12–15 мамыр күндері Құлсары қаласында «Жауапты шешімдер мектебі» жаңа әлеуметтік жобасы аясындағы алғашқы тренинг өтті. Жобаны «Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі Қазақстандық қауымдастық» қоғамдық бірлестігі (ҚМПА) ЖШС «Теңізшевройл» Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жылыой ауданындағы мектептер мен колледждерден 28 педагог пен психолог оқу бағдарламасына қатысты. Төрт күн бойы мамандар «Өмірлік дағдыларға негізделген кешенді оқыту» бағдарламасына негізделген интерактивті форматта жасөспірімдермен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгерді. Аталған бағдарлама Қазақстанның 12 өңірінде сәтті енгізіліп, жастар арасындағы қауіпті мінез-құлықтың алдын алу бағытында өз тиімділігін дәлелдеген.

ҚМПА атқарушы директоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, PhD докторы, акушер-гинеколог Галина Гребенникованың айтуынша, тренингке қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, жасөспірімдермен сенімді диалог орнатуға арналған практикалық құралдарды да меңгерген. Оның сөзінше, бүгінде жастарға саналы әрі жауапты шешім қабылдауға көмектесу аса маңызды.
Оқыту барысында қатысушылар жасөспірімдердің дамуы мен отбасылық тәрбиеге қатысты негізгі тақырыптарды талқылады: «тең – теңімен» қағидаты бойынша ата-аналармен жұмыс ұйымдастыру, репродуктивтік денсаулық пен құқықтар мәселелері, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдер жүктілігі, контрацепция және отбасын жоспарлау.

Тренингті ҚМПА-ның білікті мамандары — ҚМПА вице-президенті, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері, акушер-гинеколог М. Сауранбаева және әлеуметтік жұмыс магистрі, ЮНФПА ұлттық тренері, педагог-психолог Н. Оспанбек жүргізді. Медициналық және педагогикалық тәсілдердің үйлесуі қатысушыларға жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқаты мәселелеріне кешенді көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
«Жауапты шешімдер мектебі» жобасы 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасып, жастармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға арналған ұзақ мерзімді алаңға айналады. Жоба аясында Жылыой ауданының педагогтары, ата-аналары мен жасөспірімдеріне арналған жаңа тренингтер, кеңестер және білім беру кездесулерін өткізу жоспарланған.
Жобаның негізгі нәтижесі ретінде 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «Өмірлік дағдыларға негізделген оқыту» жергілікті білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізу көзделіп отыр. Бағдарлама жастардың ақпараттану деңгейін арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өңір жасөспірімдері үшін қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде.
ҚМПА баспасөз қызметі















