Полиция – ел қауіпсіздігінің қалқаны. Қоғам тәртібін қадағалау, бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп-қатерге тосқауыл қоюда қалтқысыз қызмет етіп жүрген полицейлер қызметі ерен. Осы орайда Маңғыстау облыстық полиция департаментінің жарты жылда атқарған жұмысы жөнінде аталған департамент басшысының орынбасары Амангелді Халмұрадов бөлісті.
– Биылғы жеті ай ішінде қылмыстың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылған жұмыс нәтижесінде облыс аумағындағы жалпы қылмыс саны 2,7 пайызға төмендеді. Алайда, соған қарамастан, ауыр қылмыстар санының өсу қарқыны байқалады. Соның ішінде ұрлық пен алаяқтық деректері тыйылмай тұр. Бүгінде полиция департаменті қызметкерлері халыққа бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену қылмысының, әсіресе пәтер ұрлығының алдын алу үшін терезелерге темір торлар мен үй-жайларға автономды дабыл жүйесін орнату жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұған қоса, ғаламтордағы алаяқтық дендеп барады. Алаяқтар қаржы ұйымдарының, полиция, прокуратура секілді құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, ұтқыр айла-шарғысын асырып, аңқау халықты сан соқтырып жүр. Бұл бағытта БАҚ-да алаяқтық ұйымдар, олардың құрбаны болғандардың оқиғалары және өзге де деректер үздіксіз жарияланып тұрады. Айта өтер жайт – алаяқтық жолмен жасалған қылмыстардың ашылу деңгейі жоғары.
Қоғамдық орындардағы қылмыс дерегі былтырмен салыстырғанда 13,5 пайызға өсіп отыр. Қазіргі таңда ірі сауда орталықтарындағы бейнебақылау камераларын полиция департаментінің Жедел басқару орталығына байланыстыру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ сауда орталықтарының күзет мекемелері қызметкерлері ішкі бақылауды жүргізеді.
Түнгі мезгілде жұмыс істейтін кафелер мен мейрамханаларда бұзақылық қылмыстардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері кезекшілікпен бақылау жүргізіп жатыр. Атап айсақ, қала аумағындағы 22 кафеге 11 полиция экипажы шығарылды, олар осы нысандардың әкімшілігіне байланыс телефондарын қалдырып, қандай да бар құқықбұзушылық орын алған жағдайда дереу хабарласу қажеттігін түсіндірді. Соның нәтижесінде көптеген бұзақылық қылмыстарды дер кезінде құрықтады. Жаз мезгілінде дем алушылар көңіл көтеру орындарына жиі барып, ішімдік ішеді. Ішкілікті күйдегі адамның қылмысқа баруы да оңай. Полицейлер қатты мас адамды оқшаулап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында шетелдік азаматтардың қатысуымен қылмыстар орын алып жатыр. Бұл бағытта облыс аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Көші-қон саласындағы заңбұзушылық деректері анықталса, тіркелген және белгіленген орындарына барып, шара қолданамыз, – дейді Амангелді Халмұрадов.
Амангелді Халмұрадов өңірде жол-көлік оқиғалары санының да артқандығын мәлімдеді. Былтырмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының көрсеткіші 116 пайызға, жол апатынан қаза тапқандар 48 пайызға, жарақат алғандар 100 пайызға өсіп отыр. Есептік кезеңде көлік құралын мас күйде басқарған 445 құқық бұзушы анықталып, сот тәртібімен 406 жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылған. Биыл үй жануарлардың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жол апаты салдарынан 2 адам қаза тапты. Бұл бағытта шаруа қожалықтары иелері және облыстық ауылшаруашылығы басқармасы қызметкерлерімен, ветеринарлармен бірлесіп, арнайы жарық шағылыстырғыш баулар байлау бойынша жұмыстар жалғасып келеді.
– Қала мен елдімекендердің аумағы ұлғайған сайын, автокөлік жолдары да ұзарып, көліктер саны артып келеді. Жылдамдықты асыру, көлік басқару кезінде ұйықтап кету, жолда маневр жасау кезінде мұқият болмау секілді оқиғалардың алдын алу үшін республикалық, облыстық маңызға ие тас жолдарда қосалқы күштер – учаскелік полиция инспекторлары мен қосымша патрульдік полиция экипаждарын тарту арқылы патруль санын көбейтіп, қауырт қызмет атқарудамыз. Сонымен қоса бір мезгілде бірнеше көлік қозғалысын бақылайтын, көлік қозғалысы ережелерін бұзу, жылдамдықты өсіру деректерін демде тіркейтін «СКАТ-П» құрылғысы жұмыс жасап жатыр. Автоматты түрде көлік жүргізушінің электронды поштасына немесе смс-хабарлама арқылы құқықбұзушылық туралы хабарлама жолданады. Сонымен қоса Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Шетпе, Сай-Өтес, Бейнеу бағыттарындағы республикалық маңызы бар тас жолдарда үй жануарларының муляждары орнатылды. Оларға қосымша жарық шағылыстырғыш белгілер де қойылды. Бұл жол бойында қараусыз жайылған төрт түлік пен жылдамдықты шектен тыс асырған көліктің соқтығысуынан туындайтын жол-көлік оқиғаларының алдын алады.
«ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, «Жетібай – Ақтау», «Шетпе – Сай-Өтес» бағытындағы жолдарда қоршаулар орнатылды. Бұл жұмыс әлі жалғасын табады, – деп атап өтті Амангелді Халмұрадов.
Оның мағлұматына сүйенсек, облыстық полиция департаменті жергілікті атқарушы органның қолдауымен 148 «Сергек» камерасын қондыруға шешім қабылдаған. Ақтау қаласында 100, Мұнайлы ауданында 48 бейнебақылау камерасы орнатылады.
– Біздің тұжырымдамамыз бойынша бұл құрылғылар қондырылып, іске қосылса, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға үлкен септігі тиеді. Сондай-ақ облыстық әкімдіктің қолдауымен жаңа құрылғы сатып алғалы жатырмыз. Бұл құрылғылар көліктің үстіне орнатылады. Жол қозғалысы ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде анықтайды.
– Интеграциялау бағытында қалалар мен аудандардағы мектептерде орнатылған бейнекамералар департаменттің Жедел басқару орталығына байланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша 172 мектепте 7 014 бейнекамера орнатылған. Облыстық білім басқармасы мен бөлімдердің қызметкерлерімен арнайы топ құрып, мектептерді аралап, бейнекамералар сапасы мен қабілетін, «соқыр» аймақтарды зерделеп, анықтап, 7014 бейнекамераның 4 398-ін, яғни 154 мектепті жедел бақылау орталығы мен кезекші бөлімдерге қостық. Оның 915-нің техникалық талаптарға сәйкессіздігі анықталды. Мектептерге «Дабыл» түймелерін орнатып жатырмыз. 172 мектептің 113-нде «Дабыл» түймесі қосулы. Оқу жылы қарсаңында облыстық екі кезеңнен тұратын «Абайлаңыз балалар», жедел-профилатикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Оның мақсаты – балалар қауіпсіздігі. Ювеналдық полиция инспекторы жол қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. «Құқықтық сауаттылық» бойынша 1 қыркүйектен бастап тергеу қызметкерлері мектептерді аралап, заң аясында өзін-өзі қорғау бойынша ақпарат береді, – деді ол.
Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Халмұрадов жасөспірімдердің есірткіге еліту, пайдалану және тарату мәселесіне тоқталып өтті. Биыл кәмелетке толмағандармен жасаған қылмыстар 112,5 пайызға өскен. Бұған себеп балаларды ата-ана қарауынсыз қалдыру, компьютерлік ойындарға әуестену, құқықтық сауаттылықтың төмендеуі және жасөспірімдердің бос уақытын дұрыс ұйымдастырмауы болуы мүмкін.
«Бұл бағытта есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері мен ювеналды полиция инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, «шар», «мефедрон» секілді химиялық есірткілерді анықтау жұмыстарын жүргізді. Биыл облыс бойынша 234 есірткі қылмысы орын алды. Жалпы бала тәрбиесіне аса мән берілуі тиіс. Отбасыдағы қарым-қатынас пен тәрбиенің бұл тұрғыдан маңызы зор», – деді Амангелді Халмұрадов.