Сапаш! Сапарбайды біз, әсіресе мен осылай атаймын. Біз ағалы-інілі болып көп жылдардан бері қатынасымызды үзген жоқпыз. Көп жылдар болғанда, достығымыз сона-ау студенттік шақтардан басталған. 1975 жылы әскер қатарынан келіп ҚазМУ-дің журналистика факультетінің ІІІ курсына сырттай ауыстым. Бөгде орта, қайнаған студенттік қара қазанға түстім де кеттім. Қыркүйек айында студенттерді ауылшаруашылығы жұмыстарына жібереді екен. Мені де сол жұмысқа жекті.
Бұл жұмыстың бір жақсы жері курстастарыммен етене танысудың сәті туды. Сол кездері мені шетқақпайламай достық құшағына тартқан марқұм Ғалым, Баймұқан, Ілиястарды қалай ұмытайын?! Қазір үш ағам да арамызда жоқ. Оларды еске алғанда жан дүнием құлазып сала береді. Негізінен сен тұр, мен атайын деген жігіттер құрылыс отрядтарына жаз кезінде кетіпті. Осы жұмыстан кәдімгідей олар нәпақа табатын. Күзгі жұмысқа қыздар бөлініпті. Кө-өп, әдемі гүл қыздардың арасында үш-төрт сақа жігіттер жүрдік. Ол да бір қызық дәурен екен ғой.
Ал Сапашпен аудиторияда таныстым. Ол кездері студенттер бірнеше топқа бөлінеді екен. Олардың бір тобы дайындық курсынан, енді бір тобы тікелей емтихан тапсырып түскендер. Сондай-ақ біздің курс екі топқа бөлініпті. Мен екінші топқа ендім. Енді тағы бір екі топ жас жағынан бөлінеді. Өмірді көрген, еңбек етіп, әскерге барып келген тісқаққан аға топ. Ал Сапарбай мектепті бітіре сала түскен ақуыз жастар тобына жатады.
Сапаш, неге екені белгісіз, менің жанымда үйірсектеп жүретін. Шығармашылдық жағынан жақындығымыз бар болатын. Ол өте ақкөңіл, таза күйінде сақталған сом алтындай ақылды жігіт еді. Ашуланса да, қуанса да ол мінезі шынайы түрде жүзеге асатын. Үнемі ой үстінде жүретін. Әлі де өзін, нағыз шығармашылдық жолын таба алмай жүргенін байқайтынмын. Оның шығармашылығы балалар әлемінен қол үзе қоймаған балаң тақырыптарға үйір еді. «Қазақстан пионері» газетіне жиі барып, сол басылымда мақалалары жиі шығатын. Сапаштың сол кездегі келбеті ойымда мынадай болып қалыпты. Бойы сырықтай ұп-ұзын, иығы қушиған арық, мойны ырғайдай, ат жақты, беті сәл-пәл бұжырлау, аққұба келбетті, қара шашы иығын жапқан, танауы аса келте емес Сапарбай жігітіміз қыздарға да онша жұғысты емес. Өзінде бір Сәкен Сейфуллинге еліктейтін кербездік бар. Мойнын бұрғанда да абайлап бұрып, жағасын түзеп әбігер болып қалатын. Күлген кезде жіпсік көздері жұмылып кететін. Әлденеге риза болғанда немесе өзі бір күлкілі әңгіме айтқанда екі қолын сермеп, тістері ақсия мәз болып, шала бүлінетін. Ал бір маңызды жұмысқа бара жатқанда немесе ерекше тапсырма алғанда қоңыр көздері ұшқындап, жымыра тістене маңызданып, әсіресе сәл көзге көрінбес еңкіш денесін тіктеп, ұзын аяқтарын аршындай адымдайтын. Жазу жазғанда басын тым төмен салып, мұрны қағазға тиер-тимес болып барынша үңілетін. Мен оған, оның көздеріне жаным ашып: «Әй, Сапаш! Жазған кезде көп қағазға жақындама! Жанарыңнан айрыласың» деп ескертіп айтсам да ол осы әдетінен арыла алмады.
Ол өте ізденгіш еді. Жазғанын қайта-қайта өшіріп, қайта жазып ұза-ақ отыратын шұқшиып. Жазушылардан еліктейтін тұлғалары да бар-тын. Оралхан Бөкейді көп оқитын. Асқар Сүлейменовтің «Бесатарын» жатқа білетін. Жазуы да сол стильге келетін. Тұңғиық бір стиль. Сөйлемдерін ұзақ қайыратын. Бір жағынан тұп-тұнық сезімге малынған, бір жағынан бояуы қалың, яғни терең ой құшағында жүргендей сезінесің. Оны анау-мынау адамдар түсіне бермейді. Аллам ол адамды бәлкім ерекше жаратқан болуы да мүмкін. Мәселен бәйге аттары өз әлінше шабады, нағыз тұлпарлар суырылып маңдайы жарқырап озып келеді. Жазушылар да солай. Асқар жазушыны, оның шығармаларын Сапаш неге таңдады? Өте қиын стилге неге құлаш ұрды? Әрине, оның жан дүниесі осыны қалаған болу керек. Мұны батылдық деуге де болар. Оралхан, Асқарлардың жаңашыл жазу стилі көп жас жазушыларды өзіне магниттей тартты. Ол үшін сезім иірімдерінің ерекше болумен қатар сөз байлығың да молынан болмаса бәрі бекер. Осы қос байлық пен қазына Сапашта болды.
Сапарбай Парманқұлов журналистика биігіне бірден өрмелеп шықпады. Асықпады, ақтықпады. Жоғарыда айтқанымыздай, алдымен жазуын өзіндік жолға сала білді. Асқар көкесінің стилін көшіріп алмады. Көп уақыт еңбектенді. Ақыры өзін, өзінің жазу стилін тапты. Оның журналистикасы әдебиетпен астасып жатты. Бұл, шынын айтсақ, журналистикадағы өзіндік жаңашылдық еді. Оны біреу білді, біреу білмеді. Ал өзі «мен олай істедім» деп мақтанған емес.
Ол ірі-ірі басылымдарда жұмыс істеді. «Қазақстан пионері», «Жас алаш», т.б. Оның ерекше көрінгені «Дала мен қала» газеті болатын. Осында бас редактор болып келді. Айтпақшы, Сапаштың тағы бір қырын айтпай кетіппіз. Ол мықты, ойлы макетші еді. Міне осы толысқан қасиеттерінің бәрін Сапекең «Дала мен қалаға» жұмсады. Оқылатын басылым жасай білді. Таралым жағынан сол кезде республикалық газеттердің ішінде алдыңғы қатарға шыға білді. Ол жақсы, әмбебап редактор биігіне көтерілді.
Сапарбайдың тағы бір ерекшелігі – Қазақстанда кітап шығаратын тұңғыш баспагер ретінде танылды. Оның шығарған кітаптары дизайны, көркемдігі жағынан ерекшеленіп тұратын. Егерде баспа саласына ол біржола кеткенде онымен теңесетін баспагер кемде-кем болар еді деп ойлаймын. Сапаш жазғандарын, әсіресе қазақтың әулие-әнбиелері, тұлғалары жайлы толғағандарын кітап етіп шығара бастады. Тамаша дүниелер! Оның қияли әлемімен астасқан деректі әңгімелерін қалың жұртшылық іздеп оқыды десем, артық айтқандық емес. Ол – Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі.
Биыл Сапаш бауырым, інім, қазақтың дара қаламгері міне, 70-ке келіп отыр. Меніңше, журналистикада Сапарбай Парманқұловтың шығармашылығына ерекше назар аудару керек деп білемін. Оның өзінше жазу стилін жас журналистерге үйрету керек. Мерейтой құтты болсын, Сапашым! Ең бастысы саған зор денсаулық тілеймін. Сені бір Аллам қолдап, дертіңе ем берсін! Тағы тілейтінім – қолыңнан қаламың түспесін!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ













