«Әйтпесе биліктен сенім кетеді: Абзал Құспан Антикор бастығынан Qazaq stroy әрекетін тексеруді талап етті

«Әйтпесе биліктен сенім кетеді: Абзал Құспан  Антикор бастығынан Qazaq stroy әрекетін тексеруді талап етті

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы

А.Ж.Жұмағалиге

 

                                                                   

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 

Құрметті Асхат Жұмағалиұлы!

 

Менің бүгінгі депуттатық сауалым Алматы қаласына қатысты. Өздеріңізге белгілі еліміздің екінші қаласы – Алматы, экологиялық тұрғыда өте қолайсыз, сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Бірақ, ол жағдайды тек табиғи факторға жауып қоятын болсақ, біз қатты қателесеміз. Қаланың эко-сейсми ахуалының күрделене түсуіне түйені түгімен жұтқан ірі компаниялар мен корпорацияларда өлшеусіз өз үлестерін қосуда. Соның бірі, һәм бірегейі, Алматы қаласындағы бүгінгі таңдағы ең ірі құрылыс компаниясы – «Qazaq stroy» ЖШС болып табылады.

          Осы компания мен жергілікті барлық саладағы билік, құқық қорғау органдарының өзара ауыз жаласқан сыбайлас жемқорлық әрекеттері туралы оқиғалар тізбегін қысқаша түрде баяндап шығайын:

2020 жылы Алматы қаласы бойынша экология департаменті қала тұрғындарының ұжымдық арызы негізінде жүргізген тексеру нәтижесінде «Qazaq stroy» ЖШС құрылыс компаниясының қаланың қақ ортасында 3,6 га жерде құмды-қиыршықтас қоспасын (ПГС) еш рұқсат құжатсыз, заңсыз қазып алып, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өзі салған 128 көпқабатты үйдің құрылысына пайдаланғанын анықтаған.

Оған қоса, құрылыс қалдықтарын жинақтайтын үлкен қоқыс алаңын рұқсатсыз ұйымдастырған. Қала тұрғындары өз өміріне қауіптеніп, түрлі мемлекеттік органдарға, оның ішінде қалалық әкімдікке, прокуратураға, полицияға бірнеше рет арызданған. Бірақ еш нәтижеге жете алмаған. Республикалық деңгейде резонансқа айналған бұл заңбұзушылыққа жергілікті Экология департаменті ғана назар аударып, тексеру нәтижесінде 3,6 млрд.теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығынды анықтаған.

Алайда, 2020 жылдан бері осы резонансты іс төңірегінде сот даулары аяқталар емес. Күні бүгінге дейін заң бұзушы компания тексеру қорытындыларына негізсіз шағымданып, нәтижесінде мемлекет пайдасына шешілген, заңды күшіне енген 25 тен аса сот қаулылары мен шешімдері, оның ішінде Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген 4 қаулысы бола тұра уәкілетті органның қызметтік құзыретке сай әрекеті еш негізсіз Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен қайта қаралып, заң бұзушы компанияны жауапкершіліктен құтқаруға бағытталған астыртын әрекеттер орын алуда.

Соның салдарынан мемлекет пайдасына төленуі тиіс 3,6 млрд.теңге залал әлі күнге дейін өндірілмеген. Негізі заңмен бекітілген жалпы орындау мерзімі 2 ай, бұл жағдайда 2 жылдан асқан шешімді Алматының мемлекеттік сот орындаушылары көрінеу орындамай, керісінше «Qazaq stroy» компаниясын жалған банкрот жасауға жұмыстануда.

          Үш жылға созылған сот процестері кезінде назар аударуды қажет ететін аса маңызды жайттар орын алған. Атап айтқанда, осы іс бойынша сот процестерімен тікелей байланысты 560 000 АҚШ доллары көлеміндегі сыбайлас жемқорлық әрекеті орын алған. Алайда, тергеу огандарының қашанғы әдеті бойынша сол сумманы  «Qazaq stroy»-дың мүддесі үшін Алматылық судьяларға беремін деп алған прокурор Ерлепесов бұрын қызметінен кеткен болып алаяқтығы үшін сотталадыда, ал прокуратура, сот және  іс жүзінде пара беруші «Qazaq stroy» қызметкерлері сүттен ақ, судан таза болып шығады.    

Оған қоса, табиғатқа зиян келтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі 2020 жылдан бері Алматы қаласының полиция департаменті екі рет қысқартып, созбашылыққа салған. Алайда, Алматы қаласының тергеу сотында Экология департаментінің шағымы негізінде полицияның істі қысқарту туралы қаулысы қаралып, заңсыз деп танылған. Осы іске компанияның нақты қатысын дәлелдейтін жеткілікті дәйектер бола тұра жергілікті полиция департаменті істі тергеумен аяқтауға әлі де асығар емес.

Мәселенің түйіні ретінде мына фотоға баршаңыздың назарыңызды аударғым келеді. «Qazaq stroy» ЖШС өзі қазып алған карьерден небәрі 20 метр қашықтықта 10 қабатты тұрғын үй салған. Ол үй еш кедергісіз пайдалануға берілген, қазірде ол үйде 1000-нан аса тұрғындар тіршілік кешуде.

Алматы қаласының сейсмологиялық қаупі мен жауын-шашынның көп түсетін аймақ екендігін ескере отырып, бұл көпқабатты үйді салуға, оны пайдалануға рұқсат қаншалықты заңды берілгендігі жан-жақты тексерілуі керек деп есептеймін.

Енді мына цифрларға назарыңызды аударамын, қазіргі таңда Сіздің атыңызға компанияда қызметте болған бір азаматтың арызы түсті, онда осы компанияның 49,5 млрд теңгенің тендері Алматы қаласы әкімдігімен алдын-ала келісу арқылы алынғаны, 3,5 млрд теңгеге бюджет қаражатын ұрлау, 40 млрд теңгеге салықтан жалтару, одан басқа «Теремки-1», «Теремки-2», «Alma City-2», «Alma City-3», «Alma City-4-1», «Alma City-5-1», «City plus-1», «Heaven», «Terracotta-1», «12 месяцев», «Алем сити-1» ТҮК 9 баллдық жер сілкінісіне қатысты мемлекеттік сараптамадан өткізілмегенін, оған жалған құжаттар жасалғаны айтылған.

«Qazaq stroy» ЖШС-не қатысты бұл жағдайлар туралы менің атыма бір емес, бірнеше арыз-шағымдар түсті, мен өз тарапымнан Республикалық Бас Прокурор, Жоғарғы Сот, Әділет министріне хаттар жолдап, кейбірін бірінші басшыға өз қолыммен арнайы табыс еттім. Бірақ, Алматы қаласындағы жемқорлықтың сірескен сеңін бұл лауазым иелерінің ешқайсысы бұза алмады.   

Қазіргі таңда, антикордың Алматы қаласы бойынша бірінші басшысын ауыстырдыңыз, осыған байланысты Асхат Жұмағалиұлы Сізден Сізден жоғарыда аталған  фактілердің барлығын бір өндіріске біріктіріп, жан-жақты тексеріп, осы компания айналасындағы болып жатқан мына фактілер бойынша;

1. Негізсіз созбашылыққа салынған сот актілері,

2. Мемлекет пайдасына өндірілген 3,6 млрд теңгенің орындалуын 2 жылдан астам уақыт созбашылыққа салып келе жатқан мемлекеттік сот орындаушылары,

3. Алматы қаласы бойынша барлық билік тармақтарымен ауызжаласу фактілері, оның ішінде Алматы қалалық Антиакор қызметкерлерінің осы комнанияға тиесілі ТҮК-нен (ЖК) жеңілдетілген бағамен пәтерлер алу фактілері,

4. Жоғарыда атап өткен миллиардтаған теңгеге бюджет қаражатын талан-таражға салу, салықтан жалтару, мемлекеттік сараптамадан үйлерді жалған құжатпен өткізу бойынша жан-жақты кешенді тексеру ұйымдастырып, тексеру барысы туралы Мәжіліске хабарлауыңызды сұраймын.  

Сөз соңында айтарым, біз Қазақстанды ескі/жаңа деп екіге бөлдік, жемқорлықтың ірісін ескі Қазақстанмен, Назарбаевтың отбасы мүшелерімен байланыстырдықта, Жаңа Қазақстанда жемқорлықсыз әділетті  қоғам орнатамыз дедік.

Ендеше үш жылға созылған, мемлекетке және халыққа қарсы мынадай жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қою үшін, міндетті түрде Президент немесе Президент әкімшілігінен пәрмен күтпей, белсенді әрекетке көшуге шақырамын Сізді.

Әрі-беріден соң ол – Сіздің тікелей заңмен бекітілген қызметтік міндетіңіз!

Олай болмаған жағдайда Президенттің әділетті Қазақстан бастамасы аяқсыз қалып, билік халықтың сенімінен біржола айырылатын болады.  

 

 

Құрметпен, Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің бірмандатты депутаты

А.Т.Құспан

04.10.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 107
ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІСАЙ» КОМАНДАСЫ ТУРНИР КЕСТЕСІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 93
МАҚТААРАЛҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 113

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1246
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7293
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11154
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7354
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7501