Адымын алшаң басқан аграрлы аймақ

Адымын алшаң басқан аграрлы аймақ

Үкімет ауылдағы ағайынның жағдайын жасап, көшесін жөндеп, отын-суын кіргізіп берудің қамына мықтап кірісті. Яғни күні кеше Президент Жарлығын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың бесжылдық Тұжырымдамасын бекітті. Әлі сиясы кебе қоймаған құнды құжаттың көздегені – ауылдық елді мекендердің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін аша түсу. Бұл Тұжырымдама қойнауы құт, топырағы құнарлы Жамбыл жерінің де аграрлық саласына серпін бермек. Әсіресе малға да, жанға да жайлы Шу ауданында атқарылар шаруа көп-ақ.

Тірлік пен бірлікке бейім Шу өңірі

Қазақ хандығының қазығы қағылған, мемлекетіміздің негізі қаланған Шу өңірі – қазақтың ұлт болып қалыптасуы жолында талай тағдырлы оқиғаны бастан өткерген, қойнауы қатпар-қатпар шежіреге толы құтты мекен. Тарихы терең, тұлғасы ерен, халқы бірлікке, шаруасы тірлікке бейім аймақ батырлар мен ақындардың да мекені саналады.

Аталған ауданда ауылдық елді мекен тұрғындары табысын ауылшаруашылығы саласы арқылы арттырып отыр. Жалпы өнеркәсібі дамыған, инфрақұрылымы жолға қойылған аудан ел экономикасын дамыту мақсатында алға қойған міндеттердің орындалуына бүгінде қомақты үлес қосып келеді. Ауданның жері құнарлы, табиғаты шұрайлы, шаруашылыққа қолайлы болғандықтан, тұрғындар диқаншылыққа ден қойған. Мұндағы халықтың жылдан-жылға өмір сүруі мен тұрмыс сапасының жақсара түсуіне әр салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстар арқау болуда.

Жалпы қай өңірде инвестициялық жобалар көптеп жүзеге асса, сол жердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілетіні белгілі. Инвестиция тарту жағына келгенде Шу ауданы сылбыр қимылдап жатқан жоқ. Бұған дейін атқарылған жұмыс нәтижесіне жергілікті тұрғындар онсыз да қанық. Біздің айтпағымыз ауданға жаңадан әкім болып барған Бақытжан Жәнібеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруде қандай шаруаларды қолға алмақшы? Осы жағына назар аударсақ, аудан басшысының айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында Шу ауданында құны 185,8 миллиард теңге болатын 165 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Қазіргі таңда осы межелі жоспарды орындау арқылы бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Былтырдан бастап алдағы үш жылда тек инвестиция тарту есебінен 984 жаңа жұмыс орнын құру көзделген екен. 

928468ec63d22ceaf28ceba88548bf72_original.43035.jpg– Ауылшаруашылығы бағытында құны 7,3 миллиард теңгеге татитын 104 жобаны жүзеге асыру межеленген. Оның былтыр 22- сі толықтай іске асып, 48 жаңа жұмыс орны құрылса, қалған жобалар арқылы осы және келер жылы 96 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Биыл бір жаңбырлатып суару технологиясын орнату, 11 көшет өсіретін шаруашылық, 4 мал бордақылау алаңын, З жылыжай және бір-бір балық шаруашылығын, сүт өңдеу цехын, құрама жем зауытын салу көзделіп отыр. Ауданда ауылшаруашылығы саласында келер жылы 36, 2024 жылы 26, 2025 жылы 20 жоба жүзеге асады. Ол жобалардың қатарында тауық фермасын, көкөніс сақтайтын қойма, жемшөп дайындайтын цех, механикаландырылған техникалық станция салу секілді тағы да басқа іргелі істер бар. 

Ірі инвестициялық жобалар жайына келсек, 2025 жылға дейін 4 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 173,7 миллиард теңге болатын аталған жоба аясында 530 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ елді мекендерде спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу, білім ошақтарын газға қосу, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, газ құбырын жүргізу секілді әр сала бойынша биылдың өзінде құны 57 миллиард теңгені құрайтын 225 бюджеттік жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Одан бөлек, осы жылдың бюджетіне қосымша 5 жобаға, яғни 5,1 миллиард теңгеге өтінім берілді, – дейді Бақытжан Оразалыұлы. 

Мәселен ауданда жыл сайын автокөлік жолдары жөндеуден өтіп, ауыл көшелеріне рет-ретімен асфальт төселуде. Былтырдан бастап жолдар бойынша 97 жоба дайындалса, оның құны 3,4 миллиард теңгені құраған. Осы жобаның 91-і Шу қаласы мен ауылішілік жолдарды жөндеуге тиесілі. 84,2 шақырым жол жабынын орташа жөндеуден өткізуге 1,8 миллиард теңге қаралыпты. 6 жоба бойынша аудандық маңызы бар автожолдар орта жөндеуден өтпек. Оның ұзындығы 26,88 шақырым. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 5 көше, жергілікті бюджеттен 29 көше жөнделіпті. Алдағы жылы жол саласында – 38, 2024 жылы 21 жоба жүзеге асатын болса, 2025 жылы 4 көше жөнделеді деп күтілуде. Қазір Шу қаласының кіре берісінен Балуан Шолақ ауылына дейінгі 32 шақырым жолы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар 52 шақырым Шу-Қайнар жолына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. 

Шу қаласына ауызсу, газ, Төле би ауылына да газ құбырын тарту үшін тиісті қаржы бөлініп, 1 449 азаматқа жер телімін беру жоспарланса, бүгінгі күнге 800 адамға жер телімі беріліп, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мердігерлермен тиісті келісімшарт жасалып, қазіргі таңда атқарылуы тиіс жұмыстардың 50 пайыздан астамы орындалған. Соның арқасында 4250 адамға жер беріліп, жалпы баспана салу үшін жер учаскесіне кезекке тұрған аудандағы азаматтардың 69 пайызының қажеті өтелген. 

 

Шаруаға керегі – мемлекеттік қолдау 

Елді мекендердің еңсе тіктеп, тамырына қан жүгіруі ауылшаруашылығымен тікелей байланысты. Әсіресе бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіпкерлік ісін жетілдіре түсуді заман талабы қажет етуде. Ауданда кәсібін кеңейтіп, сол арқылы тұрмысын тіктегісі келетіндер жетерлік. Ал оларға бағыт-бағдар және сан сала бойынша қолдау көрсету – ең басты мәселе. Бұл тұрғыда аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков шаруаларға қолдау көрсету жөнінде бірқатар бастаманы қолға алыпты. Соның біріне кеңінен тоқталар болсақ, бүгінде Шуда көршілес аудандардың іргелі шаруашылықтарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу – қолға алынған тың бастаманың бірі. Мәселен іргелі құс фермасы, жылыжай кешендері мен мал бордақылау алаңдарына қатысты озық тәжірибе жинау секілді игі іс аудан шаруалары үшін үлкен олжа болып отыр. 

Жақында мұндағы бірқатар шаруалар Қордай ауданындағы «Eco Chicken» модульді құс фермасына жұмыс сапарымен барған-ды. Осы кездесуге ауыл әкімдері мен әр ауылдағы шаруа қожалық жетекшілерін Бақытжан Оразалыұлы өзі бастап барыпты. Шаруалар мұндай келелі кездесу олардың бір-бірімен білгенін бөлісуіне, тәжірибе алмасуына, тың бағытта ойға алған кәсібін именбей бастауына, қолға алар шаруаның жөні қалай екенін көзбен көріп қанығуға үлкен мүмкіндік беретінін айтып жүр. 

Мұндағы ең ұтымды мәселе – Қордай ауданындағы аталған іргелі құс фермасының басшылығы дәл осы кәсіппен айналысамын деген шулық шаруаларға айрықша қолдау көрсетуде оң қабақ танытып отырғандығы. 

– «Eco Chicken» құс фермасы қолынан іс келетін азаматтарға түрлі жеңілдіктер қарастырмақшы. Нақты айтқанда, жеке кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, құс фермасына қажетті инфрақұрылымды жасап, келісімшартқа отырса, «Eco Chicken» компаниясының өкілдері 1600 етті балапанды өздері жеткізіп береді. Сондай-ақ балапандарды емдеуге, дәрі-дәрмек алуға, тамақтандыруға қажетті шығынды да өздері өтеп бермек. Оған қоса, балапандар ет жинап, дайын болған кезінде аталмыш құс фермасы өздері сатып алады. Тұтастай алғанда, шаруалардың міндеті – балапанды баптап, бағып беру ғана. «Eco Chicken» құс фермасының серіктесі болғандарға мамандар дайын модульді ұсынып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, сүйемелдеп отыратын болды, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. 

Қордайдағы серіктестік құрама жем өндіру нарығында үш жылдай жемісті еңбек етіп, көпжылдық тәжірибенің арқасында нарықты зерттей келе осы құс өсіру ісін бастаған екен. Жоба 2018 жылдан бері іске қосылған болса, бір жылдан кейін «сэндвич-панельдерден» құрастырылған алғашқы модулі іске қосылыпты. Осы уақытта тәжірибе жүзінде аталмыш модульдердің тиімділігі анықталып, кемшіліктері жетілдірілген. Ондағы мамандардың айтуынша, бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер де қатаң қадағаланады. Құстарға серіктестіктің өзі өндіретін «Eco Jem» құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалады. Оның құрамында бройлер балапандарына қажетті дәрумендер мен минералдар бар. Сондықтан да құстар қосымша азықтандыруды қажет етпейді. Мамандардың айтуынша, жем құрамындағы ферменттер азықтық заттардың жақсы қорытылып, сіңуіне де ықпал етеді екен. 

Шу ауданы облыста пияз өнімін өндіруде алдыңғы қатарда екенін айта кету керек. Мәселен облыстағы пияз алқабының 60-70 пайызы шулық диқандардың қолында. Былтыр бұл аудан 13,1 мың гектарға пияз егіп, мол өнім алғаны есте. Дегенмен пиязды баптап жүрген Қордай ауданындағы дүнген ағайындар екенін жасырмауымыз керек. Қордайлық дүнгендер жылда мұндағы 10 мың гектардан аса аумаққа пияз егуді үрдіске айналдырған. 

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбек Қордай ауданының Масаншы ауылындағы жергілікті дүнген ұлтының өкілдерімен кездесіп, диқандарға пиязбен қатар Шу ауданында қант қызылшасын егуге де ұсыныс жасауы өте құптарлық жағдай. Аудан атқа мінерлері қызылша егуге ниетті қордайлық шаруаларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылады деп отыр. 

 

Әкелі-балалы кәсіпкерлер түйеқұс шаруашылығын қолға алды 

Ауданда кәсіпке бет бұрған жастар жетерлік. Соның ішінде Сергей Балғабаев есімді жас әкесі Бахадыр Масаитовпен бірге түйеқұс өсіріп, пайда табуды қолға алыпты. Төле би ауылындағы айтарлықтай үлкен болмаса да, африкалық түйеқұстарды өсірумен айналысатын әкелі-балалы кәсіпкерлер бұл құсты өсіру оңай шаруа еместігін айтады. Алғашында бұл кәсіппен айналысу жөнінде Сергейдің әкесіне достары кеңес берген екен. Бахадыр Жораұлының үш ұлы болса, соның ішінде Сергей Маратұлының шаруаға ебі бар. Сондықтан әкесінің идеясын жүзеге асыруға Сергей қуана келісіп, оған қолғабыс етіп жүр. Әу баста олар үш айлық төрт түйеқұс сатып алыпты. Бұл түйеқұстарға жергілікті құс деп қарауға да болатын көрінеді. Өйткені олар Қазақстанда өсіп-жетілген. Осы өңірдің ауа райына, табиғатына бейімделген құсты іздеп-табу оңайға соқпаса да, оның сәті былтыр түскен екен. Құстардың түбі африкалық екенін ескерсек, биыл түйеқұстар бірінші мәрте қысты бастан өткеріп отыр. 

Ақтөбеде түйеқұс шаруашылығы жұмысын тоқтатты: 2017 жылғы 27 қыркүйек,  13:22 - inform.kz жаңалықтары

– Өздеріңіз білетіндей, жуырда ел көлемінде қатты аяз жүріп өтті. Сол уақытта түйеқұстар «суықты көтере алмай қалмай ма?» деп қатты алаңдадық. Сөйтсек, олар онша-мұнша қысқа төзімді келеді екен. Әзірге біз шағын құс фермамыздан пайда көріп отырған жоқпыз. Керісінше, бұл істі дамытып, одан әрі өркендету үшін бар қаражатты осы кәсіпке салып жатырмыз. Пайда көру үшін әуелі түйеқұс санын табиғи жолмен көбейтуіміз қажет. Бұл үлкен әрі жауапты жұмыс. Негізі, түйеқұсты ет өнімі бағытында асырадық. Оның етінің құрамы ақуызға толы, пайдалы диеталық өнімге бай. Мұнан кейін оның майын косметологтар мен фармакологтар пайдасы жағынан жоғары бағалайды. Түйеқұстың қауырсындары мен терісі сән және дизайн индустриясында үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ салмағы тауықтың 60 жұмыртқасына тең келетін түйеқұс жұмыртқасы жөнінде айтпай кетуге болмас. Түйеқұс жұмыртқасы өзіндік құрамдық пайдалылығын ұзақ сақтайды. Оны тоңазытқышта бір жылға дейін сақтауға болады. Сонымен қатар оның жұмыртқасын тамаққа, ал қабығын дизайн интерьерінде және түрлі сувенир жасауға пайдаланса да артықтығы жоқ, – дейді С.Балғабаев. 

Бахадыр Жораұлы түйеқұс бабын жасаса, өздігінен дами беретінін сөз етті. Құстардың негізінен жеке-жеке үйшігі болуы шарт екен. Олар өз бойынан айтарлықтай жылу бөлетін болғандықтан, маңайына бөлінген сол жылу арқылы қыстың суығында аса қиналмайтын көрінеді. 

– «Шу ауданының тұрғындары» қоғамдық бірлестігінің төрағасымын. Жалпы мен жекелеген тұрғындарға қандай да бір той, құдалық, тағы басқа жақсылықтар мен ас беру сынды шаралар барысында аспаз ретінде де қызмет көрсетемін. Отбасымда анам, жұбайым, балаларым, немерелерім бар. 

Жалпы мына заман кәсіптің заманы. Бүгінде еңбек етпеген адам көштен қалады. Бұл әлдеқашан дәлелденген жайт. Сондықтан біздің отбасымызға да бір кәсіп қажет болып жүрген-ді. Істі неден бастарымызды білмей көп ойландық. Сонымен қатар қомақты қаржы да қажет болды. Осылайша, балам Сергеймен ақылдаса келе түйеқұс шаруашылығын дамытуды таңдадық. Кез келген іс бірден жолға қойылып кетпейді. Әсіресе бізге таңсық әрі ерекше кәсіп саналатын бұл ісімізді алға жылжытуда талай қиындықтар кездесетінін білеміз. Осыны біліп, белді бекем будық. Түйеқұстарды қаншадан сатып алғанымыз және осы тұрғыдағы кәсіптің тағы да басқа қыр-сырын бөлісуге де болар еді. Алайда бұл жағын әзірге кәсіптік құпия ретінде қалдырғанды жөн көріп отырмыз. Дегенмен кәсібіміздің құпияға жатпайды-ау деген тұстары да жоқ емес. Мәселен түйеқұстың дымқылды, сыз тартатын жерді қаламайтынын айта кеткен жөн. Сондықтан ең алдымен тазалық пен құстың орналасқан орнының құрғақтығына мән беру маңызды. Сонымен қатар түйеқұстарға мейлінше аумағы кең орын қарастырған абзал. Өкінішке қарай, біз қазіргі уақытта тиісті жер көлеміне қол жеткізе алмағандықтан, ферманы талапқа сай қажеттіліктермен жабдықтай алмай отырмыз. Жер учаскесі де өзіндік жайылымға ие, құстарды азықтандыра алатындай құнарлы болуы қажет. Осыған орай, бізге жер учаскесін бөлу бойынша жергілікті атқарушы орган көңіл бөлсе екен дейміз. 

Жалпы, түйеқұстарды қоректендіру көп уақыт алмайды. Олар кез келген нәрсені азық қылып жүре береді. Табиғатынан ағаш діңгектерімен, шөптермен, жапырақтармен, түрлі жәндіктермен қоректенеді. Үлкен түйеқұстарды тәулігіне екі рет, балапандарды 4 рет қоректендірген жөн. Шөп, жеміс-жидек, бидай, дәрумендік қоспалар, арнайы азықтар да олардың қорегіне жатады. Бір түйеқұстың азығы күніне 3 келіге жуық мөлшерді құрайды. 

Түйеқұс жұмыртқасын қайнатып пісіруге 2 сағат уақыт кетеді. | ВКонтакте

Құстардың денсаулығы жөнінде айтар болсам, бірінші кезекте осы мәселе бойынша кеңес беріп, қолдау көрсеткен аудандық ветеринарлық станса басшысы Сейітқазы Таңсықовқа және мал дәрігері Руслан Мирзоевқа айтар алғысымыз шексіз. Осы азаматтардың көмегінің арқасында барлық құстарға екпе салынып, чип орнатылды. Білікті мамандардың арқасында құстардың денсаулығына алаңдап жатқан жайымыз жоқ, – дейді Б.Масаитов. 

Ферманың әрі қарай табысты дамып, өз жұмысын лайықты жалғастыруына әкелі-балалы кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді молынан пайдаланса игі. Себебі мемлекет өз кәсібін ашқан, ісін жаңадан бастаған азаматтарға қаржылай да, басқалай да қолдау көрсетуге даяр.

 

ЖАСҰЛАН СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 121
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 120
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 636
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 754
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 667
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 679

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8814
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8213
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11440
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9195
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10424