңесімді айтып, екі тарапты өзара келісімге келтіру еді. Алайда, іс мен ойлағаннан да күрделі екен.

Жұмыстан қуылған журналист Орынгүл шынымен жазықты ма?

 

Атырауға жеткен бойда Орынгүлмен жолықтым. Бес бала тәрбиелеп отырған анадан барлық мән-жайды сұрап сұхбаттастым. Ботадай боздап жылаған журналист арнаулы бап бойынша жұмысынан қуылған. Ол 2007 жылдан бастап «Қазақстан» РТРК» Атырау облыстық филиалында («Атырау» телеарнасында) қызмет етіп келеді екен. 16 жылдық еңбек өтілі бар маман бес баланы өмірге әкелген ардақты ана. Балаларының бірі туғаннан дімкәс (ІІ топ мүгедегі), алайда отбасындағы жағдайы мен қызметтегі еңбек өтілі мен абыройы телеарна басшысын неге ойландырмады екен? Орынгүлді жұмыстан қууға жаңалықтар қызметінде істейтін 7 қызметкердің арызы себеп болғандығы мені таңғалдырды.

Орынгүл  Алтайқызы 2007 жылы арнаға қабылданып, 2021 жылға дейін редакторлық қызмет атқарып келіп, тақырыптық хабарлар бөліміне шеф-редактор болып тағайындалған. 2022 жылы жаңалықтар редакциясына шеф-редакторлық орынға лайықты маман болмағандықтан, директор Гүлвира Бекқұлиева жаңалықтар бөліміне жетекші қызметке ауыстырады. Оның қарамағында 10 журналист қызмет істеді. Олардың көбі телеарнаға жұмысқа келгеніне жыл толмаған жастар, екеуі оқуын толық аяқтамаған студент екен. Директор Орынгүлге «Жастарды тәрбиелеңіз, үйретіңіз!» деген тапсырма береді. Жаңалықтар қызметінде қауырт жұмысы жүріп жатады. Ал, Орынгүл тәжірибесі аз, кәсіби тұрғыда толықтай шыңдалмаған жастарды қамшылап, күнделікті жұмысты тиянақты, жедел атқару талабын қояды. Осы тұста ана ретінде, көпті көрген кісі ретінде менің ойыма көп сауал келді. Жастар талапшыл жетекшіні неге жек көреді? Журналист тәжірибемен шыңдалмай ма?! Орынгүлдің телеарнадағы орны кімге керек болды? Обал-сауабына қарамай негізсіз арызды қуаттап, 16 жыл жұмыс істеген маманды қуып жіберетіндей не жағдай? 

Өзін жәбірленуші деген журналист Орынгүл Алтайқызы: «Жаңалықтар қызметіндегі жастардың тәжірибесі толық шыңдалмағандықтан, күнделікті ақпаратты дайындап шығару қиынға соқты. Сондықтан мен оларға басшылықтың талабын жеткізіп, қызметтік құзыретім аясында ескертулер жасадым. Ұрысқаным да рас! Бірақ, жеке бастарына тиісіп, балағаттап, орынсыз кінә артқаным жоқ. Керісінше жаңалықтар қызметінің басшысы ретінде қол астымдағылар үшін ескерту алдым. Телеарна директоры Гүлвира Сәрсенбайқызы айналасы екі  айдың ішінде «сөгіс», «қатаң сөгіс» берді. Оған жастардың «ұрысты», «балағаттады», «намысымызға тиді» деген желеумен жазған топтық  арыздарын арқау еткен. Ақыры 28 сәуір күні жұмыстан «баппен» шығарып жіберді. Отбасымдағы жалғыз тұрақты жұмыс істеп отырған көпбалалы ана ретінде бұл қорлыққа төзе алмадым. Сотқа арыз бердім»,  – дейді.  Орынгүлдің айтуынша, сотқа шағым бергенін естіген телеарна басшысы мәмілеге келгісі келген, онда да басқа мекемеден қызмет тауып беретінін айтыпты… Алайда «істемегенді істеді деп, бірнеше жылдық тәжірибем мен моральдық қадір-қасиетімді осылай таптағаны жаныма батты. Өзіме жасалған қиянаттан жанымды арашаламақ болдым», – дейді ол. 

Ұзақ жылдық тәжірибесі бар, талай жақсы бағдарламалардың тізгінін ұстаған, эфирге шығарған, еңбегіне қарай өңірдегі Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері атанған, ҚР Журналистер одағының мүшесі Орынгүл Бектілеуова еңбек жолында талай қызметтес, әріптес болған журналистердің бірқатарымен кездесіп, тілдестім. Барлығы дерлік «Орынгүлдің мінезі жақсы, ісіне адал, жауапты журналист» екендігін айтады. Көпшіліктің бөтен пікірі болмаған маманға телеарнаға басшы болып келгеніне бір жарым жыл болған директоры мен жаңалықтар қызметіндегі жас тілшілер оған неге шүйілікті? Оның орнын біреуге алып бермек болды ма? Маман тапшылығынан қиындық көріп отырған арнада заң талабына сай,  шеф-редакторлық міндетті атқаратын маманды аяқ астынан қайдан таппақ? Осы тұста басшының жергілікті кадрларды бағаламайтын өктемдігі тұрған жоқ па деген ой келеді.

 

 

Басшы Гүлвираның уәжі және тілшінің жанайқайы

 

«Атырау» телеарнасының директоры Бекқұлиева Гүлвира Сәрсенбайқызымен де жолықтым. Оның телеарнаға келгелі атқарып жатқан жақсы істерін Орынгүл де, арнада жұмыс істеп кеткен өзге де әріптестері мақтап, жақтап отыр. Алайда еңбек заңдылығына қарамай, арызға бола қызметкерді жұмыстан қуған ісін көзі қарақты кез келген азамат құптамасы хақ! Гүлвираны бірінші рет көруім. Ол да бала тәрбиелеп отырған ана екен. Танысып, біліскен соң сауалымды қойдым. «Орынгүлді жұмыстан қуып жібергеніңіз орынсыз болыпты. Өкінбейсіз бе?» дегенімде «Жоқ!» деп кесімді жауап қатты. «Оның артында бала-шағасы тұр ғой, адамгершілікті былай қойғанда, құқықтық қақысын неге ескермедіңіз? Мекеменің басшысы ретінде неге істі жан-жақты талдап, ұжым алдындағы, қоғам алдындағы жауапкершілігіңізді сезініп шешім шығармадыңыз?» – дедім. Ол телеарнаға келгеннен кейінгі жалақы көтергенін, техниканы жаңартқанын баяндады. Ол тағайындалған басшының істеуге тиісті басты міндеті. Әркімнің өз шындығы бар. Гүлвира өз уәждерін айтып, берген сөгістерінің заңды екенін жеткізіп, өз ойының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бақты. «Атырау» телеарнасына Гүлвира Бекқұлиева басшы болып келгелі біраз қызметкер араға уақыт салып жұмыстан кетіпті. Оның көбі жалақының аз болғанын, бірқатары жұмыстан қажығанын, бір тобы жаңа басшының редакциялық саясатына келіспегендіктерін айтады. Олардың қатарында оқуын бітіріп, дипломын алып келген қаршадай қыз, режиссер Нұрай Ғилымғали да бар. Алматыдағы Жүргенов университетін  теле-режиссура бағытында қызыл дипломмен аяқтап, алып ұшып келген жасты «бір күн кешіктің» деп «сөгіс» берген. Тауы шағылып, бәсі қайтқан ол бірден анасымен ақылдасып, жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Ол салаға қажетті жергілікті маман еді. «Телеарнаға 3-курс оқып жүрген кезімде кірдім. Хатшы болып бастадым. Одан режиссерлік штат болмаған соң, декоратор-суретші болып орналастым. Бірнеше хабарға режиссер болдым. 2022 жылы мамырдың соңында оқуымды аяқтап, емтихан тапсырып, дипломды алып келетінімді айтып сұранып кеттім. Алайда құжат жұмыстары кешеуілдеп, оны жауапты бөлім басшысына ескерттім. Бірақ кадр бөлімі оны ескермей, түсініктеме жаздырды. Екі күнге кешігіп келдім. Салдарынан сыйақыдан қағылдым. Жаспын ғой деп, мұны елемей жұмысқа кірістім. Бір күні бір топ стажерларды кезек-кезек таңғы хабарға жүргізушілікке таңдап жаттық. Директор ту сыртымнан келіп тұр екен. Жүргізушінің киімі мен студиядағы диванның түсі бірдей еді. «Мынаны қалай алып жатырсыз?» – деді. Мен: «Түстері ұқсап тұр, бірақ бұл ешқандай эфирлік материал емес. Байқап, қарап жатырмыз», – дедім. «Режиссер болуға табақтай дипломыңның, 4 жыл оқудың керегі жоқ!» – деп, жұрттың көзінше айқай салды. Мен ыңғайсыз жағдайға қалдым. Ал, инженерлер ду күлді. Мекеме басшысының себепсіз өктем сөйлеуге қандай қақысы бар?!» – дейді ол. Сол оқиғадан соң көңілі су сепкендей басылған жас маман басқа жұмыс іздеп, тауып телеарнамен қимай қоштасқан. Осы оқиғамен байланыстыра «Маман жоқ, кадр тапшы» деп отырған телеарна неге жас мамандарға қолдау білдірмейді?» деген сауалды Гүлвира Сәрсенбайқызына қойдым. «Бұл жағдайдан хабарым жоқ, білмей қалдым», – деді директор.

 

Кәнігі журналист, бұрынғы редактор Жәнібектің  наразылығы 

 

Телеарнада Орынгүл Бектілеуова қызмет еткен тұста жұмыс істеген, тақырыптық хабарлар бөлімінің бұрынғы редакторы, журналист Жәнібек Ғалыммен жолықтым. Ол жоғары оқу орындарында он жылдан бері дәріс беретін, телеарна, газет, сайт редакцияларында  қызмет істеген, шыңдалған тәжірибелі маман екен. Телеарнаға талай студентін жетектеп әкеліп, өзімен үзеңгілес тілші ретінде қалыптастырып, журналистер қатарына қосқан маманға: «Жаңалықтар қызметіндегі жеті жас тілші неге Орынгүлдің үстінен арыз жазды деп ойлайсың? Көп жасты қанаттандырып жүрген педагог-сарапшы ретінде осы оқиғаға қандай пікір білдіресің?» – дедім төтесінен. «Орынгүлдің оқиғасын, жастардың албырт қателігін естідім, таңғалдым. Мен өзімді талай аға буын журналистердің тезіне түсіп, «тепкісінде» тәрбиеленген бір толқын журналистердің өкілімін деп есептеймін. Үнемі қолдап, қуаттап жүретін жастардан ондайды күткенім жоқ. Мүмкін мәжбүр болған шығар деп ойладым. Оған да қимайсың. Көзі қарақты, оқыған, тоқыған, көз алдымызда еңбек жолын бастап, есейіп келе жатқан қыз-жігіттер ғой. «Шеф-редактор ұрысты, талап етті» деп арыз жазуға бола ма? Ұят екен. Менің ойымша, жастарға сенім артып, оларды қолдаған дұрыс. Бірақ ізденісіне, сауатты жазуына, шыңдалуына талап қойып, уақыт берген жөн. Ал, олардың білікті маман болуына жаны ашыған кісі, басшы жалтақ, арызқой болуына ешқашан жол бермеуі тиіс. Мен де Орынгүлмен соңғы 4 жылдан бері қызметтес болдым. Білікті маманнан бөлек, адамгершілігі жоғары, әріптестеріне сыйлы жан. Орынгүл адамның жеке басына тиісіп, ұрсады дегенге сенбеймін! 2021 жылдың басынан бастап маған да басшы болды. Әр хабарды ақылдасып, жүйелеп шығаруға атсалыстық. Өктемдік танытып, жеке басымызға тиіскен емес. Мен «Атырау» телеарнасынан 2022 жылдың соңында жұмыстан кеттім. «Тақырыптық хабарлар» бөлімінде Орынгүлдің орнында шеф-редактордың міндетін уақытша атқара жүріп, кейіннен директордың басқару саясатына наразы болып кеттім. Бұған себеп,  жаңадан жұмысқа келген, толық тәжірибесі қалыптаспаған «мамандарды» «айрықша қолдап», біздің тарапымыздан айтқан пікірлерімізді ескермей, тыңдамай, керісінше оларға «жығып бергені» үшін, «құлақ» ұстап, үстімнен ауызша өсек-арыз жинатып, редакцияның ұжымдық чатында соларын айтып жазғыра сөйлей бастаған жөнсіздігінен соң қолымды бір сілтеп, жұмыстан шығып кеттім. Үш жарым жыл қызмет етіппін, шүкір. Абырой болғанда, ешбір директормен жүз шайысқан жоқпын! Сіз де үлкен басыңызды иіп, әділдікке қолдау білдірмекке келіпсіз. Жөн білетін адамдардың бары қуантады. Менің осы жоғарыда айтқан сындарым орынды екенін Сіз де біле аласыз. Телеарна тілшілері жасаған хабарлардың мәтінінен сөз қолданудағы қателерді, орынсыз дәйектерді, жасанды сөйлемдерді әлі күнге дейін жиі кезіктіреміз. Яғни, әлгі алғаусыз мақтаған, қолдаған тілшілері «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» дегеннің кебін келтіріп жүр. Бұл пікірім үшін кішкентай әріптестерімнің өті жарылып кетпесе болды. Сын көтеретін кісі қалмады ғой», – дейді Жәнібек Ғалым. Ол телеарнада келісімшартпен жұмыс істей жүріп, 10 шақты студентін тілшілік, тіршілікке баулығанын, одан өзге де қанаттас болған жасы кіші әріптестеріне үнемі қолдау көрсетіп келгенін, жастардың өзекті тақырыптарды қозғауына, эфирде өтімді сұхбаттар өткізуіне ұдайы көмектесіп, ықыласты болғандығын айтады. 

 

Сот әділ үкім  шығаруы тиіс!

 

Журналист Орынгүл Алтайқызының мәселесі бойынша бұрынғы әріптес журналис- терімен сұхбаттасу мені терең ойларға жетеледі. Бүгінгі қоғамның басты құндылығы адамгершілік пен сыйластық, мейірім мен ізет деген расында да жоғалып бара жатқан сияқты көрінеді. Біраз жасты еңсерген саналы ғұмырымдағы басымнан өткен оқиғаларды ойласам, жалған жаламен, күстаналаумен күрескенім есіме түседі. Ол уақыт Кеңес заманы еді. Құдайсыз қоғамдағы коммунистік жүйенің құрбанымыз ба деп жүрміз ғой. Ал, Тәуелсіздіктің құрдастары мен тумаларының бастарынан  бұндай өрескел жайттардың өтіп жатуы қоғамдық сананың әлі де толық жаңармағандығы, әділдіктің толықтай үстемдік құрмағандығы, тіпті жастардың оған сенімі жоқ екендігі еріксіз тұңғиық ойға батырады. Ұрда-жық заманнан, жазықсыз қудалаудан, бақталастықтан өткен ғасырдың басында қазақтың қандай қасіретке ұшырағанын бүгінгі ұрпақ бізден де жақсы біледі ғой деп ойлайтын едім. Қорғансыз ананың құқығын қорғауға, әділетсіздік көрген ісіне араша түсуге барудағы мақсатым аналық ақыл айту, жастарға тәлім беру еді. Бұл істе қарсы тараптың да уәжін тыңдауым қажет қой. Арыз жазып, еңбек жолын енді бастап жатқан жастармен жолыққанды жөн көрмедім... 

Сондықтан «ынтымаққа келе алмаған топты араздастырмай, кең пейілді болуға үндегенім туралық болар. «Орынгүл ісінде» үстірт, жалаң ұстанымда болмау үшін телеарнада жұмыс істеп келе жатқан жасы үлкен кісілермен де сөйлестім. Телеарна директоры  Гүлвираға «Сіздің ісіңізді жақсы білетін, ұжымдағы ахуалдың ақ-қарасын айырып айтып беретін мамандарыңызды да тыңдайын, жолығайын», – дедім. Содан телеарнада ұзақ жылдан бері бас есепші қызметін атқарып келе жатқан Масрипа Бақтыбайқызы мен режиссер Ақшолпан Үйрекбайқызымен жолықтым. Олар да Орынгүлдің үстінен арыз жазған жастарды сабырлы, табанды, көнбіс, ынтымақты болуға шақырғандарын айтады.  Әрине, басшының шешіміне қол астындағы қай қызметкер қарсы келе алсын? Жасы егде, көпті көрген екі кісінің пікірінен, көзқарастарынан сондай ойды аңғардым.

Бүгінде телеарнаның ақпарат айдынындағы, идеология құралы ретінде маңызын айғақтайтын, ұлықтайтын «Ел боламын десең, экраныңды түзе!» деген тәмсіл айтылып жүр. Экранды түзеуші кім? Әрине, телеарна ұжымы. Ал, ондағы алауыздық, бір-бірін сыйламайтын бақталастық, үлкеннің кішіге ізеті, кішінің үлкенге құрметінің болмауы қандай тәлім, қандай тәрбиеге жол ашады? Жастарды шыңдалмастан арызқойлыққа үйретсек, жалақорлыққа бой алдырсақ, олардан қандай салихалы болмыс, көрермен тұшына көретін қандай тартымды бағдарлама күтеміз? 

Бүгінде барлығымызға белгілі, ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Бүгінгі күні әділетсіздікті көзбен көріп, куә бола отырып, үнсіз қала алмадым. Қазақта жақсы сөз бар: «Ел ұстама, ел ұстасаң, кек ұстама», «Ұлық болсаң, кішік бол» егерде әр басшы өз дегеніне салып, өзінің кәсіби деңгейінен асып түспесе, кем түспейтін мамандарды жұмыстан негізсіз қудалауға апаратын болса, кез келген ұжымның берекесі кетпей ме?

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа жедел және шынайы ақпарат тарату жөніндегі тапсырмасы  орындалуы  неғайбыл екендігін көрсетеді. Сондай-ақ өңірлердегі бір кездесуінде жергілікті білікті кадрларды қолдау қажеттігін айтқаны да есімде. 

Осы орайда «Қазақстан – Атырау» филиалының басшысы Гульвира Беккулиева ханым өзінің Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмасына қарсы саясат жүргізуінің бірден-бір көрінісі деп білеміз.  Орынгүл өз құқығын қорғау мақсатында телеарна басшысының шешіміне келіспейтінін айтып, оны сотқа берді. Бұл облыстық «Атырау» телеарнасы тарихында болмаған жайт. Біздіңше, бұл ұжым Астанадағы басшылары «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның дүрдей бір филиалы болғандықтан, шу шығармай, өзара келісімге келу қажет еді. Әттеген-ай!.. Әлі де келісімге келеді деген үміттеміз. Бұл істен жас буын қандай тәлім алады? Көрермен не ойлайды?  Қалай болғанда да бұл мәселе сот арқылы әділ шешімін табар деген ойдамын. Сот тек әділ үкімін айтуы тиіс. 

Сот шешімі жайында және осы мәселе жөнінде болып жатқан оқиғалар туралы газетімізде үнемі хабардар ететін боламыз.

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

07.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ САХНАЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 27
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҮШІН БИЫЛ АРНАУЛЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНА 15 500 ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 26
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 32
 СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 02.05.2024 28
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІРНЕШЕ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 02.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1186
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7233
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11097
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7297
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7442