ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының басты мақсатын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрылуы себебі, оның шарты туралы айтуға рұқсат етіңіздер. Өздеріңіз білесіздер, кеше Мәжілістің жалпы отырысында әріптесіміз Еділ Жаңбыршин мәлімдемемізді жариялаған болатын. Қазір ол кісі Үкіметте Жаңаөзен мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз - қаңтар трагедиясынан кейінгі еліміздегі шынайы реформаларды қолдау. Біріншіден - Президент бастаған елді жаңғыртатын бастамаларды қолдап, оларды сабатажға, тоқтауға, соңына ысыруға жол бермеу. Екіншіден кез келген үлкен саяси реформалар заң шығарушы және өкілетті органнан басталуы керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз - Мәжілістің жұмысын жаңа жолға, жаңа арнаға бұру. Оның ішінде Мәжілістің ашықтығы, белсенді әңгіме көтеріп, оны қозғауы да бар. Бұл үлкен мәселенің бірі», - деді ол елордада ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында. Сонымен қатар ол «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Мәжілістің регламентін, Мәжіліс туралы, Мәжіліс депутаттары туралы заңнаманы өзгертуге күш салатындығын баса айтты. «Бұл өзіміздің қолымызда тұрған нәрсе. Елімізде жүргізіп жатқан бюджеттік бағдарламаларының тиімділігін арттыру мақсатында Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, талаптарды күшейтеміз. Жақында Преидент наурыз айында үлкен саяси реформалардың жарияланатындығын айтты. Соған белсене атсалысамыз. Елдегі реформалардың дұрыс жүргізілуін, оның шын мәнінде қоғамның, халықтың талабынан шығуын назарда ұстап, оның белсенді субъектісіне айналамыз. Үшіншіден, аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру қажет. Қоғамдық кеңестерге, мәслихаттарға өзгерістер керек. Оларға жақсы үлгі көрсету керек деп ойлаймыз. Осы тұрғыда да еңбек етеміз», - деді Айдос Сарым. Еске салсақ, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылатынын жария еткен болатын.