ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, іс-шара барысында Агенттіктің өткен жылғы жұмыс нәтижелері сараланып, алдағы бес жылға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы таныстырылды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді. Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық сектордың сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өткен Қоғамдық кеңес төрағасы Д. Қыдырәлі: «Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат жұмысындағы басты қағидатты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария еткені белгілі. Сондықтан біздің ортақ жұмысымызда ең алдымен азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандыруға бағдарланамыз. Алайда, бұл жұмысқа тек Агенттіктің күшімен ғана қол жеткізу мүмкін емес. Оған қоғамның барлық топтары: азаматтар мен қоғамдық белсенділер, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысуы тиіс. Сондықтан, егер біз сыбайлас жемқорлыққа қатысты санамызды өзгертпесек, пәрменді заңдар да, қатаң жазалар да нәтиже бермейді. Қоғамдық кеңес – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру кезінде Агенттік сенім арта алатын нақты күш»,— деді. Өз кезегінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл жөніндегі маңызды стратегиялық құжат – Тұжырымдаманы әзірлеуге қосқан үлесі үшін Қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс білдірді Агенттік төрағасы М. Ахметжанов: «Сондай-ақ, Тұжырымдамаға азаматтық қоғам өкілдерінің, оның ішінде Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары енгізілгенін атап өту маңызды. Стратегиялық құжатқа Сіздердің лоббистік қызметті реттеу, бір көзден сатып алу үшін негіздерді қысқарту, сыбайлас жемқорлықты зерттеу және талдау мәселелері жөніндегі ғылыми орталық құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жария ететін журналистердің құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар қабылдау және т. б. ұсыныстарыңыз енгізілді. Жаңа стратегиялық құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша неғұрлым кешенді және терең жұмысты көздейді. Сана мен моральдік қағидаларды өзгертуге маңызды рөл беріледі. Біздің мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты иммунитеті бар қоғам қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлық барлық адамдар үшін, ең алдымен шенеуніктер үшін материалдық жағынан тиімсіз болатындай жағдайлар жасалатын болады. Біз Тұжырымдаманы іске асыру барысын түсіндіру бойынша жеке коммуникациялық жоспар дайындауға ниеттіміз. Бұл біздің Тұжырымдамамыз іске асырылатын жобалық тәсілді көздейді. Жұртшылықпен бірлесіп, ауқымды әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет»,— деп атап өтті. Баяндамаларды талқылау аясында Қоғамдық кеңес мүшелері көліктік бақылау, мемлекеттік сатып алу және т. б. салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар берді.