Жолдау жарияланды. Қоғам іші алай-дүлей. Олай болатын жөні де бар. Өйткені бұл Жолдау бұрынғыдан өзгеше. Қадау-қадау ойлар, түсімізге кірмеген бұрылыстар болды. Басқасын қайдам, өз ішімде бір үміт, бір күдік... Себебі тапсырманы орындауға келгенде Үкімет соңын «сұйылтып» жіберетіні бар емес пе?
Бұл ойыма дәлелдің де қажеті жоқ-ау. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев тоқетерін айтты. 30 жылда жеткен «жетістігімізді» Президент бір ауыз сөзбен-ақ былай сипаттап берді: «...шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ», – деді.
«Уфф, шындыққа тура қарадық қой», – дедім демімді шығарып. «Сандармен көркем сурет салуды» ғана білетін министрліктер бұған не дейді?
Өнім өндіретін өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар қайда? Шетелден кіріп жатқан инновациялық технологиялар ше?
Әй, құлқыннан кедергісіз өткен жемқорлықты айтпағанның өзінде еңбекақысын да ақтамаған ғой бұлар. Әсілінде, таққа отырып, түк тындырмаған басшысымақтарға алған еңбекақыларын еселеп «қайта құстырту» керек секілді. Ішер ас, киер киіміміздің өзін сырттан алдырып отырсақ, үкіметтің бізге қажеті не? Бұл – Тәуелсіздіктің белгісі емес. Оны қойшы, жайылымдық жер дауын ушықтырып, ел ішін ыдыратқаны тағы бар.
«Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 млн гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс», – деді Қ.Тоқаев тағы да осы Жолдауында.
Естеріңізде болса, бұл талапты «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы Жолдауында қойған еді Президент. Әйткенмен мәселе «сиырқұйымшақтанып» келеді. Оның да сыры көпке мәлім секілді: қара жердің иесі һәм «киесі» болып отырған Президент жыл басында атаған 180 олигарх екені ақиқат. Нәтижесінде, ұлан-ғайыр өлкемізден жайылымдық жер таппай ағайынның мал-жаны қоңсы қораларда қаңтарылып жатқаны анау.
Әдеттегідей, жастарды жұмыспен қамту мәселесі Жолдаудың күн тәртібінен түспеді. Бірақ бұл жолғы ерекшелік, Президент жұмыспен қамтылуы тиіс жастардың санын ашық атады: «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі», – деді. Енді Үкімет бұл санды шығару үшін түрлі «сурет салады», «айла-тәсіл» ойлап табады... (Біздің билік ондайға «мәстір» ғой)
Мойындау керек, Жолдаудың «найзағайы» Президенттің төмендегі мына сөзі болды:
– Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын.
Ендігі мәселе, министрлік Президенттің «мұқият әзірлеу қажет» дегенін ескеріп, «бүйректен сирақ шығармаса» болғаны.
Рас, Жолдауды көріп, қуандым... шын қуанғым келді. Себебі әдемі «әрленген», көптің көкейінде жүрген сұрақтар дерлік қамтылған. Әйткенмен, оның орындалуына келгенде үміт пен күдік таразы басын теңеді.
Жәә, оны қойшы, басты мәселе Президент сайлауы болып тұр қазір. Бұл додада «дүние қалай дөңгелері» белгісіз. Себебі биліктен «дәмесі барлар» мұндай таптырмас олжадан «құралақан» қалады деу – әбестік. Онда Жолдаудың жайы не болмақ?!.