Қазақстан Үкіметі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасында Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауытын салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Жалпы құны 70 млрд теңге болатын жоба 2026-2028 жылдары іске асырылады. Оны іске қосу кемінде 160 тұрақты жұмыс орнын құруға, ел ішінде ағаш өңдеуді кеңейтуге, дайын өнім өндірісін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 600 текше метр ағаш-жаңқалы (ДСП) және 20 млн. шаршы метр ламинатталған ағаш-жаңқалы плиталарды (ЛДСП) шығаруға қауқарлы.
Инвестор дайын өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарыққа бағыттауға міндеттеледі. Кәсіпорын жобалық қуаттың 80 пайызына шыққаннан кейін отандық дайын өнім экспортының көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін жетеді.
Жобада өңірді әлеуметтік қолдау бойынша міндеттемелер де бекітілген. Инвесторға мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету жүктеліп отыр. Жобаны іске асыру ағаш өңдеу саласының дамуына, жергілікті мазмұнды арттыруға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Нұрсайын ШӘРІП,
Солтүстік Қазақстан облысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
материалдары бойынша әзірленді















